Қазақстан-Корей орталығы Кәсіпкерлер палатасымен әріптестік байланыста

Қазақстан-Корей орталығы Кәсіпкерлер палатасымен әріптестік байланыстаҚызылорда облысына жұмыс сапарымен келген «Қазақстан-Корея ынтымақтастыққа ықпал ету орталығы» АҚ директоры Ву Джонг Хи ханым Кәсіпкерлер палатасында болып, саланың жұмысымен танысты.
Алдымен Палатадағы «Орда өнімдері» көрмесімен танысқан қонақтар Жаңақорған ауданындағы аяқ киім тігумен айналысатын жас кәсіпкер Оразай Жандостың кәсібіне қызығушылық танытты. Себебі Кореяда аяқ киімдердің құны анағұрлым қымбат екен.
Мұнан кейін Ву ханым бастаған делегаттарға Өңірлік даму картасына енген жобалар таныстырылды.
Айта кету керек, 2015 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына зерттеу жүргізіп, арнайы карта әзірлеуі қолға алған болатын. Аталмыш база еліміздің кәсіпкерлік климатымен толықтай танысуға мүмкіндік беретін құралға айнала алды, яғни картадан әр аймақтың саладағы басым бағыттарын, болашақта инвестиция құюға болатын салаларды көруге болады. Бұл еліміздегі және шетелдік инвесторларды тартуға айтарлықтай септігін тигізеді деп күтілуде. Өңірлерді дамыту картасына Қызылорда облысынан жалпы құны 80 млрд.теңгеден астам қаржыны құрайтын  11 жоба енгізілді. Картаға енгізілетін жобаларды таңдау барысында нарықта сұранысқа иелігі, бәсекеге қабілеттілігі, облыстың экономикасы мен кәсіпкерлік саласын дамытуға қосатын үлесі ескерілді.
Картаға енгізілген жобалар:
- «Арал ауданында кальцилендірілген содыны өндіру» жобасы;
- «Шиелі ауданында силикат кірпіш өндіру» жобасы;
- «Сырдария ауданында күріш қауызынан плита өндіру» жобасы;
- «Шиелі кентінде бөтелкедегі табиғи су өндіретін зауыт құрылысын салу» жобасы;
- «Жаңақорған ауданында бақша өнімдері шырынының концентратын өндіру» жобасы;
- «Қызылорда қаласында шыныпластик құбырларын өндіру» жобасы
- «Шиелі ауданында бәсекеге қабілетті қозы етін өндіру» жобасы;
- «Қызылорда қаласында мұздатылған тәтті жүгері өндіру» жобасы;
- «Жалағаш ауданында электр энергиясы мен кремний диоксидін өндіру» жобасы;
- «Жалағаш ауданында мақсары майын өндіру» жобасы;
- «Көкөніс қоймасы мен жылыжай кешендері және қойма құрылысы жобасын ұйымдастыру» жобасы.
Әсіресе, Қазақстан-Корея ынтымақтастыққа ықпал ету орталығының басшысы «Жаңақорған ауданында бақша өнімдері шырынының концентратын өндіру» жобасына ерекше қызығушылық танытты. Айтқандай, Кореяда мұндай концентраттар өндіру ісі жақсы жолға қойылған екен. Осы ретте, алдағы уақытта концентраттарды өндіретін арнайы қондырғыларды біздің облысқа алып келу мәселесі де талқыланды.
Кәсіпкерлер палатасының өкілдері өз кезегінде қонақтарға Корей кәсіпкерлері мен біздің іскер азаматтарымыз арасында онлайн конференция өткізуді ұсынды, яғни қос елдің бизнес өкілдері өздерін қызықтырған сала бойынша еркін пікір алмасып, әріптестер табу үшін. Ұсынысты құп алған қонақтар алдағы уақытта бұл мәселеге қатысты қабылдаған шешімдерін жеткізетін болып келісті.

Қызылорда облысы
 кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2017 г. 765 0