Қазақстан – жас, көпұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік.
Мемлекет құру жолында теңдессіз мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз.
Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы барша Қазақстандықтардың жүрегіне сенім ұялатады. Әрбір Жолдау – толғауы терең қайталанбас дүние. Мәңгілік ел болу жолында көшбасшымыздың жасаған әрбір қадамы нық, мақсаты айқын. Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік.
Қасиетті Отанымыз Тәуел¬сіздіктің үшінші мүшеліне аяқ бас¬ты. Қазақстан қысқа мерзім ішінде кемелденіп, қуаты толысқан мемлекетке айналды. Ширек ғасырда біздің еліміз түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырды.
Елбасымыздың биылғы Жолдауы ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынды. Бас тақырып – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Ол еліміздің экономикалық дамуының инно¬вациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс. Білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар басты назарда болмақ.
Президент Н.Ә.Назарбаев біріншіден, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс екенін айтты. Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» деген атаумен жаңа бағдарлама әзірлеу және ІТ саланы дамыту міндеттелді. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді. Қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінетінін айтты. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі таңда 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады, сондықтан ағылшын тілін меңгеру жалпы ұлттық прогреске жетудің басты қадамы. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқитын боламыз. Сол үшін мектептердің және мектеп мұғалімдерінің кәсіби деңгейі жоғары болу қажет.
Биыл «баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін батыл қадамдар жасау қажеттігіне ерекше тоқталды. Бұл Жолдау осыдан біраз бұрын алға қойылған «100 нақты қадамды» жүзеге асырудың нақты жолдары, «Мәңгілік Ел» болудың мәнді жалғасы.
Халыққа жолданған құжатта көрсетілген тапсырмалар мен міндеттерді жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз қажет.
Айгүл МҰСАБАЕВА,
№187 М.Шоқай атындағы қазақ орта
мектебінің директоры,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.