
Кеше облыстық мәслихаттың мәжіліс залында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «2014 жылы тірек елді мекендерді кешенді дамыту» туралы кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған барлық аудан мен қала әкімі, ауыл әкімдері мен басқарма басшылары және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қатысты.
Жиынды ашқан аймақ басшысы ауылдағы ағайынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі екендігін айтып, бүгін осы мәселені мұқият талқылау үшін бас қосып отырғанымызды атап өтті.
Жалпы, мемлекеттік аймақтық даму саясатының басымдығы тірек ауылдарын дамыту арқылы әлеуеті төмен елді мекен тұрғындарын тұрақты жұмысқа тартып, осылайша әлеуметтік-экономикалық дамуға қол жеткізу екендігі белгілі.
– Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясында жаңа экономикалық саясаттың бағыты бірінші кезекте экономикалық тиімділік пен ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысынан қарау нақты айқындалған. Осы орайда қабылданған барлық экономикалық және басқару шешімдері де соған бағытталуы тиіс. Біздің де мақсат-мүддеміз осы бағытпен үндеседі, – деді облыс басшысы Қ.Көшербаев.
Мемлекет басшысы Жолдауында жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру ісін осы тірек ауылдық елді мекендерін кешенді дамыту арқылы жүзеге асыру тапсырылған болатын.
Еліміздің аумағы үлкен болғанымен, бізде халық саны көп емес. Әрине, бұл өзімізді өзгелермен салыстырған кезде көзге айқын көрінеді. Оның үстіне кең-байтақ аумаққа халық шашыраңқы қоныс тепкен. Мәселен, республика жұртшылығының 40 пайызы тұрғындарының саны 10 мыңға жетпейтін шағын елді мекендерде тұрады. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, тұрғындардың бұлайша шашыраңқы орналасуы олардың бәріне бірдей бір деңгейде инфрақұрылым қалыптастыруға мүмкіндік бермейді. Демек, біздің аймақта да бытыраңқы жатқан ауыл тұрғындарына бірдей әлеуметтік жағдай жасай алмайтындығымыз белгілі. Осы орайда облыс басшысы оларға қаржы жұмсаудың тиімділігі болмайтынын атап өтті.
Облыс әкімі еліміздегі экономикалық белсенді тұрғындардың басым бөлігі ауыл-аймақтарда өзін-өзі жұмыспен қамтып, нақты өнім шығармайтын саланың соңында жүргенін статистикалық мәліметтермен жеткізді. Мәселен, 1998 жылы облыстың ауыл шаруашылығында экономикалық белсенді тұрғындардың үлесі 21 пайызды құраса, олар сол кезде жалпы ішкі өнімнің 11 пайызын өндірген екен. Ал, бүгінгі таңда агросалада жұмыспен қамтылған 9,8 пайыз тұрғындардың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2,9 пайыздан аспайды деп сөзін сабақтаған облыс әкімі «Еліміздің Стратегиясында қазіргі күні экономиканы жан-жақты дамыту бағыты қолға алынды. Ал, облыс үшін дамудың басты «өсу нүктелері» облыс орталығы, шағын қалалар және тірек ауылдарын дамыту болып табылады», - деді.
Нақты кезеңде аймағымызда барлығы 263 елді мекен бар. Оларда 420 мыңнан астам халық тұрады. Осы 263 ауылдың ішінен шикізаттық, инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік қуаты мен басқа да маңызды факторларын ескере отырып 43 тірек елді мекен анықталды. Жиында осы 43-тің алғашқы 8-нің аты аталып, оларды қолға алынғалы отырған жобалар туралы аудан әкімдері айтып берді.
Ал, депутаттар атынан сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты, «Жаңажол» ЖШС директоры Қылышбек Әбішев бұл жобаны қолдайтындарын білдірді.
Тірек елді мекендерде халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында алдағы атқарылатын жобалар туралы алдымен Арал ауданының әкімі Мархабат Жайымбетов хабарлама жасады. Ол Сексеуіл кентін кешенді дамыту жоспары туралы тарқатып айтты. Аталған кент тоғыз жолдың торабына орналасқан. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы мен «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбыры кентке жақын жерден өтсе, биыл жыл соңында «Сексеуіл-Жезқазған» темір жол учаскесі пайдалануға берілгенде Сексеуіл тораптық станцияға айналады. Бұған қоса, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Арал-Сарбұлақ» су құбыры осы маңнан өтеді. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін Сексеуіл кенті тірек елді мекені ретінде таңдап алыныпты.
Елбасы облысқа сапарында аймақта шағын және орта бизнесті дамыту туралы тапсырғаны белгілі. Осы орайда, аудан әкімі алдағы 3 жылда жалпы құны 560 млн. теңгені құрайтын 13 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырғандарын жеткізді. Осы жобалар іске асқан жағдайда барлығы 1100 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал, нақты кезеңде кенттегі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны – 2500 адам.
«Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясы алдағы 6 жыл ішінде аймағымызға 20 млрд. теңге тікелей инвестиция салуды жоспарлап отыр. Оның бір бөлігі, яки 3 млрд. теңгесі осы кентте әлеуметтік нысандар салуға бағытталады. Хабарламашының айтуынша, «Сексеуіл-Жезқазған» темір жол учаскесі бойында барлығы 13 станция мен 38 жолайрық (разъезд) салынады. Оның 1 станциясы мен 4 жолайрығы біздің аумақта болады. Жалпы, аталған болат жолдың 116 шақырымы Арал ауданының аумағынан өтеді.
Мұнан соң Қазалы ауданының әкімі Бахыт Жаханов хабарлама жасап, тірек елді мекені ретінде таңдап алынған Жанқожа батыр атындағы ауылда 18 жоба жүзеге асырылғалы отырғанын, нәтижесінде 171 жан тұрақты жұмыспен қамтылатынына тоқталды. Осы ауылда шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай барын жеткізген хабарламашыға аймақ басшысы негізгі міндет тұрақты жүмыс орындарын ашу екендігін ескертті.
Қармақшы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қалиев Байқоңыр қаласының құрамдас бөлігі ретінде оған қызмет етіп келе жатқан Төретам кентін тіректі елді мекен ретінде дамытудың жоспарын баян етті. Хабарламашының айтуынша, кентте республикалық бюджет есебінен жалпы құны 1600 млн. теңгенің 5 жобасын жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, кентті газдандыру, электр желілерін қайта жаңғырту және темір жол үстінен жаяу жүргіншілер үшін көпір салу. Бұған қоса, мұнда облыстық бюджет есебінен – 4, аудандық бюджет есебінен тағы 3 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ал, жеке кәсіпкерлер арқылы 2 млрд. 698 млн. теңгенің 37 жобасы іске асырылмақшы. Жалпы, мемлекет тарапынан және жеке бизнес құрылымдарынан тартылатын инвестиция көлемі 5 млрд. 306 млн. теңгені құрап, уақытша – 740, ал тұрақты 722 жұмыс орны ашылып, бюджетке қомақты салық түседі деп күтілуде. Мұндағы көлденең кедергі – жер мәселесі. Ол кентте шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кедергісін тигізуде, – деді хабарламашы. Мәселенің маңыздылығына назар аударған аймақ басшысы 23 қазан күні Мәскеу қаласында үкіметаралық кездесу өтіп, онда Байқоңыр қаласы мен оның іргесіндегі Төретам кентін дамытуға арналған жол картасы қаралатынын жеткізді.
Мұнан соң Жалағаш ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Мәдениет ауылын, Сырдария ауданы әкімі Ғани Қазантаев Ақжарма ауылын, Шиелі ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Еңбекші ауылын, Жаңақорған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әбдірасул Ибрагимов Түгіскен ауылын кешенді дамытуға қатысты жобаларын ортаға салды.
Ал, Тасбөгет тіректі елді мекенінің кешенді дамуы туралы қала әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Тілеуімбетов айтып берді. Мұнан кейін облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова баяндама жасап, аталған тірек ауылдарын 3 жылдық бюджетке кіргізу бағытындағы жұмыстарды жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев тірек ауылдарының мәселесін шешу үшін барлық қаржы көздерін, атап айтқанда, аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы мен жеке инвесторлардың қаражатын шоғырландырып, оны тиімді жұмсау қажеттігін атап көрсетті.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.