Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықпен есепті кездесуінде мәлімдегендей, оның ішінде жалпы құны 220 млрд теңге болатын 8 жоба бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірге жұмыс жүргізілуде. Еуропалық қайта қару және даму банкінің бағалауынша Қызылорда облысы Қазақстан аймақтарының ішінде осы мекемемен жұмыс істеушілер арасында лидер саналады. Жолаушылар тасымалын модернизациялауға, облыс орталығының коммуналдық инфрақұрылымын автоматтандыру және кеңейтуге (жылу, су, электрмен қамтамасыз ету) бағытталған 4 жобаны жүзеге асыру іс жүзінде басталды және оның алғашқы нәтижелері бар.
- Өздеріңізге мәлім, осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында жолаушылар тасымалы сын көтермейтін жағдай да еді. Еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында бүгінде жаңа автобус паркі салынып, үлкен сыйымдылықтағы газбен жүретін 112 жолаушылар автобусы жүйткіп жүр. Заманауи автобустарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар, GPS навигаторлар мен бейнекамералары бар. Наурыз айында жаңа автобустық депоның ашылу салтанатына куә боламыз, - деді Қырымбек Көшербаев есепті кездесуде.
Бұған қоса, аталған қаржы ұйымымен бірлесіп жұмыс жасау аясында өткен жылдың қазан айында «Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жою зауытын жаңғырту» жобасы бойынша несиелік келісімге қол қойылды. Бұл жоба қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға, топырақтың және жерасты және жерүсті суларының ластану қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаны қаржыландыру мамыр айынан бастау алады.