2017 жылы Қызылорда облысында ұсақ тауар өндірістерін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіріп, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды шағын және орта бизнеске жұмылдыру жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
– 2016 жылы облысымызда 700 ұсақ тауарлы өндірісті біріктірген 133 ауылшаруашылық кооперативі құрылды. Ағымдағы жылы тағы 500-ге жуық ұсақ тауар өндірісін кооперативтерге біріктіруді жоспарлап отырмыз. Бұл аграршылардың мемлекет субсидиясы мен несие алу жұмысын жеңілдетеді, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл тұрғындарын жұмысқа орналастыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, «Микробизнес-Қызылорда» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. 2016 жыл ішінде құны 774 млн теңгені құрайтын 124 жоба іске асырылып, 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланып, ет-сүт бағытындағы ауылшаруашылық кооперативтерін дамытуға басымдық берілуде.
– Айта кету қажет, өңірлік инвестициялық орталық өзінің 2 жыл жұмыс істеген уақыты ішінде ауылдық жерлерде құны 1 млрд теңгені құрайтын 184 жобаны қаржыландырды. Олардың басым бөлігі (70%) – өз ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерлер. Нәтижесінде ауылдарда 650-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Қ.Көшербаев.