Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемінің 2017 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 30 процентке артқанын мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Алғашында мұны (ЕАЭО - ред.) Ресей, Қазақстан және Беларусь арасындағы тығыз экономикалық байланыс ретінде жоспарлағанбыз. Украинаның да осы қатарында боларына үміттенгенбіз. Өкінішке қарай, күткеніміз болмады. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер арасындағы сауда өсіп келеді: өткен жылы, мәселен, шамамен 30 процентке өсті. Қазақстанда - 29 процент (ЕАЭО елдерімен өзара сауда көлемінің ұлғаюы - ред.), Ресеймен сауда көлеміндегі өсім - 30 проценттен асты", - деді Нұрсұлтан Назарбаев "Бірінші арнадағы"«Воскресное время» бағдарламасына берген сұхбатында.
Мемлекет басшысының айтуынша, ЕАЭО арқасында тауарлардың ортақ нарығы, капиталдың ортақ нарығы және еңбектің ортақ нарығы құрылды. «Негізгі сәттерге келер болсақ - энергетика мен мұнайдың ықпалдасуы: 2019 жылдан бастап - электр энергетикасының, ал 2025 жылдан бастап - мұнай мен газдың ортақ нарығы (ЕАЭО-да - ред.) құрылады. Жалпы мерзім осындай, бірақ шын мәнінде мұның барлығы қазірден бастап дамып келеді. Сол себепті, бұл жағдайда ықпалдастырылған бірлестіктерге деген қажеттіліктің туындап отырғаны - заңдылық", - деді Қазақстан Президенті.