ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ИІСІНЕ ЕШТЕҢЕ ЖЕТПЕЙДІ

Бұрын Мәскеуде оқу мәртебе еді ғой. Тәуелсіз ел болғалы есігіміз әлемге ашылды. Кембридж, Оксфорд дегендер құр қиял емес енді. Қазақстанның жетістіктері мен мүмкіндіктерінің символына айналған «Болашақ» бағдарламасы талай жастың қиялына қанат бітірді. Шетте оқып келген біраз адам бүгінде тәуір қызметте. Екі жыл бұрын халықаралық стипендияға ілігіп, Америка асқан сырбойылық Айжан Жұматаева да елге қайтуға асығып жүр. «Білімімді, тәжірибемді дәлелдесем» дейді ол. 

– Айжан, сыртта жүргеніңе қанша болды? Елді сағынғанда ең бірінші есіңе не түседі?

– Екі жылдан бері осындамын. 2014 жылы 26 желтоқсанда халықаралық «Болашақ» стипендиясы иегерлерінің тізімі шықты. Соның ішінен өзімді тапқанда қуанғанымды көрсеңіз. Сөйтіп, 2015 жылдың маусым айында осында аяғым тиді. Бір жыл бойы Иллинойс штатының Урбана Шампейн қаласындағы Иллинойс уни­­верситетінде тілдік курстарға қатысып жүрдім. Бір жағынан бұл магистратураға түсуге дайын­дық есебінде болды. Қазір Колумбия университетінде білім алып жатырмын. Бастапқыда Амери­каның өмір салтына үйре­нісіп кету қиынға соққаны рас. Өйткені менталитет бөлек. Бізге таңсық дүниелер бұл жақта қалыпты, керісінше, мұнда көзге оғаш көрінетін жағдай біз үшін үйреншікті дегендей. Ал елді сағынғанда ойыма ең бірінші қазақ тағамы түседі. Жыл­қының етін жейтінімізге аме­ри­калықтар қатты таңғалады. Сорпа, ағарған, құрт-ірімшік... Түһ, сағынып кеттім ғой! Отбасыммен бірге отырып тамақ ішпегелі де көп болыпты. Мұнда оқимын, карьера жасаймын деген жанға мүмкіндік жетеді. Табиғаты да тамаша. Бірақ бәрібір қазақ дала­сының топырағының иісіне еш­теңе жетпейді екен.

– АҚШ-та оқудың артық­шы­лығы неде? Қазақстандағы білім жүйесімен салыстырып, аражігін ажыратып берсең, дұрыс болар еді...

– Мен Қызылордадағы №2 орта мектептің түлегімін, қазір оны «Мұрагер» деп жүр. Кіл «беске» оқыдым. Алайда, оқуға түсерде үздік аттес­татымды ақтай алмай, мемлекеттік гранттан қағылдым. Алматыдағы «Тұран» уни­вер­ситетінде оқыдым. Білім сапасына еш көңілім толған жоқ. Оқу өте жеңіл болды, содан келіп ағылшыншам ақсады. 3-курстан бастап жұмысты қоса атқардым. Сол кезде «кітаптан бас алмайтын жағдай туса ғой» деп армандайтын едім. Мен не нәрсенің де қиын­дық­пен келгенін қалаймын. Алматыдан Қызылордаға оралып, облыстық телеарнаның архив бөліміне жұмысқа орналас­тым. «Журналис­тиканы бітіріп, бұл жерде не істеп жүрмін?» деп те ойладым. Осындағы кәсіби журналис­терден көп нәрсе үйрендім. Айтайын дегенім, көңіл толмаушылық мені мұхиттың арғы жағына жетелеп апарды. Мұнда күніне бір жарым сағаттан бір ғана сабақ болады. Есесіне, үй жұмысын үйіп-төгіп береді. Тайм-менеджмент өте маңызды, уақыт ысырапшылдығы деген жоқ. Мұғалімдер төбеңнен төпелеп отырмайды. Оқисың ба, өзің үшін.

– Бос уақытта не істейсің? Қазақтармен кездескенде қай тілде сөйлесесіңдер?

– Түсуін түсіп алып, «әрі қарай не болады?» деп, бірінші семестрде қатты қорықтым. Бүкіл уақытымды жатпай-тұрмай оқуға жұмсадым. Иллинойс «ә» дегеннен көңіліме жақпады. Нью-Йоркке келгенде басқа әлемге түскендей болдым. Мұнда ағылшын тілін үйрену қиын. Өйткені неше түрлі ұлттың өкілдері тұрады. «Болашақ» стипендиясын алғандықтан жақсы оқуды, ата-анаңды, олардың кепілдікке қымбат мүлік қойғанын ойлайсың. Содан бос уақыт бола бермейді. Әсіресе, сессияның кезінде Нью-Йорк кітапханаларынан бос орын таппайсың. Қазақстанда да осындай күн туса ғой деп армандаймын. Сабақтан тыс уақытта жаттығу залына барамын. Университеттерде мұның бәрі тегін. Нью-Йоркте қазақ көп. Оқитындар мен жұмыс істейтіндердің өз алдына бір-бір қауымдастығы бар. Кездесіп тұрамыз. Қанша жерден ағылшынша төгіліп тұрса да, қазақ пен қазақ кездескенде қазақ тілінде сөйлеседі.

– Өзің тұрып жатқан жердің табиғаты, табиғатынан бұрын адамдары қандай? Біз ойлаған жақсы өмір бар ма екен Америкада?

– Америкалықтарға Құдай табиғатты аямай берген. Және бұлар соны аялап ұстайды. Өздерінде зауыт, өндіріс ошақтарын салмайды, бәрін Қытайға «апарып» қойған. Адамдары әрдайым жымиып жүреді. Жұмысқа келдің екен, жеке басыңның проблемасын үйіңде «қалдырып» кетуге тиіссің. Клиентпен де бірыңғай осындай қарым-қатынас. Сұрағыңа мұқият жауап береді. Адам жатырқамайды. Бәрін білгісі, бәрін көргісі келіп тұрады. Кез келген нәрсеге қызығушылық танытады. Әркім қалаған ісімен айналысады және басқалар оған құрметпен қарайды.

– Отбасылық, адами құнды­лық­тар қалай бағаланады ол жақта? Не нәрседен үлгі алуға болады?

– «Болашақ» бағдарла­ма­сы­ның бакалавр үшін жа­был­ға­нына қуандым. Неге десеңіз, адам бұғанасы қатпаған, буыны бекімеген кезде жақсы-жаманды айырып жатпайды, тез сіңіріп алады. Орнықты көзқарасымыз болған соң бізді өзгерту оңай емес. Америкада да отбасы құндылығы маңызды. Бірақ алдымен әркім өзін-өзі дамытуға ерекше ден қояды. Білім алады, тұрмыстық жағдайын түзейді. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өткізіп алады. Жас кезінде үйленетін жағдайлар өте сирек кездеседі. Оған бола ешкім бетін шымшымайды. Феминизм жақсы жолға қойылған. Әйелдер ер адамдармен бір деңгейде өмір сүруге ұмтылады. Бұлардың қазақтар сияқты от басы, ошақ қасынан шықпай, бала тәрбиесімен ғана айналысқанын көрмеппін.

– Шет елде оқығысы келетін жастарға кеңес айтшы...

– Жалқаулықты ысырып қойсаң, армандай білсең, арманыңды мақсатқа айналдыра білсең, өзі-ақ келеді. Тек еңбектену керек. Бос уақыт болмасын. Бәрі бірден бола қоймайды. Сондықтан ақырына дейін шыдап, күту керек. Жарты жолдан қолды бір сілтесең, құр тыраштанған болып шығасың.

– Бұрын «Мәскеу көрген» деген статус болушы еді. Сол сияқты Америка көрген қазақ қызының ендігі арманы не?

– Оқуды бітіріп, есен-сау елге қайту. Абыроймен жұмыс істеу. Қыз балаға карьера қол емес. Барлығы сияқты отбасын құрғым келеді. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелесем деймін.

– Айжан, рахмет! Елге аман-есен оралып, пайдаңды тигізуіңе тілектеспін. 

Сұхбаттасқан:

Назерке САНИЯЗОВА.

Cұхбат 27 шілде 2017 г. 1 490 0