Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 15 ақпан күні өткен халыққа есеп беру кездесуінде мәлімдеді.
Аймақ басшысы мәлімдегендей, білім саласының сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар нәтижесін беруде. Жыл сайынғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл көтеріліп келеді. 2016 жылы облыс бойынша орташа балл 82,7-ні құрады. Осылайша, ол республикалық орташа көрсеткіштен асып түсті (82,1). 143 жас өрен "Алтын белгі” иегері атанды (2015ж. – 139).
– Соңғы үш жылда біз мақсатты түрде мектеп бітіруші түлектерді Ресейдің және отандық ең үздік деген жоғары оқу орындары мен колледждеріне оқуға жіберіп жатырмыз. Бүгінде 400-ге тарта түлек, оның ішінде 2016 жылы оқуға түскен 110 оқушы Ресей Федерациясы тарапынан бөлінген білім гранттары есебінен Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім алуда,– деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, ұзаған жылы облыс әкімі грантының негізінде білім алатын әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасыдан шыққан балалар саны 350-ден 500-ге көтерілді. Биыл да осы балалардың білім алуына грант бөлу жалғасады.
– «Серпiн» бағдарламасы бойынша жыл сайын оқу гранттарын жеңіп алған балаларымыз республика бойынша үздік нәтиже көрсетуде. Осылайша, мектеп бітіруші түлектердің 95%-ы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға түсті. Олардың жартысына жуығы жоғары оқу орындарында грант негізінде білім алуда, – деп хабарлады Қ.Көшербаев.