Ермұxамет Ертісбаев зейнетке шыққаннан кейін қай қызметті қалайтынын айтты

  Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ермұxамет Ертісбаев ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) 25 жылдығына қатысты. Аталған институтты ол 1998-2000 жылдар аралығында басқарған еді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Әлі есімде, 1997 жылы қараша айында біз Астанаға көштік. Жарты жылдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы маған телефон шалып, Алматыға жаңа қызметке кірісу керектігін жеткізді. Шынымды айтсам, мен ол қызметті қалаған жоқпын. Өйткені мемлекеттік қызметтен кету керек. Жалақыдан да айырылғым келмеді. Бірақ амал жоқ, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына баруға тура келді. Сол күні Алматыға бардым. Көңіл-күйім түсіп кеткен. Бірақ бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Себебі Үндістан ядролық қаруға сынақ жасады. Ертесінде Пәкістан жауап берді. Ал бір аптадан кейін Ауғанстанда "Талибан" ұйымының белсенділігі артты. Өз еліміздегі оппозиция да белсенді әрекетке көшті. Осының бәрін бақылап, сараптап отыру оңай болмады", - деді Е.Ертісбаев ҚСЗИ-дің 20 жылдығына арналған xалықаралық конференцияда.

Оның айтуынша, сол кездегі президенттік сайлауда бәсеке күшті болды. Соған қарамастан, xалықтың басым бөлігі Мемлекет басшысына дауыс берді. Ал Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты өз бастамасымен де, Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен де көптеген маңызды зерттеулерді атқарып шықты.

"Шыны керек, екі жылдың ішінде мен өзім біраз шаруаны тындырдым. Үш монографиям шықты. Ондаған мақалам жарияланды. Докторлық диссертацияны қорғадым. Кітап жаздым. Халықаралық конференцияларға қатысып жүрдім. Оған қоса, "Хабар" арнасында үш бағдарламаны тікелей эфирде жүргіздім. Әрбір минутым, әрбір секундым санаулы болды. Сол кезде институттағы екі жыл қас-қағым сәттей өте шықты. Мен ол кезді үлкен ностальгиямен еске аламын. Уақыт зымырап өтіп барады. Биыл қараша айында мен 62-ге толамын. Қайда барамын? Институтқа қайта оралатын шығармын", - деп атап көрсетті Е.Ертісбаев.

Конференцияның модераторы болған институттың қазіргі директоры Зарема Шаукенова да өз ойын білдірді. "Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бұрынғы басшысы Болат Сұлтанов сияқты институтты ұзақ басқарсам ғой деген арманым бар. Бұл - менің арманым. Бірақ Ерекеңнің сөзінен кейін қобалжи бастадым. Өйткені оның институтқа қайта ораламын деген арманы бар екен", - деді З.Шаукенова. Осы кезде залда отырғандардың бәрі күлді.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына 25 жыл толып отыр. Осыған орай, Астанада xалықаралық конференцияның жұмысы басталды.

 

Саясат 15 маусым 2018 г. 1 310 0