«МЕН – ҚАЗАҚ КЕЛІНІМІН»

Жерлесіміз Марина Вольнованы Олимпиада тарихында 2012 жылы бірінші рет ұйымдастырылған әйелдер ­боксында қола жүлдені жеңіп алған алғашқы қазақстандық спортшы ретінде мақтанышпен айтамыз6 жасынан ­бастап спортпен айналысқан ол осылайша ел сенімін ақтады. Орыс қызы – бүгінде қазақ отбасының келіні. ­Астанада тұрып жатқан Маринамен телефон арқылы тілдестік.

Марина Вольнова, 

боксшы, Қазақстанға еңбегі сіңген 

спорт шебері:

 

– Қазір қайдасызнемен шұғылданып жүрсіз?

– Инчхондағы Азиада ойындарынан кейін Қажымұқан есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Өзі – Арқалық қаласынан, әскери адам. Университетте оқып жүргенде танысып, жақын араластық. Ақырында өмірлік серігі болуға ұсыныс жасады. Әйел адам үшін отбасы ең бірінші кезекте тұруы тиіс деп ойлаймын. Қазір Астанада тіршілік етіп жатырмыз. Үй шаруасындамын, балаларымды тәрбиелеп, жолдасымның бабын жасауға уақыт бөлемін. Қазақ азаматымен өмірімді байланыстыру арқылы бақытымды таптым.

– Қазаққа жар, келін болған қалай екен? 

– Өзім қазағы көп өңірден, оның ішінде Қазалы ауданында туып-өскенмін. Сондықтан қазаққа келін болу, жар болу аса қиын тие қойған жоқ. Жаңа ортаға тез сіңісіп кеттім.

– Күйеуіңіздің туыстары орыспен құда болатынын қалай қабылдады? Той біз жақтың үлгісімен өткен шығар...

– Туысқандары тарапынан ашқандай қарсылық болмады. Қайта барлығы менi өздерінің қызы ретінде жылы қабылдады. Үйлену тойымыз, әлбетте, қазактың әдет-ғұрпына сай өттi. Құда­лық, сырға салу сияқты дәстүрлерді аттап кеткеніміз жоқ.

– Қазақтың ұлттық дәстүрлерін қаншалықты білесіз және ұстанасыз? 

– Толық білемін дегенім дұрыс болмас. Бірақ тұрмыс-тіршілікте қажетті, маңызды деген дәстүрлерді сақтаймын және ұстанамын. Мысалы, әр жұма сайын жеті шелпек пісіріп, көршілерге таратамын.

– Орамал тағып, сәлем саласыз ба? Борщ пен ет тамақтың қайсысын сүйсініп жейсіз?

– Әрине, орамал тағып, үлкендерге сәлем салу әдетіме айналған. Жаңа өмірдің, жаңа үйдің табалдырығын аттаған сәттен бастап келінге үлкен жауапкершілік артылады. Қайын­жұрттың қамын жасап, сол үйдің отымен кіріп, күлімен шыққанда ғана бақытты бола аласың. Өкінішке қарай, күйеуiм­нiң әкесi дүниеден қайтқан. Үйінің жалғыз ұлы. Енем – жақсы кісі, оны «мама» деймін. Бәріміз ет тамақты өте жақсы көреміз.

– Білесіз, бізде тұңғыш баланы әже мен атаның «меншігіне өткізетін» дәстүр бар. Бұл жағы қалай болды?

– Бірінші бала шаңырақ көтеріп, дүниеге сәби келгенде ата-әжесінің алғашқы немересін бауырына салатын дәстүр барын бiлемін. Өйткені ата мен әже – қазақы тәрбиенің бастауы. Орыс мектебінде оқығаныммен қазақтармен жиі араластық, сондықтан «шалдың баласы» деген тіркес құлағымызға әбден сіңіп қалыпты. Дегенмен, бiз балаларымызды өзiмiз бағып жатырмыз. Әзірге отбасымызда Темiржан мен Даниял деген екі батыр көз қуанышымыз болып ержетіп келеді. Үлкен баламның атын – енем, екiншiсiнің атын төркінім қойды.

– Кітап оқығанды жақсы көреді екенсіз. Қандай ақын-жазушылар ұнайды?

– Ақын-жазушылардың iшiнде қазақтың бостан­дығы үшін күрескен Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтардың шығармашылығын жоғары бағалаймын.

– Қазақтың қандай қанатты сөзі сізге қанат бітіреді?

– «Отан отбасынан басталады» деген сөз менi қанат­тандырады. Өйткені отбасы – әркімнің шағын Отаны. Әсіресе, әйел адамның орны – от басы, ошақ қасында. Ал ­карьера, тағы басқасы – қосымша қажеттіліктер ғана.

– Рингтегі тәсілдер өмірде қаншалықты керек? Күйеуіңіз үйленбей тұрып боксшы қызбен араласып жүргенін білді ме?

– Рингтегi менің «жеңiске жетем» деген талпынысым маған әрдайым рух бередi, күш сыйлайды. Ал былайғы өмірде біреу-міреу тиісіп көрген емес, сондықтан бокстың әдіс-тәсілін пайдаланып, қорғанудың қажеті болмапты. Күйеуім боксшы екенімді қыз бен жігіт боп араласып жүргенімде-ақ білген. Ол да кезiнде бокспен айналысқан.

– Алдағы уақытта сізді спорт аренасынан көре аламыз ба? Өз алдыңызға бокс мектебін ашуға қалай қарайсыз?

– Бәрi де мүмкiн, бiрақ қазiр мен үшін бiрiншi орында менiң жанұям тұр. Спортқа қайта оралатын-оралмайтынымды уақыт көрсетедi. Егер үкiмет тарапынан көмек көрсетiлсе, бокс мектебiн ашуға, ізбасарлар тәрбиелеуге дайынмын.

– Рахмет! 

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА.

Cұхбат 27 шілде 2017 г. 1 360 0