ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮШІНШІ ЖАҢҒЫРУЫ – ҰЛТ МҰРАТЫ
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы – еліміздің әрі қарайғы дамуының алғышарттарын көрсететін және қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін, ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат екені даусыз.
Ширек ғасырда нарықтық экономика қағидаларына негізделген іргелі мемлекет құрып, «Қазақстан-2030» стратегиясының орындалуы арқылы мемлекет дамудың даңғыл жолына түсті. Ендігі меже – үшінші жаңғыру. Жолдаудың тақырыбынан көрініп тұрғандай, бүгінгі күні қоғам да, мемлекет те, тіпті азаматтарымыздың ой-санасы да кезекті үшінші жаңғыруды бастан өткеретін кезеңге келді.
Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Әлемдік аренада биік белестерге көтерілді. Өзінің даму қарқынын озық елдің қатарына қосылуымен дәлелдеді. Президент талдап көрсеткен алдыңғы екі кезеңдегі жаңғыру арқылы елімізде бұған алғышарттар жасалып, берік негіз қаланды. Сонымен бірге, бүгінде халықаралық ахуал да қарқынды түрде өзгеруде. Соған байланысты жаһанды жайлаған интеграциялық, экономикалық және геосаяси үдерістердің беделді әрі белді қатысушысы болып саналатын Қазақстан да басты әлемдік трендтерге сай дамудың өзіндік жолын қалыптастыруда. Оған Мемлекет басшысының кешегі қазақстандық басылымдарда жарияланған Жолдауының жаңа, серпінді әрі өте ұтымды үлгісі айқын дәлел.
Бұл жай ғана модернизация емес. Жолдауда технологиялық, сандық, индустриялық өркендеудің өзекті тұстары қамтылған. Елбасы сан-сала бойынша жақын болашақта мемлекеттің жүрер жолын айқындап берді. Мұнда белгіленген міндеттер Н.Назарбаевтың жаһандық қатерлерге берген жауабы іспетті. Онда бес негізгі бағытқа басымдық берілген. Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты. Кешенді міндеттердің көшін сандық технологиялар бастап тұруы бекер емес. Заманауи технологияларды ел өмірінің басым салаларына енгізу арқылы экономикалық дамудың жаңа моделін жасау – бүгінгі күннің басты талабы.
Бүгінгі күні әр тиынның сұрауы күшті. Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекет бүкіл Қазақстан бойынша жаңа бағдарламаларды қолға алуға миллиардтарды бөлетін болады. Біздің Елбасы инновациялық салада жаңа толық кешенді салалар пайда болатыны туралы айтты. Осындай күрделі тапсырманы алдымызға қойып отырғандықтан қаражат мейлінше тиімді игерілуі тиіс. Әр жобаның нақты мерзімі, бақылау индикаторы және нақты жауапкершілікті мойнына алған лауазымды тұлғаны көрсете отырып, толыққанды бизнес жоспары ретінде дамыту қажет. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының билік тармақтары арасындағы өкілеттіліктерді қайта бөлу туралы бастамасы дер кезінде жасалған қадам болды.
Енді алдағы уақытта бірқатар салалар бойынша жұмысты оңтайландыру үшін біраз өзгеріс болайын деп тұр. Президенттің әлеуметтік-экономикалық үдерістерді реттеудегі біршама өкілеттіліктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға тапсыратынын айтты. Мемлекет басшысы бұл салаға Үкімет, министрлік және әкімдіктер толықтай жауап береді және өкілеттіліктерді беру тиісті Заңдарды өзгерту арқылы іске асатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы билік тармақтарын да үлестіру барысында 40-қа тарта Президенттік құзыреттің Парламентке және Үкіметке берілетінін атап өтті. Ал елдің қауіпсіздігін қамту үшін Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдау тапсырылды. Жаңаша дамудың бұл бағыттары қазақстандық экономика қарқынының өсуін орташа әлемдік деңгейден жоғарылатып, Қазақстанның жетекші 30 елдің қатарына кіруде тұрақты ілгерілеуін қамтамасыз етуі тиіс.
Үшінші жаңғыру экономиканың жедел технологиялық жаңаруына соны серпін, инновациялық салаға қуатты күш береді. Елбасымыз келешегі зор бастамалар мен іргелі жобалар негізінде экономиканың жаңа үдемелі салаларын құру жөнінде алдымызға стратегиялық міндеттер қойды. Бұл орталық және аймақтық деңгейдегі экономикалық тәсілдердің барлығын қайта қарауды қажет етеді. Осы ретте, 2017 жыл Қазақстан үшін аса маңызды жыл болады. Біздің еліміз аса маңызды шешім – саяси жүйені жаңғырту мен экономикалық қайта құруларды бір мезетте жүзеге асыруы керек. Ауыртпашылықтар аз емес, алайда нәтижесі жемісті болатыны сөзсіз деп сенемін.
Әділбек ЕСҚАРАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша Қазынашылық департаменті
басшысының орынбасары.
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ МЕН ЭКОНОМИКА ТІЛІ
Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты өз Жолдауында білім беру жүйесінің ролін өзгертіп, оны экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру міндетін қойып, оқыту бағдарламаларын балалардың ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттаудың қажеттілігін айтты.
Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайтуға басымдық берді.
Елбасы кәсіпкерлікті дамытуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту бағытында Оңтүстік Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарындағы жетістіктерді атап өтті.
Сонымен бірге, білім беруде қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасы мен мектеп мұғалімдері деңгейінің алшақтығын, білікті педагогтардың жетіспеу проблемасын ескеріп, 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуды кезең-кезеңмен енгізу қажеттілігін айтты.
Елбасының бастамасы бойынша 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Жолдауда тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтып отырған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдардың қамтылуы тиіс екендігін және экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек екендігін айтты.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді біз Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың «Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымдары» АҚ-мен және КАТЕV халықаралық қорымен жасалған меморандум аясындағы пилоттық жобамен жүзеге асыруды қолға алдық.
Біріншіден, ағылшын тілінде білім беруге көшуді 2016 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептері мен қазақ-түрік лицейлері тәжірибесі негізінде алдымен инновациялық 46 мектеп-лицейдің сыныптарына енгіздік. Лицей сыныптарының оқу жоспарларына жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқыту мақсатында аптасына қосымша 4 сағат оқу жүктемесін енгізіп, ағылшын тілін аптасына 3 сағат көлемінде үйірме жұмыстары есебінде қосымша меңгеруді және университет ғалымдарының ғылым бағыттары бойынша дәрістерін тыңдауды қарастырдық.
Сонымен бірге, КАТЕV халықаралық қорының қолдауымен 2015-2016 оқу жылынан бастап М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде ағылшын тілін меңгерген физика, математика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлау пилоттық жобасын республикада алғашқы болып енгіздік. Бүгінгі күні осы бағдарлама бойынша колледждің 1-2 курсында 150 студент білім алуда. Колледжді 2018-2019 оқу жылында бітірген алғашқы 75 түлек мектеп-лицейлерде ағылшын тілінде дәріс беретін болады. Бұл тәжірибені бірте-бірте «магниттік» мектептер ретінде басқа мектептерге тарататын боламыз.
Бақытжан САЙЛЫБАЕВ,
облыстық білім басқармасының басшысы.
ТАЛАП ЕҢБЕКТІ ШИРАТАДЫ
«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Ұлт көшбасшысының биылғы Жолдауы елге үлкен сеніммен бірге жауапкершілік те жүктейді. Елбасы еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік үшін күрестегі белсенді роліміздің арқасында, халықаралық аренада танылғанымызды, 2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанымызды атап көрсетті. Аталған Жолдау бағдарламасындағы жаңа саяси бағыт – жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп тоқтап қалмай, ілгері қадам басуды міндеттейді. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ – деген сөз әр партия мүшесінің есінде болары сөзсіз. Біз осы орайда аудандағы 29 бастауыш партия ұйымында үгіт-насихат жұмысын өрістетіп, мақсатқа жету жолында ұйымдастыру жұмысын күшейттік.
Шиелі ауданындағы партия филиалында есепте тұратын 6 мыңнан астам партия мүшесі жоғарыда аталған талап төрінен көрінуге жұмыла қызмет етуде. Алдымызда қандай қиындық кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте, Президент маңына тығыз топтаса отырып, Жолдау бағдарламасындағы тапсырмалардың орындалуына біркісідей атсалысамыз.
Патима МАХАНБЕТ,
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары,
аудандық мәслихат депутаты.
ТҰРАҚТЫ ДАМУДЫ ҚАМТИТЫН
ТАРИХИ ҚҰЖАТ
Елбасының «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бес институционалдық реформасы – әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылуға жол ашатын бірден-бір стратегиялық құжат. Бес бөлімнен тұратын осы құжатта мемлекет дамуының алдағы уақыттағы 100 нақты қадамы айқындалып көрсетілген.
Құжатта көрсетілген тапсырмаларды кезең-кезеңімен орындау үшін Елбасы 31 қаңтар күні «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты кезекті Жолдауын жариялады. Ұлт көшбасшысы әрбір Жолдауында халықтың жағдайын бір сәтке де ұмытқан емес. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі де жыл өткен сайын орындалу үстінде. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылын артта қалдырған егемен еліміз бүгінде жаңа экономикалық даму жолында.
Президент Жолдауы – еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын көздейтін тарихи құжат. Жолдауда экономикалық бағыттың тағы да алынбаған белестері мен өсуін айқындап, ұлттық экономикаға батыл қадамдар жасауға шақырды.
Елбасы биылғы Жолдауында бес негізгі басымдық белгілеп берді. Әрбір басымдықта ел дамуының бағыт-бағдары айқындалып, жаңа мақсат-міндеттер жүктелді. Алдағы уақытта Елбасының қойған тапсырмалары жоспарлы түрде орындалып, тәуелсіз қазақ елі зор жетістіктерге жетіп, дамыған 30 елдің қатарынан көрінетініне сенімім мол.
Күнтілес НАЗЫМБЕКОВ,
Қазалы аудандық мәслихатының хатшысы.
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ БАҒДАРЫ
Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығын қорытындылап, екінші ширек ғасырға Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атауымен кезекті Жолдауын жолдап, жаңа деммен сенімді түрде аяқ басты.
Елбасының биылғы Жолдауы жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын төмендетпей, заманның жаңа үдерісіне сай дамудың даңғыл жолына түсуді бағдарлайды. Жолдауда экономиканы жаппай цифрландыруға, ІТ саласын дамытуға, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторында жаңа индустриялар құруға, яғни, өндіріске жаңа технологияларды енгізу арқылы автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстарды атқару көзделген.
Сонымен қатар, еліміз шикізат өндірумен қатар, дайын өнімдерді шығарып, оларды экспорттауға басымдық беретін болады. Сол арқылы 2025 жылы шикізаттық емес секторды 2 есеге дейін ұлғайту міндеті тұр. Бұл өз кезегінде жаңа өндіріс орындарының құрылуына және жұмыс орындарының ашылуына мол мүмкіндік болмақ. Сондай-ақ, халық арасындағы жұмыссыздардың, әсіресе жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашылады. Осы ретте, жастар жаңа мамандық түрлерін машықтануға әр кез дайын болуы қажет.
Елбасы Жолдауында айқындалған екінші басымдық – бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту. Жаңа бизнес жобалары бар азаматтарға мол мүмкіндіктер ашылмақ. Бизнесін бастау үшін ауыл немесе қала тұрғындарына 16 млн теңгеге дейін талаптары жеңілдетілген шағын несие беру көзделген. Осы арқылы елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру жоспарланған.
Жолдаудағы ең маңызды төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту. Әлемде жаңа технологиялар мен ақпарат ағымының тез өзгеруіне байланысты біз сол үдерістен қалмай, бәсекеге қабілетті болуымыз қажет. Бұл ретте ата-бабаларымыздан қалған тарихи-рухани мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді сақтай отырып, бүгінгі заманның талабына сай жаңа буынды қалыптастыру маңызды. Ол үшін үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу, ІТ-білімді, қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында атқарылатын жұмыстар нақты көрсетілген.
Сонымен қатар, Елбасы нарыққа жаңа маман дайындап жатқан жоғары оқу орындарының білім беру сапасына баса назар аудару керектігі жөнінде айтылған. Олардың кадрлық құрамына, оқыту әдістемесіне, материалдық базасына баса назар аударып, талапты күшейтуді тапсырды
Биылдан бастап Елбасының бастамасымен «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырылады.
Жобаның басты мақсаты – жұмыссыз және өзін-өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастарды кәсіптік білім беру арқылы нәтижелі жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу. Оқыту бағдарламалары жаңадан ашылатын өнідіріс орындарына арналған мамандарды дайындауға бағытталады.
Осы ретте, барлық жастардың Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен мол мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жаңа әлемдегі, жаңа Қазақстанды құруда Отан үшін аянбай еңбек етуге шақырамын.
Еркебұлан МЕҢЛІБАЕВ,
облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының
басшысы.