ЕРКІН ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ТАБЫСТЫ ЖЫЛДЫҢ ТАРТУЫ

ЕРКІН ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ТАБЫСТЫ ЖЫЛДЫҢ ТАРТУЫ
ЕРКІН ӘҢГІМЕ ӨЗЕГІ – ТАБЫСТЫ ЖЫЛДЫҢ ТАРТУЫ
Kеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметіндегі «Шынтөбе» пікірталас клубында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев БАҚ өкілдерімен және медиа сарапшылармен кездесті. Онда облыстың 2016 жылғы әлеуметтік даму көрсеткіштері мен түрлі бастамалары және алдағы міндеттері жайында кеңінен әңгіме болды. Еркін форматтағы жүздесуде облыс басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы мол ақпаратпен бөлісті.
Қырымбек Елеуұлы игеріліп жатқан кен орындарының сарқыла бастауына орай, тек қана 2015-2017 жылдары  өндірілген мұнай көлемі 3 млн тоннаға азайғанын атап өтті. Республика бойынша кем өндірілген мұнайдың 70 пайызы біздің облыс үлесінде. Нәтижесінде мұнай кәсіпорындарының инвестициялық шығындары қысқаруда (2016 жыл қорытындысымен 30 пайыздай), оның ішінде мұнай скважиналарын орналастыру да бар. Өз кезегінде саладағы құрылыс жұмыстарының көлемі де қысқаруда.  Аймақ экономикасына салынып жатқан инвестиция мен құрылыс жұмыстары көлемінің азаюына, сонымен қатар «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі және төрт аудан орталығын газдандыру мен «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры секілді ірі жобалардың аяқталуы да әсер етті.
– Әйтсе де, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері бойынша барлық басқа салаларда  оң динамикаға қол жеткізілді. Сөз жоқ, бұл нәтижелер жергілікті атқарушы органдардың жұмысты жедел және ұтымды ұйымдастыруына тікелей байланысты, – деді аймақ басшысы
Облыс әкімі 2014 жылдың ортасынан бастап өңдеу өнеркәсібінде жоғары даму көрсеткіштері сақталып келетініне назар аударды. Соңғы 4 жылда шикізаттық емес секторда өндіріс көлемі 52 пайызға (Республикада 4 пайызға), ал еңбек өнімділігі 6 еседей (ҚР-да 2,4 есе) өсті. Нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің аймақтың ЖІӨ-дегі үлесі осы жылдары 3,5 есеге өсті.
– Иә, облыс экономикасы әртараптандырылуда. Егер де соңғы 3 жылда біз  дағдарысқа қарсы шараларды көбірек қолдансақ, биылғы жылғы мақсатымыз – дағдарысты еңсеріп, дағдарыстан кейінгі әлеуметтік-экономикалық даму алғы шарттарын құру. Бүгінде біз жаңа жағдайдың құрсауындамыз және оған біз дұрыс шешім қабылдауға тиіспіз, – деген облыс басшысы мұнан кейін жұмыссыздық жайы туралы сөз қозғады.
Мұнай өндіру секторындағы күрделі ахуалға қарамастан, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз көлемінде ұстап тұрудамыз, бұл негізінен тұрғын үй құрылысының дамуы арқасында болып отыр. 2013 жылы бір жылда пайдалануға берілген тұрғын үй 270 мың шаршы метрден сәл ғана асса, қазіргі күні ол 540 мың шаршы метрден асты (яғни 2 есеге өсті). Соңғы үш жылда облыс орталығында жаңа 11 шағын аудан бой көтерді. Ұзақ жылдардан кейін тұңғыш рет жеке тұрғын үй құрылысы үшін алаңдар дайындауда ауқымды жұмыстар жасалды. Мұндай серпіліс бізде ешқашан болған емес. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметке пәтер мәселесін шешуден бөлек, көптеген жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық  мәселесін шешуге әсер еткен тиімді тұрғын үй бағдарламасы үшін рахмет айтамыз. Тек қана Қызылорда  қаласында осы бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде 20 мыңдай адамды жұмыспен қамтамасыз еттік.
Тұрақты даму сипаты агроөнеркәсіп секторында да байқалуда. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында Сыр елінің күрішшілері еліміздің тарихындағы күріштің рекордты  өнімділік көрсеткішіне гектарына 56 центнерден қол жеткізді, ал кейбір шаруашылықтарда 80 центнерге дейін өнім алынды.
– Аймақта алқаптар көлемінің қысқаруына қарамастан, өткен жылы 440 мың тонна күріш жиналды. Себебі, гидротеxникалық нысандар жөнделіп, сапалы тұқым шығару жұмысы жолға қойылды. Қазіргі кезде тағы бір бағытты дамытуды көздеп отырмыз. Иранға қатысты санкциялар алынып тасталғаннан кейін біз осы елдің экономикасын зерделеп шықтық. Себебі, Бейнеу арқылы теміржолмен Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік бар. Олар жыл сайын 4 млн тонна күрішті сатып алады. Сөйтіп, ол жақтағы күріштің тұқымын алып, егіп көрдік. Өткен жылы жақсы өнім жинадық. Биыл соны толығымен егетін боламыз. Осылайша, Иран үшін егетін күріштің бағасы қазір өз нарығымызда және ТМД-да сатып жатқан күріштің бағасынан алты есе қымбат болады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы баға мәселесі, әсіресе әлеуметтік маңызды тауарлар тобы бойынша айрықша назарда болғанын атап өтті.
Соңғы бірнеше жылдар бойы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуы мерзімінен бұрын 100 пайыз орындалды.
Үстіміздегі жылдың 25 мамырында бір мезетте апатты жағдайдағы 12 мектепті пайдалануға береміз. Бұл мектептер 2013 жылы анықталған апатты жағдайдағы 37 білім ошағының соңғы нысандары болады.
Апатты нысандар мәселесін шешу жұмыстары денсаулық саласында да жалғасын табады. Бұл жерде мемлекеттік-жекешелік әріптестікті белсенді жүргізіп жатырмыз. Мәселен, әріптестік аясында жасалып жатқан 12 жобаның 6-ы денсаулық саласына тиесілі жобалар болып табылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Қызылорда облысы халықаралық қаржы институттарымен байланысты арттыруда. Бүгінгі таңда «Еуропалық қайта құру және даму банкі» сияқты іргелі ұйымның өзімен жалпы құны 220 млрд теңгені құрайтын 8 жоба бойынша жұмыстар жасалуда. Жалпылай айтқанда, халықаралық қаржы ұйымдары аймақта 400 млрд теңгенің 18 жобасын іске асырып жатыр.
Осындай ауқымды жұмыстар легі биыл да жалғасын табатын болады. Биылғы жылы жалпыөңірлік өнім былтырғы жылдың еншісіндегі көрсеткіштен төмен түспеуін қадағалаймыз. (2016 жылы ол көрсеткіш 1,1 трлн теңге болса, 2017 жылы 1,2 трлн теңге).
Үстіміздегі жылы еңбек өнімділігіне баса мән береміз. Әсіресе өнеркәсіпті өркендету үшін инновацияны өндіріске енгіземіз. Бәсекеге қабілетті өнімдерді экспортқа шығаратын өндірісті дамытамыз.
2016 жылы екі цемент зауытының құрылысы басталды: Жаңақорған ауданында құрылыс цементі және Шиелі ауданында тампонажды цемент зауытының құрылысы жүруде. Бұл зауыттарды 2018 жылдың басында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Шиелі ауданы «Баласауысқандық» кен орнында ванадий өндірісін игеру жалғасуда. Кен орнында тәжірибелік өнеркәсіптік барлау жұмыстары аяқталды. 2016 жылы кәсіпорын метаванадат аммоний және ванадий тотығы Ресей және Тайваньға экспорттауды бастады. Метаванадат аммоний сынамалық партиясы АҚШ-қа жолданды. Басқа елдердің нарығына шығару қарастырылуда.
– «Шалқия» кен орнындағы тау-кен байыту комбинатының және газ-турбиналық электр станциясы құрылысын бастаймыз. Кальцийлендірілген сода және ферроқорытпа зауыты мен жаңа ГТЭС құрылысы бойынша жұмыс атқаратын болады. Қазан айында шыны зауытын іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деді осы ретте аймақ басшысы.
Өңірдің агроөнімдері сұраныстарын анықтау, облыстың ауыл шаруашылығы өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін бағалау және 2017-2020 жылдарға арналған Агробизнесті дамыту бағытындағы кешенді жұмыстар нақтылау мақсатында облыстың Агрокартасы әзірленді. Агрокартаның негізгі мақсаты ауылшаруашылық өнімдерін Парсы шығанағына (Иран, БАӘ), Орталық Азияға (Қытай) және Батыс Еуропаға экспортқа шығаруды көзделіп отырғанын айтқан Қырымбек Елеуұлы 2021 жылға қарай ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығару көлемін кем дегенде 3 есеге көбейту мақсаты көзделіп отырғанын жеткізді.
Кездесуде Байқоңыр кешеніне инвестиция тарту мақсатында онда құрылған нысандарды толық пайдалану қажеттігін айтты.
Кездесу барысында облыс әкімі Қ.Көшербаев журналистермен медиа сарапшылар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға тұшымды жауап берді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ,
Н.ДӘУРЕНБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 ақпан 2017 г. 904 0