Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүр. Елбасы кеше Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаевтың Абу-Дабиге келуінің тағы бір себебі бар. Қазақстан Президентін Абу-Дабиде бүгін ашылатын Дүниежүзілік Арнайы олимпиада ойындарының құрметті қонағы болуға Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян арнайы шақырған болатын. Кездесу барысында тараптар экономикалық байланыстар жөнінде әңгімелесті. Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы барлық саладағы ынтымақтастық көңілден шығады», – деді. Алыс-беріс баяу емес. Өткен жылы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 486,9 млн долларға жеткен. Қазір Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 240 бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өз кезегінде Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян шақыруын қабыл алған Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, конфессияаралық келісім орнату ісіндегі Қазақстанның рөліне ерекше тоқталды. «Біз Қазақстанды үлгі тұтып, 2019 жылды толеранттылық жылы деп жарияладық», – деді Абу-Дабидің тақ мұрагері. Қазақстанның бітімгерлік қасиеті туралы бұл күні әлемдегі алты алып мешіттің бірі шейх Заид мешітінде де айтылды. Абу-Даби қаласындағы ең көрікті жерлердің бірін аралап көрген Елбасы осы елдің негізін қалаушы әрі тұңғыш Президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның рухына тағзым етті. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев мешіт ғимаратының архитектуралық ерекшелігімен танысып, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Айта өткен жөн, бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылдағы алғашқы шетелдік сапары. Бүгін Мемлекет басшысы Дүниежүзілік Арнайы Олимпиаданың ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысады. Таяу Шығыста тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған спорттық шараға қазақстандық құрама да қатысады.
Дереккөз:
24.kz