Қазақстан 2019 жылы БҰҰ туралы алғашқы ұлттық шолуын ұсынады

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-дағы Тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгейдегі саяси форумда Қазақстанның мүддесін білдіріп, біруақытта Тұрақты даму мақсаттарын имплементациялау арқылы Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі іс-шараға қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Өз сөзінде Е. Ашықбаев Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру процесіне ұлттық, сондай-ақ халықаралық деңгейде берілгендігі туралы айтып, қауіпсіздік пен тұрақты даму мәселелері арасындағы өзара байланыстың маңыздылығын атап өтті. Қазақстан 2019 жылы тұрақты даму саласында 17 мақсатты іске асыру жөніндегі бірінші ерікті ұлттық баяндамамен сөз сөйлеуге ниет білдіруде.

«Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру ісінде ұлттық деңгейде қол жеткізілген жетістіктердің барлығын сақтау және ұлттық ерікті шолулардың бірінші циклі аяқталғаннан кейін олардың имплементациясын Орталық Азия елдері арасындағы тығыз өңірлік өзара іс-қимыл жасау арқылы жалғастыру маңызды», – деп атап өтті Е. Ашықбаев.

Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Розмари Ди Карломен кездесу өткізіп, оған ағымдағы жылғы 5 қыркүйекте Астанада өтетін Ауғанстандағы әйелдердің құқықтар мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі халықаралық конференцияға шақыртуды табыстады. Тараптар жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын, соның ішінде Ауғанстандағы жағдайды шешу бойынша қазақстандық тараптың күш-жігерін, сондай-ақ толығымен Орталық Азиядағы жағдайды талқылады.

БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Лю Чжэньминмен кездесуде әңгімелесудің басты тақырыбы, БҰҰ құрылымдары қатысуымен Орталық Азия елдеріндегі және Ауғанстандағы аймақтық ынтымақтастықтың жаңа серпінін беру болды.

Орталық Азия бойынша сайд-ивентте БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Джихан Султаноглу, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Петер Буриан, БҰҰ Еуропа экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттері мен іс-шараның бірлескен орындаушысы ретінде Словакияның лауазымды өкілдері қатысты.

Айта кетейік, «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы күн тәртібі» деп, ресми танылған тұрақты даму мақсаттары – 2015 жылдың соңында мыңжылдықтың Даму мақсаттарын ауыстырған, болашақ халықаралық ынтымақтастыққа арналған мақсаттардың жиынтығы. Осы мақсаттарға 2015 жылдан 2030 жылға дейін қол жеткізу жоспарлануда. «Біздің әлемді қайта құру: 2030 жылға дейінгі кезеңге тұрақты даму саласындағы күн тәртібі» атты қорытынды құжат 17 жаһандық мақсаттан және 169 тиісті міндеттен құралған.


Саясат 25 шілде 2018 г. 1 035 0