« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қазақстандықтарға арнап үндеу жолдады. Үндеу мәтіні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті отандастар! Біз бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін атап өтеміз. Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек. 1917 жылы болған Қазан саяси революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргізген ауыл шаруашылығын жедел ұжымдастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволюциялық дамуын күрт үзді. Соның салдарынан халқымыз бүкіл әлем тарихында сирек болатын алапат демографиялық шығынға ұшырады. 1929-1933 жылдары 2 миллионға жуық адам қаза болып, тағы миллиондай адам жан сауғалап, елден босып кетті», - деді Елбасы.
Президент атап өткендей, бұдан кейін саяси репрессия басталып, ол қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты.
«Саяси себеппен 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді. Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, онда сотталғандар мен олардың отбасылары адам төзгісіз қиын жағдайда күн кешті. Қуғын-сүргіннің зобалаңын қазақтар ғана емес, Қазақстанға еріксіз, күшпен жер аударылып келген 1,5 миллион өзге этнос өкілдері де көрді. Қазақ халқының жанашырлығы мен көмегінің арқасында олар жан сақтап, аман қалды. Мұның бәрі - «коммунизмнің жарқын болашағы» атты жалаң ұранмен жасалған қасіретті тәжірибенің салдары. Эволюциялық дамудың орнын революция басқанда, осылай болады. Еліміздің әр қиырында бой көтеріп жатқан «Қазақ халқына мың алғыс» монументтері - қазақ жерінен пана тапқан сан түрлі халықтардың шынайы ризашылық көңілінің көрінісі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Қатыгездікке бой алдырған жоқ, сан ғасырлық даналығын да жоғалтпады.
«Бірақ, еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына - Тәуелсіздікті бағалап, сақтай біледі. Тарихымыздың осы ащы тағылымы оны Қазақстанның қазіргі ұрпағының жадына тоқып, зердесіне түйе білуімен құнды болмақ. Сондықтан Қазақстандағы әлеуметтік бірлік пен ұлтаралық келісім, елдің тұрақты экономикасы мен биік халықаралық абырой-беделі халқымызды ХХ ғасырда бастан кешкен зобалаңдардан сақтай білетін сенімді кепіл болып саналады. Өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді бағалай білуге тиіспіз», - деді Елбасы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |