ДЕМОКРАТИЯНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ – БОЛАШАҚ БАҒДАРЫ

Ел Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуі облыстағы іргелі оқу ордасы И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық колледжінің  педагогикалық ұжымында түсіндіріліп, толықтай талқыланып, бір ауыздан мақұлданды.
Үндеуді талқылауға колледждің 370 оқытушы мен қызметкерлері және 1520 оқушылар қатысып, белсенділік танытты.
Елбасының билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі бүгінгідей жаңарып, жаһанданған әлемге қатысты жаңа көзқарасты білдіреді. Асқан нәзіктікті қажет ететін мемлекеттік басқару жүйесі мейлінше теңестірілген жүйеге ауысу мәселесін Елбасы өте орынды, әрі дер кезінде көтеріп отыр. Үндеуде саяси жүйені жаңалаудағы сабақтастық ұстанымы сақталған. Ол қоғамның демократиялық бағытта дамуын одан әрі тереңдетуінде жатыр.
Президенттің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке, оның ішінде мемлекеттік бағдарламаларды бекітуді Үкіметтің құзырына жатқызу арқылы атқарушы биліктің ел алдындағы жауапкершілігін арттыру Қазақстанның өркениетті саяси дамуға түбегейлі бет бұрғандығын білдіреді.
Мемлекет басшысының бұл батыл қадамы Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін арттырып қана қоймай, оларға қабылдаған шешімдеріне сәйкес жауапкершілік жүктейтінін де ерекше атап өтуге болады.
Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мен жаңа басқару органдарын құруға өкілді биліктің тікелей араласуы демократиялық принциптердің нығая түсуіне мүмкіндік береді. Бұл бір жағынан жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару жүйесіне серпіліс жасап, халық билігінің негізгі формасы болып табылатын – маслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін арттырады деп ойлаймыз.


С.ТӘУІПБАЕВ,
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда
аграрлық техникалық колледжінің
директоры, т.ғ. докторы, профессор.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 ақпан 2017 г. 610 0