ЖҰРТЫН СҮЙГЕН ҰРПАҚ ҰЛТЫН СҮЙЕДІ

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2003 жылғы халыққа арнаған Жолдауында «Мәдени мұра» атты теңдессіз бағдарлама жария болғаны белгілі. Мәдени мұра дегеніміздің өзі – ұлттық тарихымыздың алтын тіні екені ақиқат. Ал, ұлттық тарихты зерделеу, оның мәнін ұғыну идеясын Президент «Қазақстан 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында одан әрі тарқата түсті. Елбасымыз тарихи зерттеулердің арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырған соң бұл бағыттағы алуан түрлі жұмыстар қолға алынды. Қазынамызды аршып, тарихымызды түгендедік. Елімізде ұлттық тарих саласындағы зерттеулерді кеңейту, тереңдету жөніндегі шаралардың ауқымды кешені іске асты. Археологиялық ескерткіштер мен артефактыларды және археологиялық қазба барысында табылған адам қалдықтарын палеогенетикалық зерделеу жұмыстары жасалды.
Жастардың бойына жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда «Қазақстан тарихы» пәніне, тарихшыларға үлкен жауапкершілік жүктелді.
«Менің бабам қақтаған қыр аптабы,
Көшіп-қонып ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих – бұл да бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы, – деп Қадыр ақын айтқандай, кеңестік дәуірде Қазақстан тарихының тар көлемде зерттелгені белгілі. «Орыс теріс ойлап қалады», «өзбек өкпелейді», «қырғыз қырын қарайды» деген қисынсыз пайымдар тарихи ақиқаттарды аршып, ақтарып зерттеуге мұрсат бермеді. Халқы үшін құрбан болған батырларымыздың қаһармандық істері паш етілсе, бодан халықтың ерлік рухы оянады деген шовинистік көзқарастың болғаны да шын.
Тәуелсіздік жылдарындағы ел Президенті Н.Назарбаевтың, жаңа айтып өткеніміздей, мәдени мұра мен ұлттық тарихты терең зерделеу және ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жөніндегі бағдарламалары өткен дәуір қатесін түзетіп, жаңа тарихи көкжиектерге жол ашты. Қазақтың бай тарихи мұрасы әлем халқының рухани байлығына қосылды. Өзінің тарихи болмысы мен ұлттық кодын білетін мәңгілік ел болу даңғылына түстік.
Кейбір кездерде «қазақтарда мемлекет болмаған» дейтін риторика бой көрсете бастады. Елбасының бастамасымен 2015 жылы мерекеленген Қазақ хандығының 550 жылдығы мұндай қаңқу сөздерді сап тыйып, қазақ тарихына өзгелерді де құрметпен қарауға үндеді. Ең бастысы, бұл мерейлі шара ұрпақтың отангерлік сезімін тереңдете түсіп, ұлттық рухымызды биікке көтерді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты әйгілі бағдарламалық мақаласы да ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған. Елбасы өз мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» сияқты бірнеше жобалардың іске асуы тиіс екенін нақты көрсетті.
«Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды...» – деді Елбасы. Бұл жаһандық бәсекеге бейімделген мамандар даярлау мәселесінен туған идея. Сонымен бірге Елбасы қолға алуды ұсынған «Туған жер» бағдарламасы отандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған. «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген Елбасы сөзі туған жер тарихын білу ұлт тарихын білудің бастауы екенін түсіндіреді. «Туған жер» бағдарламасының жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынын айтады.
Бүгінгі таңда еліміздегі 60-қа жуық жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» кафедралары жұмыс істейді екен. Бұл қуанарлық дерек. Енді біздің тарихымыздың оқулығы қалыңдай түсетіні сөзсіз.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта – пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп Елбасымыз айтқандай, жұртын сүйген ұрпақтың ұлтын да сүйетіні ақиқат. Осындай ойлы, зерделі ұрпақ қана мәңгілік елдің егесі болмақ.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
Саясат 01 тамыз 2017 г. 1 040 0