Елбасы Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялауға байланысты мәлімдеме жасады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Сириядан Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша гуманитарлық операцияға байланысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
"Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды.
Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды. Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілді. Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді.
Қазақстан өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсетеді. Біздің негізгі міндетіміз - еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз", -делінген мәлімдемеде.
Саясат 09 қаңтар 2019 г. 1 876 0