Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі зор. Мұны әлем де, отандастарымыз да әлдеқашан мойындаған. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде барлық сектор бойынша Қазақстан әлемде азуын айға білеген мемлекеттермен қатарласты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылған ірі стратегиялық жобалардың бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры жобасы. Ұзындығы 1000 шақырымнан асатын құбыр Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстарын кесіп өтіп, ұлан- байтақ атыраптың оңтүстік өңірлерін газдандыруды мақсат етті. Бүгінде аталған жобаның шарапатын көріп, көгілдір отын көңілдерін жылытқан қаншама отбасы алғысын білдіруде. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының өзі Елбасының бастамасымен қолға алынды. Бұл күнде сол дәліз жолдың бойында түрлі сервистік қызмет көрсету нысандары ашылып, бірі кәсібін жандандырса, бірі тұрақты жұмысқа қол жеткізді.
Өзім газ саласының ардагері болғандықтан, осындай өрелі істердің басы-қасында болдық. Жұртшылықтың көз қуанышына айналған жобалардың куәсіміз. Тұғыры биік туған елдің өсіп-өркендеуі жолында тер төккен тұлғаның елге сіңірген еңбегі ерен. Халқымызды осындай жетістіктерге жеткізгені үшін Елбасына алғыс білдіремін. Меніңше, тұтас мемлекеттің дамуына атсалысқан жанның есімімен бір қаланың атын атау жарасымды. Елдік пен ерліктің, асқақтық пен биіктіктің нышанындай Сарыарқа төсіндегі самалды өлкенің негізін қалаған да өзі болатын.
Ол – түркі әлеміне ортақ «Мәңгілік ел» идеясын ұсына отырып, мемлекет дамуының стратегиялық жоспарын жасаған қайраткер. Тәуелсіздік жылдарында қабылданған саяси шешімдердің маңызын түсініп, барынша сергектік танытқан Елбасының көрегенділігі жайлы дәлелдер өте көп. Сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегін мақтанышпен айтуымыз керек.
Саттар ПІКІРБЕКОВ,
ҚР газ саласы ардагерлер кеңесі Қызылорда филиалының директоры.