Қаңтар айы қарбаласқа толы болды. Әкімдер өткен жылды қорытындылап, 2017 жылдың жоспарын тағы бір пысықтады. Елбасы Жолдауы мен Универсиадаға әзірлік қатар жүрді. Әдеттегідей «Саясат-Monitoring» әкімдердің қаңтардағы жұмысының тиімділік индексін жария етті. 1-4 ақпан аралығында 28 сарапшы (қоғам белсенділері, блогерлер, саяси технологтар мен журналистер) қатысқан сауалнама нәтижесі белгілі болды, - деп жазады аталған сайт.
Қаңтар айында оңтүстік астана басшысы Бауыржан Байбек көш бастап тұр. Алатау баурайындағы қалада өткен айда басты тақырып Универсиада болды. Сондай-ақ респонденттер өткен айда қала әкімінің Венгрия, Швеция, Индонезия дипломаттарымен кездесіп, шаһар байланысын дамыта түскеніне назар аударған.
Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өткен айда осы өңірдегі ірі мұнай өндіруші «Ұлы қабырға» ЖШС атына айтқан сынымен есте қалды. Онда аймақ басшысы Қытай инвесторын әлеуметтік жауапкершілігінің төмендігіне орай сынға алған. «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясына да шүйілген әкім өндірістік және әдеуметтік бағдарламалар жайлы ескертіп, оны орындау үшін барлық резевті қолдану қажеттігін айтты. Сарапшылар Бердібек Мәшбекұлының басқару стилі арқасында облыс өткен жылы өнеркәсіп өндірісінен алға шығып, мемлекеттік-жеке әріптестіктің артқанына назар аударған.
Кестеде үшінші болып тұрған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өткен айда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы бастамаларымен ерекшеленді. Осы мақсатта көршілес Өзбекстан республикасына сапарлады. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолы бойында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамасы да сарапшылар назарына ілігіп отыр.
Төртінші орынға Астана әкімі Әсет Исекешов тұрақтады. Өткен айда елорда билігі былтыр атқарылған жұмыстарды тиянақтап, алда жасалар жұмыстардың басым бағыттарын белгіледі. Сонымен қатар, сарапшылар Астана билігінің мектеп робототехникасын дамыту бағытындағы жұмыстарын жақсы бағалаған.
Бестікті Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев түйіндеп тұр. Оның жұмыстарының басты бағыты ретінде химия өндірісі, ауылшаруашылығы және туризм аталады.