Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласының бюджеті 9,5 млрд теңгеге өсті

Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау саласының  бюджеті  9,5 млрд теңгеге өстіЖоғары мамандандырылған медициналық көмек ауқымын кеңейту үшін республикалық бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді, нәтижесінде жүрекке ашық ота жасау 20 пайызға, нейрохирургиялық операциялар саны 27, эндопротездеу саны 2 есеге өсті. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
– 2016 жылы босанғаннан кейінгі оңалту орталығы республика бойынша бірінші болып біздің облыста іске қосылды. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл орталық ана мен бала денсаулығын ұдайы бақылауда ұстап, жақсаруына мол септігін тигізеді, – деді аймақ басшысы.
Одан бөлек, өткен жылы  Қазалы аудандық орталық аурухана базасында Қазалы ауданымен көршілес жатқан Арал, Қармақшы аудандарының, Байқоңыр қаласының тұрғындарына арналған үшінші ауданаралық нейроинсульттік орталық пен нейроинсульттік оңалту бөлімшесі ашылды, сонымен қатар №3 қалалық емхана жанынан нейрооңалту орталығы іске қосылды.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі жемісті шаралар нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 10 пайызға, туберкулезден өлім-жітім 17 пайызға төмендеген. Өлім-жітім көрсеткіші қан айналымы жүйесі ауруларынан 21 пайызға, қатерлі ісіктен 8 пайызға азайып отыр. Тұрақты төмендеу үрдісі нәрестелер өлім-жітімінде байқалады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 10,5 пайызға жақсарған.
– 1 ана өлімі тіркелді. (2015 жылы мұндай қайғылы жағдай 9 рет орын алған болатын). Дегенмен, мұндай фактілер мүлдем орын алмауы керек! Біз қажетті жұмыстар жүргізудеміз. Денсаулық сақтау саласы біздің жұмысымыздағы басым бағыттың бірі болып қала береді, – деп атап өтті Қ.Көшербаев.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2017 г. 681 0