Индустрияландыру бағдарламасы бүкіл еліміздегідей Қызылорда облысының да экономикасын әртараптандыруға үлкен серпін беруде. Бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында аймақта ауқымды істер атқарылды. Облыста инвестиция көлемі 82 миллиард теңге құрайтын 17 жоба іске асырылып, 1 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.
Егерде 2015 жыл қорытындысымен республикалық картада небәрі 1 жоба болса, өткен жылы атқарылған жұмыс нәтижесінде картаға инвестиция көлемі – 246,3 млрд теңге құрайтын жаңадан 2 ірі инвестициялық жобасы қосылды. Жұмыс орны – 2,2 мың адам. Нәтижесінде картадағы жобалар саны 50-ден 24-ке, яғни 50 пайыз қысқарғанымен, сандық емес сапа көрсеткішіне басымдық беріліп, жобаларға салынатын инвестиция көлемі 1,5 есеге, ал жұмыс орны көрсеткіші 25,4 пайыз артты.
Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында облыста құны 2,4 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылып, жаңа өнім түрлері – құрама-жем, метанмен автокөлікті жабдықтау стансасы, үй құрылысы комбинаты іске қосылды. Бір ғана құрылыс индустриясында шыны зауытымен қоса 2 цемент зауыты салынуда.
Қаратау қойнауын игеру мақсатында металлургия саласында «Баласауысқандық» кенішінде ванадий және «Шалқия» кенішінде қорғасын-мырыш өндіру зауыттарын іске қосу жоспарда тұр. Өткен жылдың мамыр айынан бастап кен-байыту комбинатының құрылысы мен қуаты 80 МВт-тық газтурбиналы электр стансасының құрылыс жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоспарға сәйкес, бірінші кезеңдегі кен-байыту фабрикасы 2018 жылы іске қосылатын болады. Сырдың экономикасына серпін беретін келесі жоба – «Баласауысқандық» ванадий кенішін игеру жобасы. Онда өндірілген метаванадат аммоний өнімін өткізуге ұзақмерзімді келісімшарт жасау үшін АҚШ, Тайвань, Ресей елдеріне 20 тоннадан алғашқы тәжірибелік өнім жолданды.
Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – инвестиция тарту жұмыстарын жандандыру мақсатында 2016 жылы облыста бірқатар ірі іс-шара¬лар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, 2016 жылы 2 рет «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумы өткізіліп, нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы 25 меморандумға қол қойылды. Соңғы өткізілген форум аясында Өзбекстан Республикасынан келген арнайы делегация өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатылып, азық-түлік, арнайы құрал-жабдықтар мен машиналар сатып алу туралы келісімдер жасалды. Сонымен қатар, 2016 жылдың қазан айында «Қазақстанда электронды коммерцияны дамыту» тақырыбында бірінші Халықаралық интернет-форум G-Clobal коммуникативтік алаңында өткізілді. Сондай-ақ, роуд-шоу шаралары ұйымдастырылып, облыстық делегация – Варшава, Лондон, Стамбул қалаларында іссапармен болса, сәйкесінше қытайлық Цзянси провинциясы, Вьетнам Социалистік Республикасы, Иран Ислам Республикасының – Мазендеран мен Гүлістан провинциялары делегациялары облысқа келді.
Нәтижесінде Польшадан ферроқорытпа зауытына 300 млн АҚШ доллар, Ұлыбританиядан ванадий кенішін игеруге 125 млн АҚШ доллар көлемінде инвестиция тарту, 2 газ-турбиналық электрстанциясын салу мен қаржыландыру туралы және т.б. келісімдер жасалды. Цзянси провинциясымен 450,5 млн АҚШ долларын құрайтын бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін 13 меморандумға қол қойылды. Ирандық инвесторлармен Жаңақорған ауданындағы күкірт қышқылы зауытынан шикізат алып, тыңайтқыштың селитра түрін шығару мәселесі зерттелуде.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.