Кемерово облысының бұрынғы губернаторы, 73 жастағы Аман Төлеев өңірдің халық депутаттары кеңесінде мандатқа ие болды, деп хабарлайды ТАСС өңірдің сайлау комиссиясына сілтеме жасап.
«Бүгін Кемерово облыстық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Онда төртінші шақырылымдағы Кемерово облыстық халық депутаттары кеңесінің бос мандатын «Единая Россия» партиясының Кемерово өңірлік бөлімшесінен Төлеев Амангелді Молдағазыұлына беру мәселесі қаралды. Бос депутаттық мандатты оған беру туралы шешім қабылданды», - деді сайлау комиссиясының өкілі.
Сондай-ақ, ол 2013 жылы облыстық кеңес депутаттарын сайлауда «Единая Россия» партиясының ұсынған кандидаттар тізімінде Төлеевтің көш бастап тұрғанын атап өтті. 73 жастағы Аман Төлеев Кемерово облысын 1997 жылдан бері басқарып келді. Ол Кемеровода болған қайғылы жағдайдан кейін РФ президенті Владимир Путинге өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш білдірген еді.