Жаңа әліпбиге Өту – ұлттық үлкен нартәуекел
Бүгінгі қазақ қоғамы жаңа әліпбиге көшуге іштей дайын. Азын-аулақ қарсы пікір айтушыларды есептемегенде, қазақ қоғамында латын графикасына көшу туралы қоғамдық келісім, ұлттық мәміле бар. Әсіресе, жас буын арасында.
Қарсылық танытып, қарсы шығушылардың дүйім көпшілігі негізінен совет заманын көріп қалғандар. Олардың өзін бірнеше топқа бөлуге болады. Бірі – қазақ тілінің болашағына, оның мемлекеттік тіл ретінде дамуына алаңдаушылар. Бұлардың уәжін адами тұрғыдан ұғынуға, түсінуге де болады. Себебі, көңілдері мен алаңдаушылықтарының артында қитұрқы дүние немесе басқа мемлекеттің мүддесі тұрған жоқ. Тағы бірі – латын қарпіне қарсы шығу арқылы билікке сес көрсеткісі келеді, осы арқылы, жалпы, өзінің оппозициялық көзқарасын ұғындырып жатады. Қысқасы, бұл олардың билікке сенбеуінің сублимациясы.
Табиғаты қисық-қыңыр, «не айтсам да ауыз өзімдікі» дейтін де ағайындарымыз жоқ емес. «Мықты болсақ, түркі руналарына өтелік!», «Қайтадан араб қарпіне көшелік» деушілерді де өз басым осы топқа жатқызамын. Бұлардан бөлек те бір топ бар. Оларды топтастырып «еуразияшылдар», анығында, «ресейшілдер» деп айтуға толық негіз бар. Бұлардың ойы мен ойыны айдан анық. Мақсаты – қазақты Ресейдің уысынан шығармау, орыс әлемінің ішінде баяғы отарлық ұстында ұстап отыру. Бірі осыған имандай сеніп сөйлейді, екіншісі нақты тапсырыспен, нақты орталықтардың айтағымен мәселе көтереді. Қазаққа басты қауіп осылардан. Қазақы, ұлттық мүддеден туындаған қарсылықты ақылмен, оймен, парасат-пайыммен жеңіп, екіойлы азаматтармен бір мәмілеге келуге болады. Себебі – олармен қанша жерден қырқыссақ та, айтыссақ та, бір мүдде жанынан табыламыз. Рухани азығымыз бір, су ішетін құдығымыз бен өлетін жеріміз бір. Әсірелеп айтсақ, жау шабатын болса, бір окопта жатып бір жаққа қарай оқ атамыз. Себебі, құбыламыз – қазақ, қазақ халқының намысы мен ары, ділі мен тілі. Әрине, қазақты жұмаққа шығару туралы ойларымыз сан алуан, тәсілдеріміз басқа, жолдарымыз бөлек болуы ықтимал. Бұл заңды да. Қоғамның 100 пайыз бір ойда жүруі аса қауіпті үрдіс. Оны кезінде басымыздан өткеріп, соның кесірінен халқымыздың 70 пайызынан айырылып қалған елміз ғой. Содан сақтасын!
Дана халқымыз «Шешінген судан тайынбас» деген ғой. Латын қарпіне өту туралы әңгіме бүгін шыққан жоқ. Бұл туралы әңгімені қазақ ғалымдары, зиялы қауым өкілдері 1990 жылдардың басынан үздіксіз айтып жүр. Саяси талқыға бұл мәселе 2000 жылдардан бері еніп, өзінің орнын тапты. Осы арада жүздеген мақала жазылып, көптеген кітап та шықты. Қоғамда да біраз әңгіме айтылып, талай талқы өтті. Қайталап айтайын, қазақ қоғамы бұған іштей дайын отыр. Мәселе тек осы үрдістің философиясы мен идеологиясын анықтау, әдістемесі мен іске асыру жолдарына тіреліп тұр. Қалай болғанда да мынаны ұғынып алғанымыз дұрыс.
Жаңа әліпбиге өту – ұлттық үлкен нартәуекел. Жаңа әліпбиге көшу ұлы өркениеттік таңдау, бәлкім, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарының ең тағдырлы, ең ғаламат саяси-символикалық таңдауы шығар. Өзінің тереңдігі мен астарынан қарағанда, пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшкеніндей хиджрасы іспеттес дүние. Ұлтымыздың отарсыздану жолындағы Рубиконы. Бұл мәселеге бәріміз тек осындай пафоспен, осындай көзқараспен, философиямен қарағанымыз абзал. Бұл, шындап келсек, қатардағы науқан немесе кезекті үкіметтік «әләуләй» емес. Бастасақ, қайта орала алмайтын, жарты жолдан қайтып кететін той-томалақ емес.
Істеп жатқанымыз ерінгеннің не еріккеннің шаруасы емес
1929 жылғы латын қарпіне өту қазақ тарапынан, қазақтың беткеұстар элитасы тарапынан қарсылық көрген үрдіс болатын. «Большевиктер қазақты неге латын қарпіне көшірді?» деген сұраққа жауап ізделікші.
1926 жылы Қазақстанға басшы болып келген Голощекин «бұл жерде ешқандай өзгеріс болмаған, қазақтар әлі де жаңа режимді қабылдап жатқан жоқ, сондықтан кіші Қазан төңкерісін жасау керек» деп ұран тастағанын баршамыз жақсы білеміз. Себебі, діліне, тіліне, дініне берік қазақ халқы қанқұйлы большевиктік эксперимент ұсынған тәсілдер мен әдістерді қабылдай алмады. Ұлттың иммунитеті, жатқа қарсыласу, қарсы тұру тетіктері мықты болатын. Оны құрту үшін қазақты рухынан, ділінен, дінінен айыру қажет болатын.
Латын қарпіне көшу, айналып келгенде, қазақты діні мен ділінен айырудың құралы ғана болатын. Қазақтар өзіне дейін бабалары жүрегімен қабылдап, санасына сіңірген дінінен айырылсын деген саясат. Бірінші кезеңде қолына қалам ұстаған зиялыны, қазақтың байларын, молдаларын қудалап, атып-асып, итжеккенге айдады. Екінші кезегінде барша халықты «ескі» сауаттан айырып, жаңа «сауатқа» көшірді. Сол үшін де латын қарпін енгізді. Ұлт көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов атамыздың қарсы болғаны да осыдан.
Сондықтан осы жерде бірдеңе демес бұрын, тарихи контекске де бір қарап алсақ деген ұсыныс бар. Оралатынымыз – отар жағдайы, отарлық күй емес. Керісінше, бүгінгі латынға көшу отарлық қалыптан шығу, отарсыздану үшін қолға алынып жатыр. Әсірелеп айтсақ, ашығудың да түр-түрі болады. Мысалы, сізді қамап, тамақ бермей ашықтыруға болады. Немесе сіз денсаулық үшін, арықтау үшін өз еркіңізбен, ырқыңызбен, ғылыми жолмен ашығуыңызға болады. Біріншісі де, екіншісі де – ашығу, қарап тұрсаңыз. Алайда, екеуінің арасы жер мен көктей.
Яғни, ұлтымызға жасалған қастандық кезіндегі латын қарпіне өту мен қазіргі күні жаңа заманға, жаңа дәулетке деген ұмтылыстан, серпілістен туындаған латын қарпіне көшудің жөн-жосығы да, табиғаты да, тәсіл-тәмсілі де бөлек дүние. Біріншісі – ұлтты өлтіру үшін жасалған қандықол эксперимент болса, екіншісі – ұлтты өлтіріп алмау үшін, кезінде жасалған қиянаттан құтқарып қалу үшін жасалып жатқан ем-дом, күрделі хирургиялық ота.
Құдай өзі кешірсін, мен мынадай бір мысал келтірейін. Адам ағзасы жаман ауруға, яғни, обыр ауруына шалдықса, дәрігерлер аса қиын, аса күрделі ем-дом жасауға мәжбүр болады. Химиялық терапия, сәулелік терапия деген сияқты. Адам ағзасы, жаны әбден титықтап қиналады. Бірақ, нәтижесінде сауығып шығады. Біздің ұлт ретіндегі жайымыз да осы. Біз отарлық «жаман ауруға» шалдыққан ұлт екенімізді еш ұмытпайық. Істеп жатқанымыз ерінгеннің не еріккеннің шаруасы емес. Егер ауруымызды жасырмай, оған дұрыс диагноз қойғанымыз рас болса, онда жанымыз бен ағзамызды қинауға тура келеді.
Жаңа әліпби қиындық тудырады, талай адамның қытығына тиеді, жылдар бойы қалыптасқан қалам ұстау, қағаз оқу әдеті мен мәдениетін бұзады. Бұл психологияға да үлкен жүк. Жаңа әліпбиге көз үйретіп, ет пен сүйекке дарытқанға дейін талай замандастарымыз қиналады. Әңгіме де, реніш те, шаршау да болады. Бірақ, осыған шыдап, осыны дұрыс санап, көніп, төзіп, барша қажетті «ем-домды» уақытында жасайтын болсақ, түбі емделіп шығамыз, қан жаңартамыз. Ал егер осымен біттік, енді адам болмаймыз, өлеміз дейтін ұлт болсақ, жанды қинап не бар? Ондай болса кебінімізді киіп, тойымызды тойлап, ештеңені өзгертпей, зират жаққа қарай аяңдай берейік. Бірақ, мұнымыз таза суицид. Ал суицид дегеніңіз – Құдай мен табиғат заңына қарсы шығу, адамзат заңына жасалған қиянат.
Бұл аса күрделі үдеріс
Қолға алып, нартәуекел деп отырған шарамыз еріккеннің ісі емес. Біз латынға амалсыздықтан көшкелі жатырмыз. Бір қалыптан екінші қалыпқа өткіміз келсе, отарлық қалыптан шыққымыз келсе біз осыны атқаруға міндеттіміз. Басқа лажымыз жоқ. Бұл үрдіс өзінің нақты нәтижесін бүгін емес, ертең береді. Біз мұны өзіміз үшін жасап жатқан жоқпыз, келешек ұрпақ үшін жасап жатырмыз.
Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған баладан «өл-тал, ай сайын мың доллар айлық әкел» деп талап етпейміз ғой. Жаңа ғана егілген ағаштан «маған жыл сайын он қап жеміс бер» деп талап ете алмайсың. Айлықты да, жемісті де көру үшін, зейнетін көру үшін әрқайсымыз әлі талай-талай еңбек етіп, аянбай тер төгуіміз қажет. Сол сияқты латын графикасына көшу де өз жемісін болашақта бере бастайды. Отарсыздану дегеніміз, айналып келгенде, ұйықтап тұру немесе тойып тамақ ішу емес. Бұл аса күрделі үдеріс. Ұзақ мерзімді, көп жұмысты талап ететін үдеріс. Латын қарпіне көшу, ауысу, өту, айналып келгенде, осы отарсыздану үдерісінің алтын тәжі. Ұлт жүріп өтуге тиісті үлкен жолдың символикалық белесі, нышаны.
Байқасаңыздар, 1917 жылдан кейін большевиктер орыс тілін мүлдем түрлендіріп жіберді, тіпті жаңа орыс тілін жасақтап шығарды деп айтсақ, артық кетпейміз. Оған барша мәтіндердің жаңарған әліпбимен жазылып, оқытылғанын қоссаңыз, бірнеше жылдың ішінде, басы-аяғы 6-7 жылдың ішінде бір символикалық қоғамның орнына екінші бір, мүлдем бөлек қоғам орнады. Мойындау керек, мұны большевиктердің өзі ойлап тапқан жоқ. Оларға дейін де айтылып-жазылған дүние болатын. Бірақ, патша өкіметі жасауға дәті бармаған, ерік-жігері жетпеген шаруаны большевиктер айналасы бір жылдың ішінде бастап кетті. Большевиктер мұны аз көргендей, орыс тілін латын қарпіне өткіземіз деп те тыраштанған. Халық ағарту наркомы, Луначарский бастаған үлкен топ орыс тілін латын қарпіне өзгерту туралы үлкен реформашыл бастама көтеріп, алғышарттарын да жасаған. Алайда, билікке Сталиннің келуі, оның революциялық идеялардан гөрі имперлік жобаларға жақындығы бұл жобаларды тоқтатып тастады. Егер сол кезде Ресей латын қарпіне өтіп кеткенде әлем тарихы мүлдем басқаша өрбуі ықтимал еді… Есесіне большевиктердің латыншылдық бастамалары басқаша дамып, басқа тарихи арнаға бұрып, басқа тарихи айрықтарға апарды.
Мысалы, сол кездегі түркі мұхтариаттары мен республикалары осы үрдісті жалғастырып алып кетті. Тілдік жоба қашанда, қай елде де мегажоба. Оның ерекшелігі – кез-келген топ ішінен өзіне қажетті, ұтымды тұстарды таба алады. Мысалы, біздегі латын қарпіне өтуді алайық. Голощекин бастаған отаршыл топ латын қарпі арқылы қазақты отарландырамын десе, қазақ ішіндегі латыншыл топтар – осы арқылы ескіліктен құтылып, орыстан оқшауланамыз деп тапты. Сол кездегі зиялы топтың ішінде, алашордашылар ішінде де латынды қолдаушылар болған. Әр топ қарсыластарын алдап соғамыз, осы арқылы ұшпаққа шығамыз деп тырысты. Қазақ мұхтариаты, артынан советтік республикасы осы себепті де 10 жыл ішінде латын қарпіне тез арада өтіп кеткен болатын.
Алайда, тілдік бөліністің қаупін Сталин режимі тез арада ұғынып алды. Онсыз да ділі, тілі бөлек түркі республикалары бара-бара мүлдем оқшауланып, басқа жаққа бұрып кете алатынын ұқты. Сондықтан да 1930 жылдардың орта шенінен бастап, түркілерді латыннан кириллицаға ауыстыруды мықтап қолға алды. 1937-1938 жылдары таяқ тастар, сөз айта алар барша зиялы атылып кеткендіктен, Сталиннің бұл саяси экспериментіне қарсы төтеп берер күш те қалмады.
Латынға көшу ұрпақ үшін жасалып жатыр
Большевиктердің тілдік инновациялық әдістемесін жаңаруға, жаңғыруға аяқ басқан Түркия мен оның көсемі Ататүрік те жақсы түсініп, пайдалана білді. Күні кеше ғана мұсылман әлемін араб қарпі арқылы билеп келген Осман империясының латынға көшуі де оңай болмады. Ататүрік те қулыққа салды, неше түрлі уәж ойлап табуға мәжбүр болды. Соның бірі – Советстандағы түркі дәулеттері мен халықтарынан қол үзіп алмайық, бір рухани-символикалық ортада болайық деген уәж болды.
Шындап келгенде, латын қарпіне көшу идеясын бастаған түріктер емес, әзірбайжандар болатын.
Түркі тілдерін латынға көшіру туралы алғашқы жобаны 1860 жылдары Әзірбайжанның ұлы ағартушысы Мырза Фатали Ахундов жасаған еді. Ол өзінің жобасын османдық Ыстамбұлға апарып, таныстырған да еді. Алайда, оның идеясын ол кезде ешкім ұғына алмаған. Сол Әзірбайжан латынға 1922-23 жылдары көшіп кеткен. Ал қалған түркі елдері мен халықтары осы ағайындардың ізін басып, солардан тәлім алған болатын.
Қысқасы, көптеген елде үлкен модернизациялық жобалар я діни, я тілдік реформалардан басталып жатады. Біздегі жағдай да соған ұқсап тұр. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Ертең барша жұрт – үлкені де, кішісі де бір күнде партаға отырып, өз руханиятын жаңа символикалық кеңістікте жалғастыратын болады. Тағы да қайталап айтайын, латынға көшу біз үшін жасалып жатқан жоқ. Ертеңгі күні балабақшаға, мектепке барып, 10–15 жылдан соң саясат сахнасына келетін ұрпақ үшін жасалып жатыр. Сол ұрпақ латын қарпі арқылы, бір жағынан, кешегі метрополиядан алыстап, заманауи өркениеттік бағытқа қарай ұмтылса ғана жеңе аламыз. Баяғыда Панаманы Торрихос деген президент басқарған екен. Ол АҚШ жаулап алған Панама каналын елдің меншігіне қайтаруды мақсат еткен. Айналасындағылары оған «Президент мырза! Егер сіз каналды қайтарсаңыз, тарихқа енесіз» дейді екен. Сонда Торрихос: «Менің мақсатым тарихқа ену емес, мақсатым – Панама каналының кеңістігіне еніп, ұлт меншігіне айналдыру», – деген екен. Мен осыны сәл өзгертіп былай дер едім: біздің мақсатымыз – әлем қазақ тарихына ену ғана емес, орыс тарихы кеңістігінен шығу. Осы арқылы әлемдік тарихтан, әлемдік кеңістіктен өзімізге лайық орын іздеу.
Біздің буынның мақсаты, қазақ тарихына ену емес, қазақты Ресей тарихы аясынан шығару, қазақты қара түнектен тәуелсіз тарих даңғылына шығару. Мақсат – жаңа келе жатқан тәуелсіздік ұрпағының жолын ашу, тазарту, алдына асфальт болып төселу. Кім жеңді, кім жеңілді деген жеңілтек есептің бізге қажеті жоқ.