Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынды

Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитінің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Біріншіден, Халықаралық Аралды құтқару қорының қолданыстағы институттары негізінде Қордың ұйымдық құрылымдары мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру қажет. Бұл ХАҚҚ жұмысының сапасын арттыруға, оның әлеуетін нығайтып, ұйымның заманауи тегеуіріндерге бейімделуіне мүмкіндік береді. Екіншіден, Арал теңізі бассейні су ресурстарын басқару, бөлу, есепке алу және мониторингілеу  жүйелерін автоматтандыратын уақыт жетті. Бұл елдердің суды пайдалану ашықтығын қамтамасыз етіп, өзара сенімді нығайтады», - деді Қазақстан Президенті. Үшіншіден, Мемлекет басшысы Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасы аясында өңірлік жобаларды жүзеге асыруға басымдық беру қажеттігін айтты. Мұндай әдіс Орталық Азия елдері қабылдайтын шаралардың нәтижелілігін айтарлықтай арттырып, ынтымақтастыққа тиімділік беретін болады. «Төртіншіден, қазіргі жағдайда Орталық Азияның халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру мәселесіне оралу маңызды. Оны құру трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану барысында ирригация мен гидроэнергетика арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бесіншіден, ХАҚҚ Атқару комитетін біздің елдеріміздің бірінде тұрақты қоныстандыру мәселесін қарастыру қажет. Бұл қызметінің тиімділігіне оң әсерін тигізеді, төрағалық етуші тарап ауысқан кезде оны қоныс аударуы барысында жұмыстардың тежелуіне жол бермейді», - деді Мемлекет басшысы.  

 Фото: www.akorda.kz

Марлан Жиембай


Саясат 24 тамыз 2018 г. 1 289 0