ӨРКЕНДІ ӨҢІРДЕГІ ӨРІСТІ ҚАДАМДАР

ӨРКЕНДІ ӨҢІРДЕГІ ӨРІСТІ ҚАДАМДАРКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық Қоғамдық кеңес отырысында өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. 
Елбасы тапсырмасына сәйкес билік пен халық арасын жақындастырып, жариялылық пен ашықтыққа жол салар қоғамдық кеңес өткен жылы жұмысын бастаған болатын. Жиынды жүргізген Қоғамдық кеңес төрағасы Самұрат Имандосов өз сөзінде басқосудың маңыздылығын айтып, отырысқа кеңестің 30 мүшесі қатысып отырғанын хабарлады. 
Аймақ басшысы кеңес мүшелері алдындағы кіріспе сөзінде өткен жылы елімізде тарихи оқиғалар орын алғанын атап көрсетті. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланып, Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғандығын тілге тиек етіп, жыл басталғалы бері әлем назарын аударған оқиғалар тізбегіне ерекше тоқталып өтті. Елбасы тарихи да тағдырлы Үндеу жариялап, қазақ еліне кезекті Жолдауын жария еткендігін айтты. Қазақ елі Дүниежүзілік 28-ші қысқы Универсиаданы абыроймен өткізді. Сонан соң, Сыр өңірінің өткен жылы қол жеткізген жетістіктерін баяндады. Мешін жылында облыс әкімінің Іс-қимыл жоспарына сәйкес 207 шара енгізілген болатын. Аймақ басшысы  соның 70 пайызы толығымен орындалғанын, ұзақмерзімдік және тұрақтылық сипаты бар шараларды жүзеге асыру 2017 жылға арналған Іс-қимыл жоспары аясында жалғасатынын жеткізді. Қазіргі таңда Қызылорда облысы қаржылық дағдарыс пен мұнай рыногы айналасындағы тұрақсыздыққа қарамастан, дамудың оң динамикасын қалыптастырған аймақтар қатарында.
– Біз экономиканы әртараптандыру және жедел индустрия¬ландыру қажеттілігі туралы Елбасы шешімінің өзектілігін осы уақыт аралығында нағыз айқын сезіндік. Бұл орайда, біз бірқатар маңызды көрсеткіштердің оң динамикасын қамтамасыз еттік. Аймақтық жалпы өнім 2016 жылдың 9 айында 95,4 пайызды құрады. Бірнеше жыл бойына өңдеу өнеркәсібінде жоғары өсу қарқынын сақтап келеміз. Соңғы 4 жылда шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемі 52 пайызға, ал, еңбек өнімділігі 6 есеге артты. Нәтижесінде, соңғы 4 жылда өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу секторының үлесі 4 есеге ұлғайып, 2012 жылғы 4,5 пайызбен салыстырғанда 2016 жыл қоры¬тындысы бойынша 18,1 пайызды құрады, - деді аймақ басшысы.
Өңір өндірісін өрге сүйрейтін инвестициялық жобалар биыл одан әрі жалғасын таппақ. Бұл орайда аймақ бас¬шысы құрылыс және тампонаждық цемент өндіру зауы¬ты¬ның құрылысы жалғасатынын айтты. Сондай-ақ, «Ба¬ла¬сауысқандық» кенішіндегі ванадий тау-кен байыту ком¬бинатының құрылысы жүзеге асады. Ал, «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішіндегі газтурбиналық электрстанция мен тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталып үлгерді. Сонымен қатар, ферроқорытпа зауытының жобасы Үкіметтің қолдауымен тәжірибе-өндірістік жұмыстарына қаржылай қолдау тапты. Көптен күткен шыны зауыты болса, қазан айында іске қосылмақ.
Аймақ басшысы мұнай өндіру секторындағы қиындықтарға қарамастан, жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз шегінде ұстап қалғандығымызды, бұған тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуының нәтижесінде қол жеткізгенімізді айтты.
– 2013 жылы берілген тұрғын үйдің көлемі 270 мың шаршы метрден сәл-ақ асса, 2016 жылы 543,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Барлық қаржыландыру көздерінен 290,4 мың шаршы метрді құрайтын (4115 пәтерлі) 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, соңғы үш жылда тек қана облыс орталығында 11 жаңа шағын аудан бой көтерді. Бұнымен қоса, былтыр жыл соңына дейін, талай жылдан бері бітпей келе жатқан «34 сақалды» әлеуметтік құрылыс нысанын да аяқтадық. Апаттық жағдайдағы үйлерге келетін болсақ, өткен жылы 120 отбасыға жаңа пәтер кілті табысталды. Осы жылы тағы  да 2 көпқабатты тұрғын үй (120 пәтер) салуды жоспарлаудамыз. Жыл соңына дейін апаттық тұрғын үйлер мәселесін түпкілікті шешеміз деп отырмыз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қоғамдық кеңес алдындағы есебінде Сыр еліндегі агроөнеркәсіп дамуы өткен жылы еселене түскенін мәлімдеді. Сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салалары да тың серпін алғанын айтты. Облыс бюджетінің 60 пайызы әлеуметтік салаларға бөлінуі халық жағдайын жақ¬сартуға жасалған нақты қадам екендігін атап көрсетті. «Өз еліміздің дамуы мен халық тұрмысының сапасын көтеру – мәртебесі бәрінен биік, ортақ мүдде. Осы мақсаттағы ортақ еңбе¬гіміз нәтижелі болсын!»  - деді аймақ басшысы қорытынды сөзінде.
Кеңес мүшелері облыс әкімінің есебінен соң өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Облыстық мәслихат хатшысы Нау¬рыз¬бай Байқадамов Сыр елінің халқы қуатты, дамуы тұрақты ай¬маққа айналғанын, облыс бюджетінің өткен жылдың соңында 38,8 пайызға артуы еңселі еңбектің нәтижесі екендігін жеткізді. Кеңес мүшесі Серікбай Өмірзақов агросектордағы көрсеткіштер жыл сайын көбею үстінде екендігін, суармалы жерлерді ретке келтіру жұмыстары несібені еселей түсетіндігін тілге тиек етті. Кәсіпкерлік көкжиегінің кеңеюі экономиканың одан әрі дамуына жол ашады. Бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын кеңес мүшесі Ғалымбек Жақсылықов айтып өтті. Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Бақберген Досмамбетов сол жағалауды игеру келешекті кемелдендірер қадам екендігіне баса назар аударды. Сондай-ақ, кеңес мүшесі Қаршыға Есімсейітова аймақ басшысына өнер мен мәдениеттің өрісін кеңейтер шығармашылық кеңес құрылса деген ұсыныс айтты. Ал, Жаңақорған аудандық  қоғамдық кеңес төрағасы Мәжит Балхожаев елді мекендердің «көгілдір» отынмен қамтылуы олардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға негіз болғандығын жеткізді. Облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері Владимир Толоконников жас ұрпақты патриот етіп тәрбиелеу жайында пікір білдірсе, Аманжол Оңғарбаев Елбасының ерекше қамқорлығындағы аймақтың жетістіктері кітап бетінде зерделенсе, ол ұрпақ үшін де, тарих үшін де тағылымды шара болатындығына тоқталды. 
Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері аймақ басшысының есебіне бірауыздан оң баға беріп, облыс әкімінің 2017 жылға арналған Іс-қимыл жоспарын қолдайтындарын жеткізді. 

Нағымжан САУЯЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 ақпан 2017 г. 680 0