ӘКІМДЕРДІҢ ЕСЕБІ – ХАЛЫҚ ПІКІРІМЕН ҚҰНДЫ

Жексенбі күні облыс әкімдігінің мәжіліс залында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтті.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев селекторлық жиынды жаңа жыл жетістіктерге толы болсын деген игі тілегімен ашып, ол үшін біз аянбай еңбек етуге тиіс екендігімізді еске салды. Жиында екі мәселе қаралатынын атап өткен аймақ басшысы сөз кезегін хабарламашыларға берді.  
Алдымен барлық аудан әкімдері мен қала басшысы өңір жетекшісіне Жаңа жыл мерекесі күндерінде аймағымызда ешқандай төтенше жағдай орын алмағанын жеткізді. Жалпы, облысымыздағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Сонымен қатар, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кейбір азық-түліктің бағасы сәл өскенімен, мейрам өтісімен оның бұрынғы қалпына келгенін, Сырдария өзені бойындағы қауіпті деп саналған барлық учаскелер бақылауда тұрғанын, 30-ға жуық қауіпті  жерде кезекшілік қойылғанын баяндады. Өзеннің Шиелі ауданындағы бөлігінде сең жүріп жатса, Арал және Қазалы аудандарында қатқан мұздың қалыңдығы 15 сантиметрге жеткен.  
Ал, 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында облыстық медицина орталығы мен қалалық емхананың травматология бөліміне барлығы 235 адам медициналық көмекке жүгініпті. Оның 100-ден астамы тұрмыстық жарақат алса, 8-і жол-көлік оқиғасының кесірінен денсаулығына нұқсан келтірген. Ал, көшедегі көктайғақтан зардап шеккендер саны - 125. Аймақ басшысы қала әкіміне кісі көп жүретін сауда орталықтары алдын қар мен мұздан тазалау ісіне ерекше көңіл бөлуді жүктеді. 
Өз кезегінде облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Жанарбек Бақтыбаев мереке күндері тұрғындар тарапынан ешқандай теріс әрекетке бару фактісі тіркелмегенін жеткізді.
Келесі мәселе бойынша хабарлама жасаған облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қанатбек Жайсаңбаев ақпан айында өтетін есеп беру жиыны, оған барлық аудан және қала әкімдерінің дайындығы туралы тарқатып айтты. Селекторлық жиынды қорытқан облыс әкімі Қ.Көшербаев аппарат басшысына әкімдердің халыққа есеп беру жиындарын жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 07 қаңтар 2014 г. 1 231 0