Тәжірибе алмасу, білгеніңмен бөлісу – қай салада да өте маңызды менеджмент. Бұл байланыстың, әсіресе, экономикалық тұрғыдағы тиімділігі орасан. Осыны ескерген «Қазгермұнай» басшылығы «Ембімұнайгаз» қызметкерлерін қасиетті Сыр еліне қонақ қылды. Құрметті қонақтар кен орындарында болып, арнайы техникалық қауіпсіздік ережелерімен танысты. Мұнайшылар сапарының мақсаты – бірінші кезекте екіжақты ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, әріптестіктің тынысын ашу.
Қара алтынды өндіріп, ел экономикасына елеулі үлес қосып жатқан Ақшабұлақ, Нұралы кен орындары облысты ілеспе газбен қамтамасыз етіп отыр. Вахталық әдіспен жұмыс істейтіндерге бар жағдай жасалған. Жиналыстар өткізуге арналған арнайы мәжіліс залы, асхана, жатақхана, медпункт, спорттық алаң, жаттығу залы, футбол алаңы бар. Бұл нысандардың қызметін мұнайшылар демалыс кезінде еркін пайдалана алады. 2014 жылы ашылған «Достық саябағы» да қызметкерлер игілігіне жарап тұр.
Жалпы, компания 4 ауысым негізінде жұмыс істейді. Қызметкерлер вахталық әдіс бойынша 14 күн жұмыс істеп, 14 күн демалуы тиіс. Кен орнындағы қызметкерлер екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Қызметкерлерді тасымалдайтын арнайы автобустар барлық керек-жарақпен жабдықталған. КЭМП-тердің ішінде жұмысшыға керекті төсек-жабдықтар, асхана, кір жуатын орындар, душ, бильярд, теннис залдары, жаттығу залдары (арнайы жаттығу залының құралдары орналасқан) бар.
Компания басшылығы бірінші кезекте қызметкерлер құқығының қорғалуын басты орынға қойып келеді. Осы арқылы қызметтік және адами әдеп нормалары қатаң сақталып, ол өз кезегінде жұмыс сапасының да жақсара түсуіне себепші болып отыр.