Алматы Универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды,- деді Алматыда аяқталған 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жабылу салтанатты шарасында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев.
«1000 жылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы әлемнің спортсүйер қауымының көзтартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қауымдастық халқымыздың тамыры терең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекелестіктегі қайратын сезді. Алматы Универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қалдырды», - деді Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев. Кеше Алматыда 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың жабылуы өтті. Оған 57 елден 2000 мыңға жуық спортшы қатысты. Жабылу салтанаты 80 елге, 1 млрд-қа жуық көрерменге трансляцияланды. Салтанатты шараға ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттер спорты федерациясының Президенті Олег Матыцин, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және келесі Универсиада ойындарын өткізетін Ресейдің Красноярск қаласының басшылығы қатысып сөз сөйледі. Универсиаданың жабылу рәсімі жезтаңдай әнші Ардақ Балажанның ән шашуымен басталды. Келесі кезекте Жәмила Серкебаева скрипкада Түркештің «Көңіл ашар» күйімен әрлей түсті. Ал «Ұлытау тобы» Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйін төгілтті. Айта кетейік, Универсиада ойындарында 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпыкомандалық есепте Ресей командасы бірінші орын алды. Олардың еншісінде 28 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль бар. Екінші орында – Қазақстан құрамасы. Біздің спортшылар байрақты бәсекеде 11 алтын, 8 күміс және 17 қола жеңіп алды. Үздік үштікті Оңтүстік Корея түйіндеді. Бұл елдің спортшыларында 11 алтын, 5 күміс және 5 қола медаль бар, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Универсиада жалауы келесі универсиада ойындарын өткізетін Ресейдің Красноярск қаласының басшысына салтанатты түрде табысталды.