ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІҚазақстанда зейнетақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері жыл сайын артып келеді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, зейнетақы төлеуде жаңашылдықтар бар. 
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы зейнетақы көлемін 2016 жылғы деңгейден 20 пайызға арттыруды, сондай-ақ 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала тууына байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін 20 пайызға ұлғайтуды тапсырған болатын. Вице-министрдің айтуынша, бұл 2 млн 100 мың қазақстандықты қамтиды.
 Әлемдік экономикадағы дағдарысқа қарамастан, Қазақстан әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындауда. Зейнетақы уақытылы төленеді. Оның мөлшері, жұмыс істейтін халықтың жалақысына қарағанда, тұрақты түрде жыл сайын, оған қоса инфляция деңгейінен 2 пайыз алға кетумен артып келеді. 
Мемлекет басшысы 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады. Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді. Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді» деген еді. Зейнетақы төлемін алушыдан қосымша құжат талап етілмейді, себебі қайта есептеу жұмыстары зейнетақы ісіндегі бар деректер негізінде жүргізіледі. 
Қазіргі таңда базалық зейнетақы барлық адамға, еңбек өтіліне қарамастан, бірдей мөлшерде тағайындалады, ал, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы тағайын¬даудың жаңа тәсілі енгізіледі. Сонымен қатар, зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту аясында әрбір зейнетақы алушының зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай, базалық зейнетақы мөлшері әрбір адамға дербес түрде қайта есептелетін болады. «Егер азаматтың еңбек өтілі 10 және одан аз болса немесе еңбек өтілі мүлдем болмаса, онда базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құрайтын болады және бүгінгі мөлшерге тең болады. 10 жылдан кейінгі әр жылға базалық зейнетақы мөлшері 2 пайызға өседі және 35 немесе одан да көп жылға базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады», – деді вице-министр. Мысалы, 20 жылдың еңбек өтілі кезінде базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын, 30 жыл 90 пайызын құрайтын болады (егер 10 жыл болса – 12 802 теңге, 20 жыл – 17 122 теңге, 35 жыл – 24 459 теңге). С.Жақыпова бұл қазіргі және болашақ зейнеткерлерге де қатысты екенін айтып өтті. 2018 жылғы 1 шілдеден бас-тап барлық базалық зейнетақы алушылардың базалық зейнетақы мөлшері зейнетақы алушының зейнет ісінде көрсетілген еңбек өтілі туралы мәліметтері негізінде қайта есептелетін болады. 2018 жылдың бюджетінде осы мақсатта қосымша 116,3 млрд теңге қарастырылған.

М.МЕРЕЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 ақпан 2017 г. 958 0