Бұл жайында 15 ақпанда тұрғындармен болған есепті кездесуінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлады.
Аграрлы аймаққа жататын облысымызда суармалы егістік жерлер көкейкесті мәселе болып табылады. Ауыл шаруашылық министрлігі бастамасымен қолға алынған «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ПУИД-2) жобасының екінші кезеңі аясында Жалағаш ауданында 15 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Бүгінде жоба аймағында зерттеу және жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
– Мұнан бөлек, біз Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының үшінші кезеңіне біздің облыс бойынша тағы да 144 мың гектар жерді енгізу туралы мәселе көтерудеміз. Сонымен қатар, Ислам банкімен 29 мың гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру жобасы бойынша жұмыс істеудеміз, – деді Қ.Көшербаев.
Осы жұмыстармен қатар Шиелі ауданындағы Күміскеткен шатқалында жалпы көлемі 600 млн кубометр су сиятын су қоймасы құрылысы бойынша жоба дайындау жұмыстары басталды.
– Бұл өте маңызды жоба. Су қоймасы іске қосылғанда су тапшылығы орын алған жылдары Қызылорда қаласының, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының 110 мың гектар суармалы жерлерін сумен қамтамасыз ететін болады. Осы жобаны қаржыландыру бойынша белсенді түрде жұмыс жасайтын боламыз, – деп атап өтті аймақ басшысы.