Президент ұсынысын бірауыздан қолдады

Өткен сенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қызылорда облысының әкімі болып, Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова тағайындалды. Аймақтың жаңа басшысын облыс активіне ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов таныстырды. 

Облыс активімен бол­ған басқосудың алдында Е.Қошанов облыстық мәсли­хат­тың кезектен тыс сессиясына қатысып, облыстық мәслихат депутаттарына  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбдіқалықова Гүлшара Науша­қызын облыс әкімі лауазымына та­ға­йындауға келісімін беру туралы ұсынысын жеткізді.

Облыстық мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны бірауыздан қолдады. Жаңа әкімнің республикалық және өңірлік деңгейдегі жұмыс тәжірибесін атап өткен Ерлан Қошанов Г.Әбдіқалықованың жаңа қызметіне табыс тіледі.

Жиында сөз алған Гүлшара Наушақызы өзіне артылған сенім жолында аянбай қызмет ететінін жеткізді.

– Мемлекет басшысы, Пре­зи­дентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мені Қы­зыл­орда облысы әкімі лауа­зымына сенім артып, тағайындап отыр. Сол сенімге үлкен рахмет дегім келеді. Қазіргі жағ­дайда барлығымыз бірігіп, Қызылорда облысының әлеу­меттік-экономикалық да­муы­на, халықтың әл-ауқа­тының көтерілуіне үлкен үлес қосамыз деп сенемін. Мен үшін бұл бірінші мақсат. Егер де облыс­тың экономикасын, өңір хал­қының тұрмыс жағдайының жақсаруына сіздермен бірге үле­сімді қоссам, онда өзімді шын жүректен бақытты жанмын деп ойлаймын, – деді облыстың жаңа басшысы.


«СБ» ақпарат.

Саясат 31 наурыз 2020 г. 1 389 0