ӨЗБЕКСТАНДА КОММУНАЛДЫҚ БЕРЕШЕКПЕН КҮРЕС БАСТАЛДЫ

Жуырда республикалық «Деловая неделя» газетінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі Нигора Юлдашева Ташкенттен былай деп хабарлады: «Өзбекстанда елдің жаңа президенті Шавкат Мирзиеевтің пәрменімен халықтың коммуналдық ақы берешегімен жаппай күрес басталған». Соңғы деректерге қарағанда өзбекстандықтардың (жеке және заңды тұлғаларды қосқанда) жарыққа, табиғи газға қарызы 5 трлн. сумға немесе 1,3 млрд. АҚШ долларына жеткен. Әлгі цифрдан соншалықты шошитынымыз – бұл Қызылорда облысының 2 жылға жуық бюджетін құрайды! 1,3 млрд доллар деген цифр сана мүлдем қабылдамайтын, кісі сенбейтін қаржы! Бірақ сенбеске амалымыз жоқ, себебі біз сілтеме жасаған газет байсалды басылым екенін, онда әрбір дерекке барынша сақтықпен қарайтынын ескерсек, әлгі соманың шынайылығына күмән келтіруге болмайды. Қазір Өзбекстанның күллі атқарушы билігі қарызды өтеу шараларына белсене кірісіп кеткенге ұқсайды.
Биліктегілер мен имамдар үгіт жүргізіп, коммуналдық берешегі барларға, мейлі ол тиын-тебен болсын, қажылыққа баруға тиым салынған көрінеді. Сонымен бірге коммуналдық есептеу құралдарының көрсеткіштерін қолдан  бұрмалағандарға қолданылатын шаралар қатайтылатын болады.
Өзбектердің, осынау бейнеткеш халықтың басына төнген бұл қасіреттің себеп-салдары неде? Мәселенің мәнісі мынада. Жалпы халықтың тұрмыс деңгейі жыл сайын төмендеп барады. Елде жұмыссыздық көп. Жастар ТМД, тіпті шетелдерді кезіп жүр. Өзбекстанда коммуналдық берешекпен күрес өріс алған кезде, яғни кешегі 1 шілдеде қызмет бағалары тағы да 7 пайызға қымбаттаған.
Ж.ӘЛМАХАН.
Саясат 02 тамыз 2017 г. 1 087 0