Өткен ғасырда жүгерінің нанын жеген жандар дақылдың дәні мен дәмін ұмытпаған болар. Хрущевтың заманы келмеске кеткенмен, Америкадан әкелген Колумбтың есімі естен кеткен жоқ. Оның дәнді дүниесі мал азығы ретінде де, азық-түлік дақылы ретінде де әлемнің әр қиырында кеңінен өсіріліп келеді. Бойына А, В, С, Е дәрумені, фолацин, ниацин, тиамин, калий, магний, крахмал, протеин, қант, түрлі пайдалы майлар, аскорбин қышқылы және минералды тұздарды жинақтаған жүгеріні Жаңақорғанда да қажетке жаратып жатқандар бар. Бүгінге бизнесте үлкен табыс көзі боларлық жүгерінің пайдасын ел енді біле бастады. Иә, табысқа талаптанған, игілікке ұмтылған адамның түбінде жеңіске жететіні ақиқат. Оны Кейден ауылынан көріп қайттық.
Расында, елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесі маңыз алған сайын аграрлық саланың ауқымды тірлігі етек алды. Кейденнің өзге ауылдан ерекшелігі – жүгері шаруашылығын жандандыруға қашаннан жаны құмар мекен. Мәселен, өткен жылы 90 гектарға жүгері егіліп, одан 32,2 центнерден өнім алынған. Ауылдық округ әкімі Бақтияр Тоқтыбаев елге есеп бергенде, ауылдағы «Попкорн» өндірісіне ерекше екпін берген еді, енді соның бүге-шігесін білуге бел буғанбыз. Кәдімгі өзіміздің кәсіпкер Қасым Әбжаппаровтың бұл ісі шынында үлкен шаруа екен. Ол жүгеріні егіп қана қоймай, оны өңдеу тәсілін меңгеріп, тұрғындарға сапалы өнім ұсынып келеді. Айталық, ақталған бидай, түйілген жүгеріні сауда айналымына шығарып, онысы республика бойынша сұранысқа ие тауарға айналды. Бұрындары маусым-мезгілінде өтсе, қазірде жыл он екі ай бойы халық тұтынатын тауар болды.
– Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша назар аударуда. Жергілікті жерлерде кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап өсуде. Өзім жүгері дақылын егуді 1997 жылдан бастадым. Ол кезде егістік көлемі 50 сотық жер болатын. Біршама уақыт сол жерді айналдырдық. Жерден жақсы өнім алу үшін ерінбей еңбек ету керек. Кейіннен «жүгері попкорнын» шығаруды қолға алдым. Алғашқыда аудан орталығы, одан әрі қалаға дейін сұраныс артып, егістік көлемін ұлғайтуға тура келді. Бірде базарға өнімімді апарсам, жүгерінің жармасын сатып отырған саудагерді көріп қалдым. Содан ертесіне өзім де жармамды арқалап, саудалап көрдім. Тұрғындар тарапынан сұраныс жақсы екен. Әдепкі жылдары мау¬¬сымына 1,5 тоннадай пұлдасам, уақыт өте оны 10 тоннаға дейін жеткіздім. Шүкір, бүгінде кәсібіміз қалыптасты. Қазіргі таңда 15 гектар жеріміз бар. Оның 10 гектарына жүгері дақылын егеміз. Нарықтағы сұраныс көлемі жыл өткен сайын артып келеді. Ақталған бидай мен түйілген жүгеріні Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Астана қаласынан тұтынушылар келіп, алып кетеді. Одан өзге емдеу-сауықтыру шипажайлары асқазан, өт, бауыр ауруларына алып тұрады, – дейді Қасым кәсіпкер.
Попкорнның шебері Тәждин Әбиев екен. Тәждиннің түсіндіруімен оның жасалу реттілігін та¬ныдық.
– Ең алдымен тазалау¬¬дан өткен дән суға батырылып, иіні жұм¬сарады. Одан кейінгі процесс арнайы ап¬парат сүз¬гісінен өтіп, сырт қабығы алынады. Сонан соң келі-келсап әдісіндей жарма жасалады. Осылай арнайы аппарат арқылы «Попкорн», түйілген жүгері жасалып, пакеттеледі. Қазір біздің өнім ең жоғары сорт болып саналады. Бағасы да соған сай, – деді ол.
Бизнестің бел алуына Қасымның бауыры Сейт¬мұ¬қан¬ның қолжәрдемі көп. Ол бос уақытында қолғабыс етеді, еңбек өнімділігін еселеуді ойлайды. Осы Сейт¬мұ¬қанның ақ жүгеріден сусын шығару технологиясын өн¬¬діріске енгізу ойында бар. Бұл мәселе бойынша, аудан әкімінің қабылдауында болған. Өз кезегінде әкім жо¬баның кемшін тұстарын толықтырып, алдағы уақытта өте¬тін қайтарымсыз гранттық конкурсқа қатысуға кеңес берген.
Біз Алматы асқан Сейтмұқанмен телефон арқылы тілдестік. Ол көңілді күймен жауап қатты.
– Аға, Қазақ тағамтану академиясы «Жүгері сусыны» өніміне зор ықылас қойды. Академик Төрегелді Шармановтың өзі «мұндай өнім әрі тамақ, әрі сусын» деп жоғары бағалап отыр. Академияның сараптау комиссиясы сусынның сарабын тиісті орындарға жіберіп, 28 наурызда қорытындысы дайын болатынын жеткізді. Әзірге ісіміздің алға басатын үміті бар. Енді құрал-жабдығына байланысты Семейге барып, жаңа технологияны көріп келе жатырмын. Тәңір қолдап, технологияны ендірсек, республикадан тыс шетелге экспортқа шығаруға тырысамыз, –дейді ол.
Бизнес деген осылай, талпынсаң, ерінбесең, еңбегің еселі. Бұл – табыстың әрі өзі, әрі көзі. Жалпы, жүгерінің жүз пайдасы бар екенін енді біле бастадық.
Қ.ҚҰРБАН.