Тарих үшін 25 жыл аз ғана уақыт болса да, егемен еліміз үшін еңселі кезең деңгейінде даралап айтуға дәлеліміз бар.
Дәуірлер, формация өзгергенмен, ел жүрегіндегі егемендік, тәуелсіз мемлекет болған мақтаныш ешқашан өзгермейді. Бұл қазақ тарихында тасқа қашалған тамаша таңба болып сақталады. Тәуелсіздік пен Тұңғыш Президент ұғымы ұмытылмас ұлағатқа айналды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген жүрекжарды тілегі «САРАТС» жобасының жүзеге асуына, аймақта теңіздің толуы мен балық шаруашылығының қайта жандануына ықпал етті. Осының нақты нышаны – елімізде ұмыт қалған балықшылар слеті екі жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.
Аймақ экономикасының айшықты бейнесі баршылық. Ғасыр құрылысына айналған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі, «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол бөлігі пайдалануға берілді. Уран, алтын, ванадий кенішін игеру, «Шалқия» кенішін дамыту, Қазақстандағы тұңғыш шыны зауыты мен екі заманауи цемент зауытының құрылысы басталды.
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырынан Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Байқоңыр қаласына көгілдір отын тартылса, мемлекеттік «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламалары арқылы тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Ширек ғасырда әлеуметтік саланың әлеуеті артты. Айталық, аймақта 109 денсаулық сақтау,198 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Ал, денсаулық саласын қаржыландыру 1992 жылы 850 млн теңге болса, 2016 жылы сала бюджеті 32 млрд теңгеге жетті. Тәуелсіздік жылдарында 408 бала өмірге келді. Бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 100 пайыз болып, үш ауысымдық мектептер жойылды. Жетістік жолы осылай жалғаса береді.
Сыр диқандары, өңірдің негізгі дақылы – күріштің әр гектарынан 54,9 центнерден өнім алып, 440 мың тоннаға жуық Сыр күрішін қамбаға құйды. Сөйтіп Сырдың дариясына дәннің дариясы қосылды.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркі 35 пайызға жаңаланды. Мал шаруашылығы саласында мал басының ең жоғары деңгейі 1991 жылмен салыстырғанда, мүйізді ірі қара – 21, жылқы – 37, түйенің басы 44 пайызға артты. Қаратау бөктерінде малшы мерейін үстем ету бағытында малшылар слеті ұйымдастырылып келеді. Өріс өркен жая түсті.
Облыс орталығы замана зейін қоятындай зайырлы, сәулетті сән тақты. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жайы бұрын-соңды болмаған жағдайға жетті. Қалада 11көпқабатты үйлерден құралған шағын аудан салынуы теңдессіз тарту дер едік. Мұнан бөлек, білім, денсаулық, мәдениет нысандары, шығармашылық, «Достық үйі», «Қорқыт Ата» ескерткіш кешені секілді қаншама құрылыс шарапаты шынайы шырай берді. Әрине, Тәуелсіздік жылдарының табыстары мен аймақ өмірінен айтатын асқаралы асулар аз емес. Күннен күнге құлашын кеңге жайған өңірдің жетістік жолы әлі де жалғаса береді.
Қ.ҚҰРБАН.