СЕНІМ – ЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕРЛІК ДІҢГЕГІ

Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елшілерден сенім гра­мо­таларын қабылдады.
Рәсім барысында Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаевқа Ресей Феде­рациясының Төтенше және өкілетті елшісі, Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі, Түркіменстанның Төтен­ше және өкілетті елшісі және Италия Республикасының Төтенше және өкілетті ел­шісі сенім грамотасын тапсырды.
Мемлекет      басшысы  рәсімге   қатысу­шы­ларды  Қазақстандағы дипломатиялық мис­сия­ла­рының басталуымен құттықтап, олар­дың қызметтері мемлекетаралық қарым-қаты­­настарды дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Сіздердің дипломатиялық қызметтеріңіз еліміз үшін мазмұнды әрі маңызды оқиғаларға толы кезеңде басталғалы тұр. Қазақстан ширек ғасыр ішінде демократиялық жүйесі орныққан, азаматтық қоғамы кемелденген, экономикасы дамыған мемлекетке айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті елімізде халық­аралық байланыстарды нығайтуға бағыт­талған көпжақты сыртқы саясат жалғаса бере­тінін атап өтті.
– Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті ха­лық­­аралық құқық негізінде нығайтуды көз­дейтін іс-әрекеттерді қолдаймыз. Бұған Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде атқарып келе жатқан қызметі дәлел, – деді Мемлекет бас­шысы.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бітім­гершілік жұмыстарға белсенді атсалысып отырғанына назар аударып, Сириядағы қақты­ғыстарды реттеу ісінде Астана процесінің айрықша рөл атқаратынын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сияқты халықаралық ұйымдар аясында бірлесе іс-қимыл жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне тоқталып, Қазақстанда инвестиция тарту үшін қалып­тасқан мүмкіндіктер жөнінде айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл» техно­логияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықтың, ІТ-стартаптар технопаркінің, «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұ­мысы туралы айтып, дипломаттарды осы бағытта белсенді түрде ынтымақтасуға шақырды.
– Өзара тиімді сауда-экономикалық ынты­мақтастықты нығайту үшін Қазақстандағы зор мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану қажет. Биыл біздің елімізде бірқатар маңызды халықаралық іс-шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VI съезі және Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы өтеді. Осы басқосуларға сіздердің елдеріңіз белсене қатысады деп ойлаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында қалыптасқан мемлекетаралық қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін айтып, ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсу бағыты екі ел халқы тарапынан кең қолдау тауып отырғанын атап өтті.
– Мен Ресей Президенті Владимир Влади­мирович Путинмен достыққа негізделген жеке қарым-қатынасымызды жоғары баға­лай­мын. Халықтарымыздың игілігі жолында Қазақстан екіжақты форматта да, халықаралық күн тәртібі аясында да Ресеймен байланысты кеңейте түсуге ниетті, – деді Қазақстан Президенті.
Рәсім барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға зор үлес қос­қанын атап өтті.
– Бізді Өзбекстан Республикасымен көпға­сырлық достық қатынастар, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің ортақтығы тығыз бай­ланыстырып отыр. Қазақстандағы Өзбекс­тан жылының басталуы және келесі жылы бауырлас Өзбекстандағы Қазақстан жылы­ның атап өтілуі жаңа кезеңге жол ашып, ынтымақтастығымыздың барлық саласына тың серпін беретін болады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Түркі­менстан­мен көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін айтты.
– Бүгінде Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер – Қазақстан мен Түркіменстанды тату көршілік қатынастар байланыстырады. Елдеріміз арасында сенімді әрі сындарлы диалог орнап, барлық басты бағыттар бойынша өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Италия Респу­бли­касымен сауда-экономикалық байла­ныс­тардың дамып келе жатқанына ерекше тоқталды.
– Италия Қазақстанның сауда саласындағы әріптестерінің үздік үштігіне кіреді және бұл көрсеткіш бойынша Еуроодақ елдері арасында бірінші орын алып отыр. Сондай-ақ, Италия – еліміздің экономикасына қаржы құйып отырған ірі инвесторлардың бірі. Қазақстан Италиямен жан-жақты ынтымақтастықты, соның ішінде инновациялар мен озық технологиялар сала­сындағы байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Елбасы дипломаттарды тағы да құт­тықтап, екіжақты қарым-қатынастарды ны­ғайту жолындағы қызметтеріне табыс тіледі.
Саясат 12 сәуір 2018 г. 1 866 0