Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев цифрландыру мәселелерін xалыққа кеңінен түсіндіруді жүктеді.
«Дәурен Әскербекұлы (Ақпарат және коммуникациялар министрі - авт.), теледидарда, орталық және облыстық газеттерде цифрландыру бойынша арнайы айдарларды ашу қажет. Цифрландырудың нәтижесі қандай? Не істедік? Қандай жобаны іске асырдық? Жалпы, цифрландыру дегеніміз не? Былайша айтқанда, бізге жаппай оқыту шараларын қолға алу қажет пе?», - деді Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, цифрландыру мәселесін мектеп қабырғасынан бастап кеңінен түсіндіру керек. Себебі қазіргі жастар болашақта осы жұмыспен тығыз айналысады. «Болашақта олардың барлығы осы салада жұмыс істейді. 2030 жылда мүлдем басқа экономика болады. Соған дайын болуымыз қажет. Қазір білім саласын ылғи сынайды. Реформалар көп дейді. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Балалар өздігімен ойлап, шешім қабылдауға үйренуі керек. Бәрін жаттап алып, емтиxан тапсыра салу - ол кешегі заманның талабы. Сондықтан қазіргі цифрландыруды кеңінен түсіндіруіміз әрі үйретуіміз керек», - деп атап көрсетті Президент.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев блокчейн технологияларын қолдана отырып, қосылған құн салығын жинау ақпараттық жүйесінің маңыздылығын атап өтті.
«Астана-1» өте маңызды. Жарты сағат уақытты 5 минутқа дейін қысқарту - бұл ЭДЫҰ-дан (Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы - авт.) да мықты көрсеткіш. Блокчейн технологиясын нақты осы бағытта қолдану керек. Бақылау айқын болуы тиіс. Салықтың жиналуын 15-тен 25 пайызға жақсарту - бұл Қаржы министрлігі үшін өте маңызды», - деді Елбасы.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың атап өтуінше, осы жылдың тамыз айында блокчейн технологияларын қолдана отырып, қосылған құн салығын жинау бағытында жаңа ақпараттық жүйенің прототипін таныстыру көзделіп отыр. «Бүкіләлемдік банкпен бірлесіп, тауарға бақылау жасау бойынша ақпараттық жүйе жасалғалы жатыр», - деді министр. Қаржы министрінің келтірген ақпаратына сүйенсек, өткен жылы ЖІӨ-ге қатысты салық түсімінің азаю тренді тоқтатылып, көрсеткіш жақсара түскен.
Сондай-ақ жиын барысында Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев пен Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа аталған бағыттағы жұмыстарды бақылауға алуды жүктеді.
«Мемлекеттік қарызды бір деңгейде ұстау керек. Осы бағыттағы жағдайға қадағалап отыруың керек. Қарызды ұлғайтпай, керісінше оны кемітудің қадамдарын Үкіметің табысымен орайластырып отыру қажет. Әртүрлі жағдайлар болады, сондықтан қажетті мүмкіндіктер болуы керек. Кейінгі кезде құрылысқа, жолдарға біраз көбірек алып жібердік», - деді Президент. Естеріңізге сала кетсек, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен ел Үкіметінің кеңейтілген мәжілісі өтіп жатыр. Отырыс барысында Үкімет басшысының, бірқатар министрлердің, облыс әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.