АРАЛЫН АҢСАҒАН АНА

АРАЛЫН АҢСАҒАН АНААйдынды Аралдың айбынын тайдай тулаған балығы, астың дәмін кіргізер аса сапалы тұзы асқақтата түскенін көне көздер сағына еске түсіреді. Оған мына төмендегі мысал да дәлел болады.
Әсем Сыдықова есімді еңбек ардагері қазіргі таңда Орал қаласында тұрады. Сексен  жастың сеңгіріне шыққан абзал ана әлі ширақ. Тұлымы желбіреген балау¬са кезінен зейнет демалысына дейін Арал балық комбинатында абыройлы еңбек етті. Өзі ата-баба кәсібін жалғастырған балықшылар әулетінің ұрпағы.
Әкесі Сыдық – кеме капитаны, анасы Зере  балық аршушы болып ұзақ жылдар жұмыс жасаған. Қанға сіңген дағды текке кетсін бе, Әсем әулет атағына кір келтірмеді. Адал еңбегімен талай марапат-мадақ иеленіп, сан мәрте төрге озды. Ол теңіздің айдарлы шағын да,  өлмешінің кейпін кешкен қасіретті сәтін де көзімен көрді. Бүгінгі күні  жырақта жүргенімен, қасиетті Аралын бір сәтке де жадынан шығарған емес. Туған өлкесінің әрбір  жетістігін қалт жібермей қадағалап отырады. Бұл жолы да сол дағдысынан жаңылмады. Аудан жаңалығын, әсіресе өзіне жанындай жақын балық кәсіпшілігін егжей-тегжейлі сұрап жатыр. Мені анамыздың бойын билеген туған жеріне деген құрметі қызықтырды. 
Ең алдымен, соңғы жылдары ауданда балық шаруашылығы айтарлықтай дамығанын, аймақ экономикасына қосар үлесі қомақты екендігіне, нақты кезеңде  заманауи технологиямен жабдықталған жеті балық өңдеу зауыты жұмыс жасайтындығына, тек өткен жылдың өзінде  қыруар тонна балық ауланғанға қоса өңделгенін және  Аралдың балығы Ресей, Украина, Грузия, Дания, Польша, Австрия мен Германияға экспортталғанын, уақыт ағынына ілескен «Бекбауыл» өндірістік кооперативі Бекбауыл елді мекенінде балық аулаумен шұғылданатын қожалықтардың басын біріктіріп, балықты бір жерден өңдеп, өткізуге бағытталған ауқымды  жобаны қаржыландыру жұмыс¬тары жүргізіліп жатқанын жеткіздім. Анамыз жас балаша шаттанды.
Бейнеттің зейнетін татқанға не жетсін! Мұнан соң балықшы қауымның төгілген телегей тері, еселі еңбегінің лайықты бағаланып жатқанын жеткізгенмін. Өзінің бір кездегі шәкірттері, әріптестерінің қазіргі  сәтте елге танымал білікті маман, ортасына құрметті жандарға айналғанына Әсем апа риясыз қуанды. Әсіресе, «Арал балық өңдеу зауытының» аға шебері Күлмариям Кемалованың жыл қорытындысымен Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбліхалықованың қолынан ІІІ дәрежелі  «Еңбек даңқы»   орденін алғанын естігенде құдды өзі марапатталғандай қуанды. Бұл көрініс маған тағдыры теңізбен бірге өрілген қайсар  жандардың ортақ бақытындай сезіліп, «Жақсыда жаттық жоқ» деген халық даналығын жадыма оралтты.
Әңгіме арнасы Аралдың бүгінгі сәулеті, кескін-келбетіне қарай ойысты. Қаланың ажар-шырайын, атқарылған тірліктерді тілім жеткенше суреттеуге кірістім. Расымен де тарихы тереңнен сыр шерткен аймақта бой көтерген  сәнді құрылыс нысандары  аз емес. Тоғыз жолдың торабындағы темір жол вокзалы ауданның айнасы іспетті. Көздің жауын алатындай демалыс скверлерінен адам қарасы үзілмейді. Абаттандыру жүргізілген, түнгі жарықтармен қамтылған алаңдар, құрметті азаматтар аллеясы, саябақтың кескін-келбеті мезгілінде жаныңды жадыратады.
Дерекке жүгінсек, Аралда құрылыс нысандары қарқынды жүргізілетінін аңғаруға болады. Облыстық «1000 үй» бағдарламасымен ауылдық жердегі жас мамандарға арналып 161 үй салынса, Тәуелсіздік жылдарында ауданда 29 жаңа мектеп шәкірттерге есік ашып¬ты. Оның үшеуі Арал қаласында, қалғандары кент, ауылдық жерлерде бой көтерген. Сондай-ақ жеті балабақша (оның екеуі жеке кәсіпкерлердің демеуші¬лігімен салынған) пайдалануға берілген. Оған қоса аталған кезеңде жаңадан салынған медициналық емдеу нысан¬дары да бар¬шылық. Қысқасы, Арал өңірі заманауи үрдіспен жаңаруға бет бұруда.
 
АРАЛЫН АҢСАҒАН АНА
АРАЛЫН АҢСАҒАН АНА
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. 
Арал ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 ақпан 2017 г. 737 0