Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев жер қойнауын пайдаланушылармен кездесіп, саладағы бірқатар мәселелерді талқылады. Күн тәртібіне өңірдің мұнай-газ секторындағы жағдай, уран өндірісінің ахуалы, жергілікті мазмұнды дамыту туралы мәселелер енгізілген.
Ең алдымен аймақ басшысы соңғы жылдардағы мұнай өндірісінің қысқаруынан туындаған жағдайға тоқталды. Проблеманың ең күрделісі – мұнай сервистік компанияларда жұмыс істейтін азаматтардың жайы. Мұндайда жұмыс көлемін жергілікті сервистік компаниялардың атқаруы маңызды. Әрине, оларға қойылатын талаптар бар, әйткенмен, жұмысты сапалы, кәсіби тұрғыда орындайтын компаниялар да жеткілікті.
Соңғы жылдары өңір экономикасын әртараптандыру қарқынды жүзеге асуда. Бүгінде басым бағыт берілген металлургия, көлік логистикасы, агроөнеркәсіп, шағын кәсіпкерлік салаларының көрсеткіштері жоғарылап келеді. Қалыптасқан жағдайда мұнай-газ компанияларының басшылары жаңа басымдықтарды іздеп, тың технологияларды енгізуі керек. Жақында қымбаттаған бензин бағасының әлеуметтік тауарлар мен қызметтердің құнына әсер етуі мүмкін. Мысалы, Оралда іске қосылған мотор майлары өндірісі зауыты мұнай өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға септігін тигізді. Мұндай зауытты біздің облыста да салу үшін жоба жасалды.
Жиында ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев еліміздегі мұнай өндірушілердің төрттігінде тұрған аймақ – Сыр өңіріндегі жер қойнауын пайдаланушыларды қолдау шараларын атап өтті. Мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты соңғы жылдары қызылордалық мұнай компаниялары да салық жеңілдіктеріне ие болған.
Министр Елбасы Жолдауында айтылған экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін сақталуы тиіс мұнай-газ кешендерінің стратегиялық маңызына назар аударды. Жолдауда әлемдік сұраныс бәсеңдегеніне қарамастан, жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту туралы тапсырма берілген. Сонымен бірге минералдық-шикізаттық базаны кеңейту, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу жүктелген. Саланы одан әрі дамыту үшін шикізатты кешенді түрде қайта өңдеу қолға алынуы тиіс. Министр Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына өзгерістер, мұнай және газ өндіруге жаңа технологиялар енгізу жұмыстарының барысына тоқталды. Әлемдік мұнай нарығындағы ахуалды баяндады.
Жиында жер қойнауын пайдаланушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, тиісті жауап алды.