Сейсенбіде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың есепті кездесуі №101 орта мектепте жалғасын тапты. Жиында алдымен қалалық жергілікті полиция қызметі басшысының міндетін атқарушы Аманкелді Өмірзақұлының баяндамасы тыңдалды. Мұнан соң шаһар басшысы Н.Нәлібаев көпшілікті мешін жылы аймақта атқарылған ауқымды іс пен алдағы міндет жайында хабардар етті.
Қызылорда қаласының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жоғары бағалауға болады. Мәселен, өткен жылдың басында қала бюджеті трансферттерді қоса есептегенде 31 млрд 200 млн теңгені құраса, бүгінгі таңда 60 млрд теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде өз кірісі соңғы 4 жылда 2 есеге артып, 8 млрд теңгеден 16 млрд 618 млн теңгеге ұлғайды. Өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 480 млрд 53 млн теңгенің өнімін өндірді. Ал, өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 28 млрд 168 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға артты. Жыл ішінде негізгі капиталға салынған қаржы көлемі 146 млрд теңгені құрап, облысқа салынған барлық инвестицияның 67,9 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
Аймақта ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнімінің жалпы көлемі 5 млрд 641 млн теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 101,9 пайызға артты. Ал, мал шаруашылығы саласында 1 мың 769 тонна ет және 5 мың 132 тонна сүт өндірілді. «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары бойынша тиісті жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, «Сыбаға» бағдарламасымен қаладағы 17 шаруа қожалығы «Аграрлық Несие корпорациясы» АҚ арқылы 103 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, 19 шаруа қожалығы өз қаражаты есебінен 670 бас асыл тұқымды мал сатып алды.
Егін шаруашылығына келсек, 6 мың 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Сонымен қатар, Қосшыңырау ауылдық округінен өтініш білдірген әрбір тұрғынға 10 сотықтан маусымдық негізде егістік жер үлестірілді. Қала көлемінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру негізінде өткен жылдың тамыз-желтоқсан айларында әрбір апта сайын облыстың барлық ауданы қатысуымен тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Ауыз су және кәріз су жүйелері мен ғимараттарды қайта жаңғырту инвестициялық бағдарламасына сәйкес, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 154,4 млн теңге қаралса, Ұлттық қор есебінен 1 млрд 389 млн теңге бөлінді. Ұлттық қордан бөлінген 1 млрд 299 млн теңгеге 14,6 шақырым су құбыры қайта жаңғыртудан өтті. 4 жылдың ішінде қаланың ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды. Нәтижесінде, Қызылжарма жерасты су кені арқылы 98 су ұңғыма іске қосылып, қала халқы толығымен таза, жерасты ауыз суын тұтынуда.
Жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан бөлінген 997 млн 178 мың теңгеге 7 жоба бойынша ұзындығы 13 шақырымды құрайтын жылу желісі қайта жаңғыртылды. «Қызылорда жылу электр орталығы» кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы аясында өз қаржысы есебінен 284 млн 411 мың теңгеге станцияның негізгі және қосалқы қондырғылары мен жоғары қысымды құбырлары жөндеуден өтті. Нәтижесінде, соңғы 4 жылда қаладағы магистралды жылу желісінің 60 пайызы толығымен жаңартылды.
Соңғы жылдары құрылыс саласы бойынша қарқынды жұмыс атқарылуда. Халықты баспанамен қамту мақсатындағы өзекті мәселелер де тиісті шешімін тауып келеді. Облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының 80 пайызы қаланың үлесінде. Өткен жылы 4 мың 126 пәтерді құрайтын 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қаланды. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 20 мыңдай адам жұмыспен қамтылды.
Өткен жылды жақсы нәтижемен қорытын¬дылаған қала әкімдігі биыл да ауқымды істерді атқаруды қолға алып отыр. Ағымдағы жылы Белкөл кентін газдандыруға облыстық бюджеттен 378 млн теңге қаралды. Алдағы көктем айларынан бастап, кентке газ құбырларын тарту жұмыстары басталады. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы, 6 айлық мерзімге жұмысқа тартылатын жастардың айлық жалақы көрсеткіші 54 мың теңгеге жетті. Осы жылы аталған бағдарлама аясында 285 жас маман жұмысқа тартылады. Ағымдағы жылы мұнан бөлек барлық сала бойынша да ауқымды істер жүзеге асырылады. Атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді қорытындылаған қала әкімі тұрғындардың бірқатар сауалына жауап берді. Сондай-ақ, ол кездесуде көтерілген әрбір мәселенің алдағы уақытта кезең-кезеңімен өз шешімін табатынын жеткізді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.