Екіжақты байланыс нығая береді

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдады. Мемлекет басшысы америкалық дипломатқа ілтипат білдіріп, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезден бастап екіжақты ықпалдастықты дамытуда мол табысқа қол жеткізілгенін атап өтті.

– Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның тәуел­сіз­дігін ал­ғашқылардың бірі болып мойын­даған ел. Біз бұл тарихи фактіні үнемі есі­мізде ұстаймыз. Мемлекеттер арасында көптеген бағыт бо­йынша, оның ішінде, ядро­лық қаруды таратпау, ха­лық­ара­лық терроризммен күрес және экономикалық ынты­мақ­тастық секілді салалар­да тығыз қарым-қатынас ор­на­ған. Сонымен қатар өзара ық­палдастығымызды одан әрі дамыту мақсатында пайдалануға болатын әлеуетіміз де бар, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сес­сиясы кезінде АҚШ Пре­зи­денті Дональд Трамппен кез­дес­кенін атап өтіп, Америка көшбасшысына өзінің сәлемін жолдады. Сондай-ақ Қазақстан Президенті америкалық әріп­те­сімен әлемнің кез келген же­рінде кездесуге дайын екенін, дегенмен, бұл жүздесудің Қазақ­станда өткенін жөн санайтынын айтты.

Тараптар барлық бағыт бойынша, оның ішінде сауда, инвестиция, IT-техно­ло­гия, демо­кратиялық құнды­лық­тарды іл­ге­рілету және халық­­аралық тер­ро­ризмге қар­сы іс-қимыл сала­ларындағы екіжақты байланыстарды те­рең­­детудің маңыз­­дылығын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақ­станда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл лауа­зымын ашуға ниетті екенімізді айтты.

АҚШ-тың сыртқы саяси ведомст­восының басшысы Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын айтып, екі елдің экономика, халықаралық бейбіт­шілік пен тұрақтылықты сақ­тау бағыттарында дәстүрлі әрі сенімді серіктестік қалып­тасқанын жеткізді.

– Біздің экономикалық байла­ныс­тарымыз өте жақсы. Екі ел арасында тікелей әуе қаты­насын ашу мүмкіндігі қарас­тырылуда. Энергетикалық ба­ғыт­тағы ынтымақтастықтан бөлек, басқа да салалардағы байланыстарды өркендету үшін әлеуетіміз зор. Президент Дональд Трамп сізге сәлем жолдады. Бүгін осында өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын, – деді Майкл Помпео.

Америкалық дипломат Қазақ­станның «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын қайтарып алғанын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, оның экономикасы мен адами әлеуетін күшейтуге қосқан үлесіне тоқталды.

Майкл Помпео елімізде қолға алынған саяси реформалар жайында да жылы пікірін айтып, оның іске асуына сәттілік тіледі.

Сонымен қатар тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәсе­лелерді талқылады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Американың Орталық Азияға қатысты жаңа Стратегиясының негізгі ережелері туралы мә­лімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Майкл Помпео Әуе қатынастары туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын құптады. Аталған құжат «ашық аспан» қағидаттарына жа­уап береді, сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ арасында тұрақты әрі тікелей әуе рейсін ашу үшін құқықтық негіз қалады.

Саясат 04 ақпан 2020 г. 2 179 0