ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ2016 жылғы oблыс дамуының негізгі бағыттары «5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын, 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауын, 2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын басшылыққа ала отырып, облыс әкімінің 2016 жылға арналған Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарында белгіленді.
Облыс әкімінің Дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік даму, ең алдымен, әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау және жаңа жұмыс орындарын құру, өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру және тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту, сырттан инвестиция тарту,  сонымен қатар, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту міндеттері айқындалды.
Іс-қимыл жоспарына 207 іс-шара еніп, оның 70 пайыздан астамы толық орындалды. Ал, жүзеге асуы ұзақ мерзімге арналған іс-шаралар, келесі 2017 жылғы Іс-қимыл жоспары аясында жалғасын табады.
Инвестициялардың өсу қарқынын жан басына шаққанда 103 пайызға дейін жеткізу, белгіленген Жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) бойынша көрсеткішін 98,3 пайызға жеткізу жөніндегі 2 тармақ объективті себептерге байланысты орындалған жоқ.
Соның өзінде, тікелей жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыру жұмысының нәтижесін сипаттайтын, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіштерінде оң динамика бар.
Атап айтқанда, 2016 жыл көлемінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар бойынша өзге өңірлермен салыстырғанда республикадағы ең жоғары даму қарқыны қамтамасыз етілді (нақты көлем индексі – 122 пайыз). Сөйтіп,  шикізаттық емес секторда 2016 жылғы өсім 15 пайызды құрады, орташа республикалық көрсеткіш – 0,7 пайыз. Қазір, Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінің дамуы бойынша көшбасшылар қатарына кірді.
Осы кезеңде, еңбек өнімділігі өңдеу саласында шамамен 6 есеге (ҚР – 2,4 есе), ал өңдеу өнеркәсібінің ЖӨӨ-дегі үлесі – 3,5 есеге (2012 жылдың 9 айындағы 2,2 пайыздан 2016 жылдың 9 айында 7,8 пайызға дейін) артты.
Агроөнеркәсіп кешенінде де жыл бойы тұрақты даму үдерісі сақталды. Мал басы мен мал шаруашылығы өнімдерінің тұрақты өсуі байқалуда. 2016 жылы күріштен рекордтық өнім алынды. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 2,3 есеге артты.
Экономиканың әр саласында бір жыл ішінде 11206 жұмыс орны құрылды, оның 9873-і тұрақты. Нәтижесінде жұмыссыздық  деңгейін 4,9 пайыз шегінде ұстап тұруға мүмкін болды (3 тоқсан қорытындысымен – 4,8 пайыз).
Әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша тұрғындар алдында қарыз жоқ.
Тұтыну бағаларының индексі аздаған өсімге қарамастан, жыл бойы республикалық орташа көрсеткіштен төмен болды. 2016 жылдың қорытындысы бойынша 108,4 пайызды құраса, ҚР бойынша – 108,5 пайыз. Бұл ретте көптеген өңірлермен салыстырғанда біз әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлар бағасын және оның өсу динамикасын 110,9 пайызда ұстап отырмыз, орташа республикалық көрсеткіш – 112,2 пайыз.
Жыл ішінде 543,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл  2015 жылға қарағанда 16,8 пайызға артық. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3 жылда 2 есеге артты.  
48 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілді (білім саласында – 22, денсаулық сақтау саласында – 14, әлеуметтік салада – 1, мәдениетте – 3, архив – 1, спортта – 1, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша 4 жоба, мемлекеттік органдарды дамыту бойынша – 2), оның 25-і пайдалануға берілді (білім саласында – 6, денсаулық сақтауда – 12, әлеуметтік салада – 1, мәдениетте – 2, «Бизнестің жол картасы-2020» бойынша – 3, мемлекеттік органдарды дамытуда – 1), 23 нысанның құрылысы 2017 жылы аяқталады. Апаттық жағдайдағы мектептердің орнына басымдылық ретінде 12 мектептің құрылысы жүргізілді.
2016 жылы облыс бюджеті 238 млрд теңгеге жеткізіліп, 2015 жылға қарағанда 55 млрд теңгеге артты. Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығына қарамастан, өңірді дамытуға 62 млрд теңгеден аса қаржы бағытталды, бұл 2015 жылдан 19 млрд теңгеге көп.

ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН
ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ

2016 жылы өнеркәсіп өндіріс өнімінің көлемі 645,1 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 9,8%-ға кем. Оған барланған мұнай кеніштеріндегі қордың сарқылуына байланысты өнім өндіру көлемінің азаюы және әлемдік мұнай бағасының арзандауы ықпал етіп отыр. 2016 жылы барлығы 7,7 млн тонна мұнай өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 1,3 млн тоннаға немесе 2014 жылмен салыстырғанда 2,2 млн тоннаға кеміді.
Өңірдің мұнай өндіруге тәуелділігін ескере отырып, сонымен қатар экономика құрылымын өзгерту біршама уақытты талап ететіндігіне байланысты минералды-шикізат базасын әрі қарай дамыту және жаңа кен орындарын игеру жұмыстары жалғасуда.
Атап айтқанда, «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ мен «TOTO Group» ЖШС бірлесіп, Байжарқын алаңында алтын, мыс кендерін анықтау бойынша геологиялық барлау жұмыстарын бастады.
Сырдария және Шиелі аудандарында орна­ласқан Қызылорда Солтүстік алаңындағы («Даут Солтүстік-Батыс» рудалы алаңы және «Иркудукская» алаңы) және Жаңақорған ауданында орналасқан Қызылорда Оңтүстік («Бурабай-Жалғызағаш», «Шынсай», «Арқабұлақ», «Шарахдан» және «Майдантал» рудалы алаңдары) қатты пайдалы қазбалардың аз зерттелген учаскелерін жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну бойынша нысандар тізіміне енгізу мәселесі пысықталуда.
Жалпы облыс аумағында 152 жер қойнауын пайдалануға рұқсат құжаттары бар 92 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс істейді.
Сонымен қатар, 2014 жылдың ортасынан бастап өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсу үрдісі байқалуда. 2016 жылдың қорытындысымен шикізаттық емес секторда өнім өндірісі 15 пайызға (117 млрд теңгенің өнімі өндірілді) ал, 2012 жылмен салыстырғанда  52 пайызға артты.
Мысалы, тамақ өнімдері өнеркәсібінде 33,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан.
Мұнай өнімдерін өңдеу (жанармай-жағармай, солярка, мазут, көмірсутекті сұйытылған газ) көлемі 5,6 пайызға өсті.  4,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Химия өнеркәсібі саласында өнім өндіру 5,1 пайызға артып,  10,0 млрд теңгеге жетті. Бұл салада Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске қосылған «Хуа Ю Интернационал Қызылорда» ЖШС (мұнай өндірісіне қажетті химиялық реагенттер өндіру) және «СКЗ-U» ЖШС (күкірт қышқылын өндіру) тұрақты жұмыс жасайды.
Резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 20,5 пайызға артып, 4,2 млрд теңгені құрады.  «Қуат» ЖШС және «Кемикал» Қазақстандық мұнайхимиялық компаниясы» ЖШС резеңке және пластмасса бұйымдарын өндірудің ең көп үлесін алып отыр.
Металлургия өнеркәсібі саласында өнім өндіру 32,2 пайызға артып, 47,6 млрд теңгеге жетті. «Шала тотық және уран тотығын» өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ға  қарасты «Байкен-U» ЖШС осы салада жұмыс жасайтын ең үлкен кәсіпорын болып табылады.
Машина жасау саласында өнім өндіру 2,1 пайызға артты.
Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған 27 жобаның, қазір 21-і өнім шығаруда: 15 кәсіпорын 90 пайыздан 100 пайызға дейін, 4 кәсіпорын 50 пайыздан 90 пайызға дейін, 2 кәсіпорын 50 пайызға дейін жоспарлы қуаттылыққа шықты. Әртүрлі себептерге байланысты 6 жоба өнім шығармай отыр. Олар бойынша нақты жұмыстар жасалуда.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс өңірлер арасында бірінші болып Индус­трия­­ландыру картасын өзектендіру бойынша жұмыстар жүргізді.
Нәтижесінде, Картадағы 50 жобаның ішінде  инвестиция көлемі ең төмен және бағдарламаның басымдықтарына сәйкес келмейтін жалпы құны 17,9 млрд теңгені құрайтын 30 жоба Картадан шығарылды.
Сонымен қатар, 2000-нан астам жұмыс орнын құру қарастырылған, құны 246,3 млрд теңге болатын 2 жоба республикалық Индустрияландыру картасына енгізу сатысында («Шалқия» полиметалл кен орнын өнеркәсіптік игеру және «Кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт құрылысы»).
Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған  ірі өндіріс орындарын құру жұмыстары жалғасуда.
Құрылысы жүріп жатқан шыны зауытына қажетті жабдықтардың 90 пайыздан көбі жеткізілді. Зауыт орналасқан индустриялық аймаққа бюджет қаражаты есебінен қосымша газбен және электрмен жабдықтау желілері жеткізілді. Ағымдағы жылдың қазан айында зауытты пайдалануға беру жоспарланған. Бұл 300-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді.
Шиелі ауданы «Баласауысқандық» кен орнында ванадий өндірісін игеру жалғасуда.
2016 жылы «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу» жобасын дамыту барысында «Фирма Балауса» ЖШС компаниясы жұмысын жалғастырды. 2015-2016 жылдар аралығында компания жобаға 2,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды.
Кен орнында тәжірибелік өнеркәсіптік барлау жұмыстары аяқталды. 2016 жылы кәсіпорын метаванадат аммоний және ванадий бесоксидін Ресей және Тайваньға экспорттауды бастады.  Метаванадат аммоний сыналатын партиясы АҚШ-қа жолданды. Басқа елдердің нарығына шығару талқылануда.
Сонымен қатар, 2016 жылдың қараша айында Лондонда «Ұлыбритания - Қазақстан Республикасы»  үкіметаралық комиссиясының отырысында «Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатасты автоклавты өңдеу» инвестициялық жобасын жүзеге асыру келісіміне қол қойылды. Нәтижесінде, инвестициялық жобаның ІІ және ІІІ кезеңдерін іске асыруға «Ferro-Alloy Resources Limited» компаниясы тарапынан 125 млн АҚШ доллары көлемінде қаржыландыру туралы шешімі қабылданды.
«Шалқия» кен орнындағы тау-кен байыту комбинатының және газ-турбиналық электр станциясы құрылысының қаржыландыру мәселесін «Самұрық-Қазына» қоры мен Еуропалық Қайта құру және Даму Банкі (ЕҚҚДБ) қарастыруда.
Халықаралық стандарттарға сәйкес Еуропалық Қайта құру және Даму банкі 3 кезеңді ашық конкурс өткізіп, құрылысты салатын бас мердігерді анықтайды. Тау-кен байыту комбинаты құрылысының техника-экономикалық негіздемесі және Банктік техника-экономикалық негіздемесі  2016 жылдың қазан айында аяқталды. Электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру және дайын өнімнің құнын төмендету үшін газтурбиналық электр станциясы және тау-кен байыту комбинатының  құрылысы 2017 жылы басталады.
Сонымен қоса, 2016 жылдың 6 желтоқсанында әлемдік мырыш кен орны бойынша бірінші «бестікке» кіретін «Шалқия кен орнындағы тау-кен байыту комбинатының құрылысы» Индустрияландыру күні аясында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Телекөпірге ұсынылды.
Қызылорда қаласындағы Ферроқорытпа зауытының құрылысы жобасы бойынша техника-экономикалық негіздеме әзірленді және мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сонымен қатар, жобаның операторы болып саналатын ICMD, «Ферросплав инжиниринг» және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ компанияларының қатысуымен «Қызылорда ферроқорытпа зауыты» ЖШС құрылды. Ферроқорытпа зауытын «Титов» қыстағы жанындағы индустриялық аймаққа орналастыру үшін 50,0 гектар жер телімі берілді.
Ферроқорытпа зауытын және жаңа ГТЭС құрылысын қаржыландыру үшін Польша инвесторымен және бас мердігерімен келісімге қол жеткізілді.
Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Польша тарапынан 300,0 млн АҚШ долларын бөлу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, оның ішінде Қызылорда қаласында ферроқорытпа зауытының құрылысы жобасы бар. Қызылорда облысының әкімдігі және «EMP Energy and Metallurgical Products Sp. z o. o.» поляк компаниясы арасында «Қызылорда қаласында арнайы және кешенді қорытпа шығаратын Ферроқорытпа зауытының құрылысын салу, жылдық жобалық қуаттылығы 162 мың тонна төмен мөлшерлі алюминийлі ферросилиций» және жобалық қуаттылығы бірінші кезеңде кемінде 150 МВт, одан әрі 210 МВт-ға дейін кеңейетін «Жаңа газтурбиналық электр станция құрылысы  туралы» келісімге қол қойылды.
2016 жылы екі цемент зауытының құрылысы басталды: Жаңақорған ауданында құрылыс цементі зауыты (қуаттылығы жылына – 390 мың тонна), Шиелі ауданында тампонажды цемент зауыты (қуаттылығы жылына – 1 млн тонна). Осы екі жоба бойынша инвестицияның жиынтық көлемі – 74 млрд теңге.  Бұлардың жүзеге асырылуы 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. 2018 жылдың басында пайдалануға беру жоспарланған.
2016 жылы «Арал тұз» акционерлік қоғамы, техникалық және ас тұзын шығаратын екінші цехты іске қосты, бұл майда ас тұзын өндіру қуаттылығын 7 есеге арттыруға, шығарылатын өнім түрлерін көбейтуге және 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
«Арал тұз» акционерлік қоғамы Арал қаласындағы кальцийлендірілген сода зауыты құрылысына Қазақстанның Даму банкі арқылы инвестиция тарту мәселесін пысықтауда.  
Жобаның жалпы құны – 81,3 млрд теңге, қуаттылығы жылына 300 мың тоннаны құрайды. Өнім өндірісінде  қазіргі заманғы «Solvay»- бельгиялық компаниясының технологиясы пайдаланылатын болады.
Қазіргі таңда «Қазақстанның даму банкі» АҚ осы жобаның қаржыландырылуын қарастыруда  (ТЭН банктің қарауында).  
Кальцийлендірілген сода – химия өнеркәсібінде кеңінен талап етілетін компонент. Одан бөлек, шыны өндіруде қолданылатын және бұл облыста өндірілетін тағы бір компонент.
Сонымен бірге, ішкі нарық және шикізат өндіретін кен орындарының жақын болуы өнімнің өзіндік құнының арзан болуына ықпал етіп, нарықтық бәсекеде басты артықшылық береді.
Бүгінде жылдық көлемі шамамен 400 мың тонна кальцийлендірілген сода нарықта 100 пайыз импортқа шығарылады.
Инвесторлармен жұмысты жандандыру мақсатында 2016 жылдың қаңтар айында Қызылорда облысына инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторларды тарту бойынша Өңірлік кеңес құрылды. 2016 жылы Кеңес отырысында «Қызылорда облысының 2020 жылдарға дейінгі инвестициялық стратегиясы» бекітілді.
Одан бөлек, инвестициялық форумдар өткізу үрдісі жалғасуда. 2016 жылы VII және VIII инвестициялық форумдары өткізілді, мұнда 26 меморандум мен келісімдерге қол қойылды.
Форумға бизнес-қауымдастық, банк секторы, инвесторлар және мемлекеттік органдардың даму институттары, ұлттық компаниялар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері және отандық кәсіпкерлер қатысты.
Одан бөлек, өткен жылы бірінші рет халықаралық интернет-форум өткізілді.

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 2016 жылы кәсіпкерлікті қолдауға және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға 1,7 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде:
Жалпы кредиттік портфелі 29,1 млрд теңгені құрайтын 401 жоба (субсидиялаудың қолданыстағы келісімшарты бойынша 319 жоба, субсидиялаудың жаңа келісімшарты бойынша 82 жоба) 1,3 млрд теңге субсидия алса, сондай-ақ шағын және орта бизнестің 48 субъектісі жалпы құны 170 млн теңгеге қосымша кепілдік алу мүмкіндігін пайдаланды.
Қызылорда қаласының ауылдық елді мекендері мен  ауылдық округтерінің  микробизнестің 21 субъектісі жалпы құны 19 млн теңгеге қайтарымсыз гранттар алды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының өңірде жүзеге асуы барысында 2016 жылы алғаш рет шағын кәсіпкерлік субъектілерін «шағын несиелендіру» бағыты жүзеге асырылды. 200 млн теңгенің шағын несиелері Қызылорда қаласының  ауылдық елді мекендері мен ауылдық округтерінің 47 кәсіпкерлік субъектісіне ұсынылды.
Оған қоса, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты «Экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлерді салалық қолдау» аясында Қызылорда қаласының индустриялық аймағында инфрақұрылымды дамыту мақсатында қуаттылығы 35/10 кВт болатын трансформатор орнатылды және 4 шақырымдық ВЛ-35 кВт электр желісі мен 14,7 шақырым жоғары қысымдағы газ құбыры салынып, Қызылорда АГТС-2 кеңейтілді.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп 2016 жылы «Микробизнес-Қызылорда» пилоттық жобасын бастады. Бір жылда 774 млн теңгенің 124 жобасы іске асырылып, 400-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Негізгі акцент – жеке қосалқы шаруашылықтың  әлеуетін пайдалану, олардың базасында  ет және сүт бағытындағы ауылшаруашылық кооперативтерін дамыту.
Екі жылда Өңірлік инвестициялық орталық арқылы елді мекендерден түскен 184 жоба 1 млрд теңгеден астам қаражатпен қаржыландырылды. Олардың басым көпшілігі (70 пайызы) – кәсіпкерлікті енді бастағандар. Нәтижесінде, елді мекендерде 650-ден астам  жаңа жұмыс орны ашылды.
«Даму-Аймақтар» бағдарламасы шеңберін­де құны 1,5 млрд теңге тұратын 48 жоба несие­лендірілді. «Байқоңыр-Инвест» VII Инвестициялық форумында   облыс әкімдігі мен «Даму» КДҚ» АҚ арасындағы келісіміне сәйкес, оның 500 млн теңгесі облыстық бюджеттен және 1 млрд теңгесі «Даму» қорынан бөлінді.

ТУРИЗМ

Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту шеңберінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойынан қызмет көрсету нысандарының құрылысы үшін 37 орын белгіленді.
16 нысан пайдалануға берілсе, 2017 жылдың аяғына дейін тағы 20 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында қызмет көрсету нысандарының қызметін реттеу бойынша жұмыс тобы жұмыс жасауда.
Жалпы, шағын және орта бизнесті қолдауға, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнім өндірушілеріне 2016 жылы 16 млрд теңге қаржы бағытталды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 45 пайызға өскен.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
2016 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 79 млрд. теңгені құрады немесе өсім 7,3% болды. Салаға тартылған инвестиция 2,3 есеге артып, 3,8 млрд теңгені құрады.  
Аграрлық саланы мемлекеттік қолдау мақсатында өткен жылы 9,1 млрд теңге бөлінді немесе 2015 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.
Мал басының барлық түрлері бойынша өсім байқалады. Мүйізді ірі қара саны 0,4%, қой мен ешкі 8,4%, жылқы 0,8%, түйе 3,2%-ға көбейді.
Ет өндіру (тірілей салмақта) 3,6%-ға, сүт 1,1%, жұмыртқа 0,9%-ға артты.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бір жыл ішінде 746 фермерлік шаруашылықтарды біріктіру жолымен 133 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды.

ӨСІМДІК ШАРУАШЫЛЫҒЫ

2016 жылы облыс бойынша барлығы 168,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1212 гектарға артық (2015 жылы – 167,3 мың га).
Егіс көлемін әртараптандыру аясында күріш егу көлемі 4 мың га азайтылып, мұнымен бірге жоңышқа (780 га), бидай (3,7 мың га), картоп (570 га), көкөніс (215 га), бақша өнімдерін (760 га) егу көлемі ұлғайды. 20377 га жаңа жоңышқа, 3348 га жаздық бидай, 507 га дәндік жүгері, 160 га жаздық арпа, 407 га тары, 210 га сұлы, 5878 га мақсары, 70 га күнбағыс, 4742 га картоп, 4947 га көкөніс, 7102 га бақша, 100 га мал азықтық асқабақ және 710 га сүрлемдік жүгері егілді. Негізгі дақыл – күріш көлемі 79598 га құрады.
2016 жылы күріш егісі алғаш рет жоғары 100 пайыз репродукциялық тұқыммен егілді.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында Сыр диқандары рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, гектарына 54,9 центнер, жекелеген шаруашылықтар гектарына 80 центнер өнім алды. Бұл күріш шаруашылығының тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Бүгінде күріштің өнімділігі 1991 жылғы көрсеткіштерден төрттен бір есеге артық. Тек соңғы 3 жылдың ішінде күріштің жалпы өнім көлемі егіс көлемі аумағының көбеюінен емес, өнімділікті арттыру есебінен үштен бір еседен (32%) астамға дейін көбейді.
Ауыл шаруашылығы өнімін өткізу нарығында өңір тарихында алғаш рет кешенді маркетингтік зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның негізінде облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020 жылға дейінгі Агрокартасы әзірленіп, экспорттық потенциалды арттыру және нарықты кеңейтудің негізгі мақсаттары айқындалды.
Тәжірибе негізінде Иран нарығында үлкен сұранысқа ие «Тором Хошеми» күріш сор­ты егіліп, сапа мен көлемі жағынан жақсы өнім берді. Нәтижесінде күрішті экспорттау үшін Иран бизнесмендерімен келісім жасалды.
Бақша дақылдары өндірісін қалпына келтіруді жүргізудеміз. 2016 жылы көп жылдардан бері тұңғыш рет жергілікті қауындарды Ресей және Қырғыз елдеріне экспортқа шығардық.

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

2016 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнімділікті және өнімнің сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен 2709 млн теңге бөлініп, 520 шаруашылық мемлекеттік қолдауға ие болды.
Мемлекеттік қолдаудың есебінен 2016 жылы 1288 бас асылтұқымды ірі қара малы, 8453 бас қой, 324 бас жылқы және 25 бас асыл тұқымды түйе сатып алынды.   
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның жеңілдетілген несиелерін алуға облыс шаруашылықтары­ның қатысуы жалғасуда.
«Сыбаға» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 114 шаруа қожалығы 910,0 млн теңге несие қаражатын алып, 5259 бас сиыр (жоспар – 4200) және 245 бас бұқа (жоспар – 142) сатып алып, жоспар 125,2% орындалды.
«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 1200 бас қой және 42 бас қошқар сатып алу жоспарланып, 18 шаруашылық арқылы 61,7 млн теңге несие қаражатына 2470 бас қой, 98 бас қошқар сатып алынып, жоспар 2 есеге орындалды.
«Құлан» бағдарламасы бойынша 1025 бас аналық жылқы және 72 бас айғыр сатып алу жоспарланды. 41 шаруашылық 300,8 млн теңге несие қаражатын алып, 1013 бас аналық жылқы және 106 бас айғыр сатып алып, жоспар 99% орындалды.  
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен мән берілуде.
2016 жылы Шиелі ауданында тәулігіне 400 литр шұбат өндіру цехы іске қосылды.
Қызылорда қаласында жартылай ет фабрикаттарын өндіру фабрикасы, Сырдария ауданында жылдық қуаты 250 тонна ет комбинатымен 10 мың бас қозы өсіру кешені салынды.
«Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының қаржысы есебінен Сырдария ауданында қаз және үйрек өсіру құс фермасын салу несиелендірілді. Қазіргі таңда 10 мыңнан астам құс өсірілуде.
Сырдария ауданындағы «Шаған Жер» ЖШС 3000 бас мүйізді ірі қара малды бордақылауға арналған алаңының құрылысын аяқтап, мал бордақылау жұмыстары жүргізілуде.
Қазалы ауданында «Сыр маржаны» ЖШС мал бордақылау алаңын іске қосты. 2016 жылы 500 бас малды етке сойып, 100 тоннадан астам сиыр етін сатуды қамтамасыз етті. 2016 жылдың 14 қарашасында «Сыр маржаны» ЖШС ЕАЭО (ЕАЭО мүше елдерінің ветеринариялық талаптарға сәйкес шаруашылықтар тізімі) реестріне енгізіліп, кәсіпорын өзінің өнімдерін Ресей Федерациясына экспортқа шығаруға мүмкіндік алды.

АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ

Азық-түлік тауарларының 2016 жылдың желтоқсан айындағы бағаларын алдыңғы жылдың желтоқсан айымен салыстырғандағы индексі облыс бойынша 110,1% (Респуб­лика бойынша – 109,7%) құрады. Азық-түлік тауарлары бағалары индексінің өсуі сырттан тасымалданатын, облыста өндірілмейтін (алкогольді ішімдіктер, темекі, көкөністер мен жемістердің кейбір түрлері, қант және т.б.) өнімдерге бағаның өсуімен түсіндіріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша индекс 110,9% құраса, рес­пуб­лика бойынша 112% құрады.
Тұрақтандыру қоры жұмысын жалғастыруда. Қорда 2304,7 тонна өнім бар, 13 «Дәмді» әлеуметтік дүкендері және аудан орталықтарында операторлардың сауда нысандары  арқылы сатылуда.
Облыста азық-түлік тапшылығын болдырмай, нарықты молайту бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Мирас» сауда үйі арасында жасалған әріптестік келісім негізінде 2016 жылы 15042,0 тонна өнімдер нарық бағасынан 15-20% төмен бағада сатылды (2015 жылы – 17 792 тонна).
2016 жылы 60 жәрмеңке өткізіліп, 823,1 млн теңгеге 6 362,7 тонна өнім нарық бағасынан 10-15 пайыз төмен бағада сатылды.

ВЕТЕРИНАРИЯ

Эпизоотиялық іс-шаралардың алдын алу мақсатында жылда ветеринариялық іс-шаралар жүргізілуде. 2016 жылы аса қауіпті 15 түрлі жұқпалы ауруға қарсы іс-шараларды атқару үшін 635,9 млн теңге бөлінді, сонымен қатар жануарлардың энзоотиялық (МІҚ тейлериоз, пироплазмоз, уақ малдың фациолез, жылқының сақау, гасторфилез, түйенің трипаносомоз) ауруларына қарсы егу үшін облыстық бюджеттен 167,9 млн теңге бөлінді.
Сібір жарасы індетінің орындарын нақтылау жұмыстары жүргізілді. 60 ошағы белгіленді. Заң талаптарына сәйкес қоршалып, қауіпсіздік сілтемелері орнатылды.
Жалпы облыста эпизоотиялық жағдай тұрақты.
Облысты аусыл ауруынан буферлік аймақтан шығару жұмыстары жалғасуда.
Облысты буферлік аймақтан шығару мақсатында бекітілген жоспарға (572,2 мың доза МІҚ, 1508,9 мың доза уақ мал және 6,0 мың доза шошқа) сәйкес ауыл шаруашылығы жануарлары аусыл ауруына қарсы толық алдын ала егілді. Аусыл ауруына қарсы Ресей Федерациясында дайындалған тазартылған А, О, Азия-1 үш валентті вакцинасы қолданылды. Аусыл ауруына қарсы мүйізді ірі және уақ малға алдын ала егу жұмыстары жылына 2 рет (көктем, күз ) жүргізіледі.
Сонымен қатар, облыс аумағын аусыл ауруынан қорғау мақсатында, сырттан келетін және облыс көлемінен шығарылатын жануарлардың қозғалысына бақылау орнатылған.

ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ МЕЛИОРАЦИЯ

Облыс елді мекендерінің экологиялық жағдайын және аяқ сумен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін 5 каналды тазалау жұмыстары жүргізілді  (Қазалы ауданының Сарыбұлақ ауылдық округін аяқ сумен қамтамасыз ету, Жалағаш ауданы Аққұм ауылдық округіндегі «Ақарық» каналы, Сырдария ауданы Жетікөл ауылдық округіндегі «Жыңғылдыкөл» каналы, Шиелі ауданы Шиелі кентіндегі «Базар арығы» каналы, Шиелі ауданы Сұлутөбе ауылдық округіндегі «Бозарық» каналы)  2 дана  насос қондырғылары алынып берілді (Қазалы ауданының Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті). Нәтижесінде облыстың 5 елді мекені аяқ сумен қамтамасыз етілді.
Мемлекет басшысының суармалы жерлерді қайта айналымға енгізу және апатты су қоймаларды жөндеу және жаңа су қоймаларын салу есебінен қажетті су көлемімен қамтамасыз ету қажеттігі туралы тапсырмасына сәйкес суармалы жерлерді қалпына келтіру мәселесі пысықталуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаттары негізінде қаржы көздерін тарту, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен суармалы жерлерді қалпына келтіруге бағытталған жобаларды жүзеге асыру  бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен 238,6 мың гектар суармалы жердің 188,4 мың гектарын қалпына келтіру жоспарлануда.
Қазіргі уақытта, Дүниежүзілік банктың  қаражаты есебінен ПУИД-2 жобасын іске асыру көзделіп отыр, жобаға жалпы құны 7 млрд теңге құрайтын Жалағаш ауданының (Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәдениет ауылдық округтері) инженерлік жүйеге келтірілген 15,1 мың га суармалы жерлері енгізілген. Жоба аймақтарында зерттеу және жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Қызылорда облысының 144 мың гектар жерін ирригациялық және дренаждық жүйелерін жетілдіру жобасының 3-кезеңіне қосылу мәселесі пысықталуда.
Ислам банкімен 29 мың гектар суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.   
«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші фазасын жүзеге асыру мәселесін пысықтау жұмыстары жалғасын табуда.
САРАТС-2 жобасына енгізілген жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын апаттық жағдайдағы Қызылорда су торабының шлюз реттеуішін қалпына келтіру компонентін басымдылық ретінде республикалық бюджет есебінен шешу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте, қалған 5 компонент Дүниежүзілік банкпен келіссөздерді жалғастыру арқылы Дүниежүзілік банк заемы есебінен жүзеге асырылатын болады.
2016 жылдың қараша айында Сырдария өзені бассейнінің су ресурстарын пайдалану мен қорғау жөнінде Өзбекстан тарапымен бірлескен жұмысшы тобы құрылды. 2016 жылдың  желтоқсан айында  Ташкент қаласында бірлескен жұмысшы тобының бірінші кездесуі өтіп,  келесі отырысы 2017 жылдың ақпан айында Шымкент қаласында өтеді деп жоспарлануда.
Осы кездесу барысында САРАТС-2 жобасының жүзеге асыру мәселесі бойынша түпкілікті шешім қабылданады деп жоспарлануда.

БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ

САРАТС-1 жобасын жүзеге асыру нәтижесінде соңғы 4 жылда балық аулау  65%-ға көбейді. 2016 жылы облыс бойынша ауланған балық көлемі 7883 тоннаны құрады (Кіші Арал теңізінен  7106 тонна ауланды).
Облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.
Барлық кәсіпорындар халықаралық стандарттарға сәйкес құралдармен жабдықталған.
2 кәсіпорын өнімдерін Еуроодақ елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін «Еурокод» эскпорттаушының тіркеу нөмірін алған.
Балық өнімі (балық филесі, ысталған, қақталған, мұздатылған) алыс-жақын шетелдерге – Ресей, Грузия, Дания, Польша, Әзербайжанға экспортталды.
 2016 жылы барлығы 3604 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды, соның ішінде Ресей Федерациясына – 2191,2 тонна, Данияға – 453 тонна, Польшаға – 259 тонна, Әзербайжанға – 420 тонна, Грузияға – 280 тонна.
2015 жылмен салыстырғанда балық өнімдерінің экспорты 2 есеге, ал 2012 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге өсті. Балық өңдеу көлемі соңғы 4 жылда 2,5 есеге артты.
Еуразиялық экономикалық одақ Қызылорда облысының кәсіпкерлеріне көршілес мемлекеттердің кәсіпкерлерімен ешқандай кедергісіз байланыстар орнатып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік ашты.
Солардың бірі Арал балықшыларының Ресей кәсіпкерлерімен бірлесіп ашқан «Димитровград балық өлкесі» балық өңдеу зауыты.
2016 жылы 8-9 шілдеде Арал өңірі балықшыларының екінші слеті өткізілді. Онда облыстағы балық шаруашылығының  даму мәселелері жан-жақты талқыланды.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ

2016 жылы облыс тұрғындары мен облыс аумағындағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және алдағы қысқы инженерлік-техникалық, ұйымдастыру іс-шаралары кезеңінде 410,8 млн теңге қаржы бөлінді. Осының негізінде, Сырдария өзенінің зақымдалған қорғаныс бөгетінің жалпы ұзындығы 33,4 км құрайтын 28 қауіпті учаскелеріне жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жасалынды.
Сонымен қатар, аса қауіпті індет ауруы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 166,3 млн теңге қаржыға  облыстың  135 елді мекеніндегі барлық мал басы мен қораға және суат, шаңлақтарға көктемгі және күзгі залалсыздандыру жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілді.

ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ

2016 жылы экономика салаларында 11206 жұмыс орны құрылса, оның 9873-і тұ­рақты. Жұмысқа орналасу бойынша хабарласқан 32847 адамның 16518-і немесе 50,2%-ы жұмысқа орналастырылды.
115 рет бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, оған 6,2 мың бос орын ұсынған 1603 жұмыс беруші қатысты. Жәрмеңке қорытындысымен 6,3 мың жұмыссыз жұмыспен қамтудың  белсенді түріне жолдама алды.
Кәсіпорындарда экономикалық жағдайдың нашарлауына және жұмыс көлемдерінің төмендеуіне байланысты, жұмысшыларды жалпы жұмыстан босатуына жол бермеу мақсатында барлық ірі және орта кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау және жұмысшылардың еңбегін қорғау және кепілдендіру құқықтарын сақтау туралы меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде облыс бойынша жыл ішінде барлығы 503 адам ғана жұмыстан босатылса, оның 174-і жұмысқа орналастырылып, қалғандарын жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Әлеуметтік мәселелерді шешудегі тиімді құралдардың бірі «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырылуы болды. 2016 жылы оны жүзеге асыруға 6,5 млрд теңге бағытталды. Бағдарламаға 10717 адам қатысса, оның 8339-ы – жұмыссыздар.
Бірінші бағыт бойынша – инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту есебінен жұмыспен қамтамасыз ету бойынша 266 жоба жүзеге асырылды.
Екінші бағыт бойынша – 2,2 млрд теңгенің 800 шағын несиесі беріліп, 440 адам  өз кәсібін ашты.
Үшінші бағыт бойынша – 248 мекеме мен кәсіпорындарға 859 адам жолданды.
Жас мамандарды жұмысқа орналастыруға бағытталған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. 2016 жылы елді мекендерде тұрып, жұмысқа орналасу үшін келген 307 денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені мамандарына 213,5 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді.
Тұрғын үй сатып алу үшін 1325,1 млн теңге бөлінді, 438 маман жеңілдетілген несие алды. Оның ішінде білім саласында жеңілдетілген несиені – 256 маман, денсаулық сақтауда – 140 маман, мәдениетте – 20 маман, әлеуметтік қамсыздандыруда – 2 маман, спортта – 13 маман, агроөнеркәсіп кешенінде  7 маман алды.
Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, жұмыссыздық деңгейін жыл басындағы 5,0 пайыздан 4,8 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік болды (2016 жылдың 3-тоқсаны). 15-28 жас аралығындағы жастар жұмыссыздығы деңгейі 4,9 пайызға төмендеді (2016 жылдың 3-тоқсаны).
2016 жылы 4417 (мемлекеттік тапсырыс бойынша) колледж бітірушілердің 90,7 пайызы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді, 3970-і жоғары оқу орнына түсті (64 пайыз).
Аз қамтылғандардың ішінен азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 796 адамға қысқарса, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішіндегі еңбекке жарамды азаматтардың үлесі 0,2 пайыздық пунктке төмендеді (2015 жылғы 29,2 пайыздан, 2016 жылы 29 пайызға).
Әлеуметтік қорғау шаралары шеңберінде 69775 аз қамтылған азаматтарға 1507,3 млн теңге көлемінде әлеуметтік көмектер мен балаларға арналған жәрдемақы төленді.
«Өрлеу» жобасы шеңберінде 1406 азаматқа шартты ақшалай көмек тағайындалып, 40,6 млн теңге төленді.
Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын халықтың әлеуметтік  аз қорғалған топтың 497 студентіне білім беру қызметін төлеуге 221,1 млн теңге бөлінді.
Мемлекетпен қарастырылған барлық әлеуметтік міндеттеме уақытылы және толық көлемде төленді.
 «Сыр мейірімі» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру жалғасты (үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында). Есепті кезеңде өзін-өзі күте алмайтын науқас, сапалы тамақтануды қажет ететін 784 жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге 34,4 млн теңгеге 59489 рет қайырымдылық ұйымдастырылды.
Орталықтандырылған деректер қорына сәйкес, 2017 жылдың 1 қаңтарына облыс­та 29113 мүгедек есепте тұр, оның ішінде 2756 адам – I топтағы мүгедек, 11411 адам – II топтағы мүгедек, 10156 адам – III топтағы мүгедек, ал 4790-ы – мүгедек балалар.
«Мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз етудің Жол картасы» шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін сапалы деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар жалғасын тапты.
2016 жылы 9248 мүгедекке жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп, 13630 жеке оңалту бағдарламасы орындалды.
Жұмыспен қамту органдары арқылы 671 мүгедек жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 409 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылды, 33 мүгедек әлеуметтік жұмысқа орналастырылды, 30-ы жастар тәжірибесіне жіберілді, 199 мүгедек қоғамдық жұмыстарға тартылды, 36 мүгедекке шағын несие берілді.
Еңбек адамдарының беделін көтеру және танымал ету, ең жақсы өндірістік және отбасылық дәстүрді насихаттау мақсатында облыста үшінші жыл қатарынан «Еңбек күні» мерекесіне орай еңбек династиясының форумы өткізілуде.
2016 жылы оған теміржолшылар, мұнайшылар, ауыл шаруашылығының еңбеккерлері, құрылысшылар, дәрігерлер, ұстаздар, электриктер бар 8 еңбек династиясы қатысты.
2016 жылы Қызылорда қаласының Талсуат кентіндегі 300 орындық ересектерге арналған жүйке жүйесі аурулары үйінің құрылысы аяқталды. Бұл 2013 жылдың басынан келе жатқан 37 проблемалық нысанның соңғысы болатын.

БІЛІМ БЕРУ

2016 жылғы білім беру саласындағы маңызды басымдылық бұл апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу, 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды көбейту және еңбек нарығындағы қажеттілікке бағытталған сапалы жаңа деңгейдегі мамандарды дайындау.
2016 жылы білім беру саласына бөлінген қаражат облыс бюджетінің 38 пайызын құрап, бұл бағытқа 75 млрд теңге бөлінді, 2015 жылмен салыстырғанда  10 млрд теңгеге артқан.

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ

2017 жылдың 1 қаңтарына облыста жалпы саны 52 899 баланы құрайтын 791 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар.
2015 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны 143 бірлікке жетіп, балалар саны 9548-ге  артты. 542  балабақшаның 158-і мемлекеттік, ал мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жұмыс жасап жатқан  жеке балабақшаның саны 384-ті құрап отыр. Жеке балабақшалардың үлесі  70,8 пайызды құрады (2015 жылы 60 пайыз). 2012 жылмен салыстырғанда мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жұмыс жасап жатқан балабақшалар саны екі есе артқан. Білім саласын мемлекеттік-жеке әріптестікпен дамыту бойынша Қызылорда облысының оң тәжірибесі жөнінде Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстаннның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»  атты Жолдауында атап өткен болатын.
2016 жылы 550 орынға арналған 4 балабақшаның құрылысы жүргізілді, оның ішінде 370 орынға арналған 2 балабақша пайдалануға берілді, олар: Қазалы ауданының Жалаңтөс батыр елді мекеніндегі 90 орындық және Қызылорда қаласында Көшербаев көшесіндегі  280 орындық балабақша. Сондай-ақ, Қармақшы ауданындағы Жосалы кентінде 90 орындық «Айгөлек» және «Ертөстік» атты 2 балабақша 2017 жылдың 3 тоқсанында пайдалануға берілетін болады.
Соңғы бірнеше жылдар бойы жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен мерзімінен бұрын 100 пайыз қамтылды. 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі дайындықпен қамту 52,4 пайыздан 54,3 пайызға өскен. Мектепалды даярлықпен балалар 100 пайыз қамтылды.
ОРТА БІЛІМ БЕРУ

2016-2017 оқу жылының басында облыста 141 мың оқушыны қамтыған  жалпы білім беретін мемлекеттік 293 мектеп жұмыс жасайды.
2016 жылы 2430 орынға арналған 18 мектептің, оның ішінде апатты жағдайдағы 15 мектеп құрылысы жүргізілді, 800 орынға арналған 4 мектеп (Жаңақорған ауданы Талап ауылындағы 100 орындық мектеп, Арал ауданы Жіңішкеқұм елді мекеніндегі 100 орындық мектеп, Шиелі ауданы Тәжібаев ауылындағы 300 орындық мектеп, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі 300 орындық мектеп), оның ішінде апатты жағдайдағы мектептердің орнына 3 мектеп пайдалануға берілді.   Жергілікті  бюджет есебінен құрылысы жүріп жатқан апатты жағдайдағы мектептер орнына бой көтеретін 12 мектепті (Арал ауданындағы – Ерімбетжаға, Көктем, Үкілісай, Аққұлақ, Құланды, Ескіұра, Қазалы ауданындағы – Лақалы, Майдакөл, Бірлік, Шәкен, Шилі, Қармақшы ауданындағы Қуаңдария елді мекендеріндегі)  2017 жылдың 25 мамырында пайдалануға беру жоспарланған.
Өткен оқу жылында 6564 түлек мектеп бітіріп, оның 4478-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысты.
ҰБТ-ға қатысқан оқушылар саны 2015 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға артқан.  2015 жылы ҰБТ-ның орташа балы 81,7-ні  құраса, 2016 жылы орташа балл 82,7-ні құрады. 143 түлек «Алтын белгіге» ие болды (2015 жылы – 139 түлек).
50-ден жоғары балл жинаған бітіруші түлектердің 94,6 пайызы облыстағы колледж­дер мен ЖОО-ларында мемлекеттік грант және ақылы негізде білім алуда (2014 жылы 88,3 пайыз, 2015 жылы – 91,2 пайызы).
2014 жылдан бастап өңір экономикасына мамандар дайындау мақсатында Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылды.
Бүгінде облыстың 390 түлегі Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарының білім гранттары  бойынша білім алуда, оның 110-ы  2016 жыл түлектері.
2016 жылы жаз мезгілінде демалу және сауықтырумен 1-10 сынып аралығындағы 121,6 мың бала қамтылды (2015 жылы – 108,7 мың бала) немесе 93,9  пайыз (2015 жылы – 92 пайыз). Сыртқы тынығу және сауықтыру лагері ұйымдары қызметінің негізгі бағыты - жыл бойы жұмыс жасау режиміне көшуі болып табылады. Қазіргі уақытта сыртқы 8 тынығу лагерінің 4-і жыл бойы жұмыс жасайды. Бұл лагерьлерде ҰБТ-ға дайындықтың жаңа форматында, халықаралық және республикалық олимпиадаларға дайындық  жұмыстары жүргізілуде.
Педагог мамандардың біліктілігін арттыруға да аса мән берілген. 2016 жылы Қызылорда облысы бойынша біліктілікті арттыруға  5842 педагог жіберілді (2015 жылы – 3788).
Ұстаздардың жалпы санынан жоғары және бірінші санаттағы білікті педагог мамандарының үлесі – 44,6 пайыз.

КӘСІПТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ

Қазіргі уақытта облыста 97 мамандық пен 167 біліктілік бойынша 22428 студентті оқытатын 31 колледж жұмыс жасайды.
Қызылорда облысындағы кәсіпкерлер Палатасымен бірлесе отырып оқытудың дуальды технологиясын оқу процесі элементтеріне  енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 2014 жылдан бастап дуальды оқыту жүйесіне тәжірибе жүргізу негізінде 23 мамандық бойынша 8 колледж жұмыс жасауда.
2016 жылы оқу бітірген 6505 студенттің бүгінгі күні 4359-ы жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 3255-і мемлекеттік тапсырыспен бітіргендер.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлы-техникалық колледжі республикадағы 10 үздік колледждің қатарына енді.
Ұлт жоспарының 79-қадамына сәйкес, Назарбаев зияткерлік мектебінің жұмыс тәжірибесін орта мектептерге үйрету мақсатында, ағылшын тілімен оқытатын мамандарды даярлауға КАТЕV және М.Мәметова атындағы  гуманитарлық колледжімен меморандум жасалған. Бұл тәжірибені жалғастыру үшін «магниттік» мектепке айналатын 46 инновациялық мектеп құрылған. 2017 жылы бұл мақсаттарға, яғни 45 физика кабинеті, 80 робототехника кабинеті, компьютерлер мен парталар сатып алуға 400 млн теңгеден астам  қаражат қаралған. 2018 жылдан бастап 75 ұстаз биология, химия, физика және информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын болады.
Қазіргі таңда, «КАТЕV» халықаралық қорынан шет тілі мамандығы бойынша білім алушыларды іріктеу, ағылшын тілін тереңдетіп оқыту бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

2016 жылы облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2015 жылмен салыстырғанда 32 пайызға өсті. Бұл саланың бюджеті 9,5 млрд теңгеге жетіп, 39,6 млрд теңгені құрады.     Ана өлімін, әлеуметтік-маңызды ауруларды және қатерлі ісікпен аурушаңдықты төмендету,  өңір тұрғындарына медициналық қызметтің, оның ішінде жоғары мамандандырылған медициналық қызметтің қолжетімділігін және сапасын арттыру бойынша іс-шаралар денсаулық сақтау саласының басты басымдықтары болып қала береді.
2016 жылдың 15 қаңтарындағы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, облыс әкімдігімен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Өңірлік іс-шаралар жоспары бекітілді. Өңірлік жоспарда 203 іс-шараны жүзеге асыру  және 28 индикаторларға қол жеткізу қамтылған. Өңірлік бағдарламаның басты мақсаты – облыс тұрғындарының денсаулығын нығайту арқылы өмір сүру ұзақтығын 71,91 жасқа дейін жоғарылату.
Есепті кезеңде медициналық көмектің барлық кезеңдерінде сапалы, уақытылы және қол жетімді медициналық қызметті қамтамасыз ету мақсатында медициналық қызметтің интеграцияланған моделін жүйелі ұйымдастыру бағытында жоспарлы жұмыс жасалынды. Демографияға елеулі әсер ететін және барлық өлім-жітімнің 52 пайызын анықтайтын  аурудың 5 тобы бойынша аталған модельді ендіруде 2016-2020 жылдарға арналған 5 Жол картасы әзірленді (Қызылорда облысындағы жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің патологияларында, жіті миокард инфарктінде, ми қан айналымының жіті бұзылысында, қатерлі ісіктер, жарақаттану, улану және оқыс оқиға жағдайларында, медициналық қызметтің интеграцияланған моделін ендіру бойынша Жол картасы).
Әрбір Жол картасы бойынша аурушаңдық жағдайына, көрсетіліп жатқан медициналық  көмектің сапасына, оның толықтығына және ресурстар жағдайына (кадр мәселесі  және материалдық-техникалық)  бағалау жүргізілді. Осы орайда, пациенттердің жүру бағытын ескерумен 3 деңгейдегі медициналық көмек көрсету жүйесі құрылды. 1 деңгейде бастапқы медициналық-санитарлық көмек барлық 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинеттермен қамтылды.
Көмек көрсетудің қалған деңгейлерінде  ауданаралық травматологиялық бөлімдерін жабдықтау, барлық аудандық ауруханаларда төсек-орындарын қайта қалпына келтіру, сонымен қатар, ауыр экстргенитальді аурулармен босанғандарға, жарақат және инсульт алған науқастарға оңалту жұмыстарын жүргізу мақсатында реабилитациялық және қайта қалпына келтіру бөлімшелерін ашу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға паллиативті көмек көрсету үшін 2016 жылы облыстық онкологиялық орталықта 15 төсек-орынға арналған паллиативтік бөлімше (хоспис) ашылды. Оларды бейімдеу мен сауықтыру бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Науқастармен тұрақты түрде психолог және әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды. Паллиативтік бөлімше басқару тетігі арқылы науқастар реттейтін трансформер керуеттермен жабдықталған. Әрбір науқас арнайы SOS білезіктерімен қамтылуда, олар арқылы кез келген уақытта мейірбикені көмекке шақыруға болады.
2016 жылы облыстың 135 маманы қайта даярлау курсынан өткізілді, барлық дәрігерлер санының 59,4 пайызы біліктілікті арттыру курстарымен қамтылды. 2016 жылы резидентурада қайта даярлау арқылы мамандарды тарту мақсатында облыс бюджетінің қаражаты есебінен 11 маман үшін  облыс әкімінің  гранты бөлінді.
Науқастарға көмек көрсету құқығын және тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында облыстың барлық медицина ұйымдарында емделушілерді (пациент) қолдау қызметі құрылды.
Халыққа қызмет көрсету сапасын жоғарылату және кезектілікті төмендету мақсатында БМСК ұйымдарында тіркеу бөлімінің жұмысы оңтайландырылды. Дәрігерге емделушілердің легін  азайту мақсатында жүйелі әкімшілік лауазымдар тағайындалды,  ірі емханаларда емделушілердің көп жиналатын жерлеріне бейнебақылау камералары қойылды.
2016 жылдың ақпан айында алғаш рет Emdeu.kz бірыңғай информациялық платформасы құрылып, Сall-центр қызметі кеңейтілді.  Бұл жүйе интернет, телефонды қолданып қажет дәрігерге жазылуға немесе үйден шықпай дәрігерді шақыруға мүмкіндік берді.
Алыс қашықтықта орналасқан елді мекендердегі тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында транспорттық медицина жұмысы ұйымдастырылды. 2016 жылы 132  елді мекенге жылжымалы медициналық кешендер шығып,  87261 адам қамтылды, оның скринингпен қамтылғаны 64 пайыз. Нәтижесінде 36106  науқас анықталып, 22 637 науқас сауықтырылды.
Мамандандырылған медициналық көмекпен бірге жоғары мамандандырылған көмек те дамуда. 2016 жылы жоғары мамандандырылған медициналық көмек ауқымының кеңеюіне орай, республикалық бюджеттен шамамен қосымша 1,5 млрд теңге қаржы тартылды,   нәтижесінде жүрекке ашық ота жасау 20 пайызға,  нейрохирургиялық операциялар саны 27 пайызға,  эндопротездеу саны 2 есеге дейін өсуге мүмкіндік берілді (2015 ж – 27, 2016 ж – 54).
2016 жылдың шілде айында офтальмохирургиялық орталық ашылды, жоғары диагностикалық құрал-жабдықтар сатып алынып, 2015 жылмен салыстырғанда жасалған ота санының 2 есе өсуіне септігін тигізді. Облыста офтальмологиялық орталықта алғаш рет глаукомалық кабинет ашылып, 2000-нан астам  науқас глаукомамен есепке алынып, сауықтырылды.  
Ұзақ уақыт бойы жасалған Қазақстан-Ресей арасындағы келісім нәтижесінде  2016 жылдың тамыз айында Байқоңыр қаласында Облыстық медицина орталығының филиалы ашылды. Мекеме Байқоңыр қаласы, Төретам және Ақай кенттерімен қоса Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының тұрғындарына да медициналық көмек көрсетеді. Көпсалалы аурухананың құрамында  30 төсек-орынға арналған терапия, 30 төсек-орынға арналған оңалту және 20 төсек-орынға арналған күндізгі емдеу бөлімшелері ашылды. Бүгінгі күнге дейін ауруханада 339 науқас емделген. 2017 жылдың 1 тоқсанында оталық-реанимациялық және  кеңес беру - диагностикалық бөлімдері бар  30 төсек-орынға арналған хирургиялық бөлім ашу жоспарлануда. Рентген құрал-жабдықтарын инсталляциялау және медициналық құрал-жабдықтарды зарарсыздандыру үшін құрал-жабдықтар сатып алу жоспарлануда.
БМСК деңгейінде  қан айналым жүйесінің асқынуының алдын алу және ерте анықтау мәселелері шешімін табуда. Қан айналым жүйесі бойынша Жол картасын жүзеге асыру аясында кардиостандарттармен жарақтандыру үшін медициналық құрал-жабдық сатып алынды. 2016 жылы жіті инсульт пен миокард инфаркті кезінде медициналық көмек көрсету алгоритмі бойынша 1000-нан аса медицина қызметкері оқытылды.
Қан айналым жүйесінің асқынуының алдын алу мақсатында 2016 жылы жүрек пен  бас миының тамырларына 2000-нан астам ота жасалынып, 2015 жылмен салыстырғанда  15 пайызға өскен. 2016 жылдың ақпан айында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының және Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін Қазалы теміржол ауруханасының базасында ауданаралық үшінші нейроинсульттық орталық ашылды. Қазалы аудандық орталық ауруханасының базасында  инсультпен ауырған науқастарды оңалту бөлімі сонымен қатар, №3 қалалық емхананың базасында нейрореабилитациялық орталық ашылды.
Қатерлі ісікпен ауыратын науқастарды ерте анықтау және көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау үшін қосымша 32 мамандандырылған кабинеттер ашылды, нәтижесінде профилактикалық кабинеттермен жабдықтау 45,8 пайыздан 87,5 пайызға жоғарыласа, мамандармен  қамтылу көрсеткіші 37,5 пайыздан 79,1 пайызға өсті. 2016 жылы аудандардағы аталған категориядағы науқастардың наркотикті анальгетиктерге  қолжетімділігі бойынша мәселе оң шешімін тапты.
Жыл көлемінде сәби өлімін төмендету және ана өлім-жітімін болдырмау бойынша жұмыстар жүргізілді.
Жүктілік кезінде асқынуды төмендету мақсатында жүкті әйелдерді ерте анықтау бойынша жұмыстар белсенді жүргізілді және 12  аптаға дейінгілер есепке алынды. Нәтижесінде ерте есепке алу көрсеткіші 63 пайыздан 88,4 пайызға дейін жеткізілді (ҚР – 79 пайыз). Алғаш қаралуға келгенде терапевтке көріну 98 пайызға жеткізілді. 1 деңгейлі ауруханадағы дәрігерлердің арасында оперативті техниканы меңгерген мамандар санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Ота жасайтын акушер-гинекологтардың үлес салмағы 45 пайыздан (9) 67 пайызға (19) артты.
2016 жылдың қаңтар айынан бастап облыстық Перинаталды орталықта ауыр патологиямен туған әйелдерге арналған 30 төсек-орынды босанғаннан кейінгі реабилитациялық бөлімше ұйымдастырылды.
Қауіп тобына байланысты маршруттау мен жүкті әйелдерді тіркеуді жүргізу бойынша күнделікті мониторинг жүргізетін ұйымдастыру-статистикалық бөлімі құрылды.
Сәби өлімінің төмендеу тенденциясы бар. Сәби өлімінің себебінен туа біткен ақаулардың үлес салмағының жоғары болуына байланысты БМСК ұйымдарының  20 УДЗ-дәрігеріне пренаталды диагностикалау бойынша оқыту ұйымдастырылды. Ультрадыбысты диагностикалау бойынша мамандар тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 10 УДЗ-дәрігері қайта  оқытылды. Скринингтік мерзімде ультрадыбыстық зерттеумен қамту 95,9 пайызға, биохимиялық пренаталды скринингпен қамту 86,8 пайызға жеткізілді.
2016 жылы Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарының және Қызылорда қаласының елді мекендерінде 11 дәрігерлік амбулатория және Қызылорда қаласында  200 төсектік  орынға арналған облыстық балалар ауруханасы пайдалануға берілді.
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде 150 орындық емхана құрылысы басталды және Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде 250 келушіге арналған емхананың құрылысы жалғасуда. Аталған нысандардың құрылысын біз 2017 жылы аяқтаймыз.
Осы орайда, кезең-кезеңмен денсаулық сақтау ұйымдарының желісін нормативке сәйкестендіреміз.
2016 жылы қабылданған шаралар қорытындысымен:
Қан айналым жүйесі аурулары бойынша өлім-жітім көрсеткіші 21,5 пайызға төмендеп,  105,9-ды құрады, 2015 жылғы көрсеткіш – 135.
Ана өлімі көрсеткіші 88,5 пайызға төмендеп, 5,4 құрады, 2015 жылғы көрсеткіш –  46,8.
Сәби өлімі көрсеткіші 10,5 пайызға төмендеп, 9,6 промильді құрады.
Облыста туберкулезбен аурушаңдық көрсеткішінің 10,3 пайызға дейін төмендеуі байқалуда. Туберкулез инфекциясының барлық ошақтарын картографиялау және пас­порттандыру жүргізілді.
Туберкулез бойынша өлім-жітім көрсеткіші 17,1 пайызға  төмендеп, 3,4-ті құрады.
Қатерлі ісік бойынша өлім-жітім көрсеткіші 8 пайызға төмендеп, 81,7-ні құрады.

МӘДЕНИЕТ

Облысымыздағы мәдениет ошақтарының жай-күйін жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.
Жаңақорған ауданы Талап ауылында ауылдық клубтың  құрылысы салынып, пайдалануға берілді.
«Жол картасы-2020»  бағдарламасы бойынша 8 клуб пен 1 кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейін жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, Шиелі ауданындағы  Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне жаңа ғимарат салынды. Нәтижесінде, 2 музей де келушілер сұранысына заман талабына сай жауап бере алатын мәдени орталыққа айналды.     
Өткен жылы облыс аумағында белгілі тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында 2 ескерткіш және 15 бюст орнатылды.
2016 жылдың қараша айында Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының кезекті отырысы өткізілді.
ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағындағы 9 ескерткіш – Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескеркіштері және Сауысқандық петроглифтері енгізілді.
Қызылорда облысының мәдени мұрасын сақтау және пайдалану бойынша ғылыми методикалық Кеңестің кезекті отырысы өтті.
Аталған Кеңестің шешіміне байланысты 2014 жылдан бері Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарында жүргізіліп келген археологиялық зерттеу жұмыстары 2017 жылдан бастап Жент, Сортөбе, Кердері кесенелеріне де жүргізілетін болды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Арнайы комиссияның шешіміне орай Қызылорда облысы бойынша 9 ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің Мемлекеттік тізіміне алынды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне арналып композитор, Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері К.Дүйсекеевтің әндерін орындаушылардың «Туған жер» атты V республикалық конкурсы, Батырхан Шөкенов атындағы «Отан-Ана» атты республикалық конкурсы, халықаралық ақындар айтысы, классикалық әндер фестивалі және Астана қаласы мен Ақтөбе облысында Қызылорда облысының күндері жоғары деңгейде өткізілді.
Алыс-жақын шет елдермен мәдени байланысты нығайту бағытында жұмыстар жалғасуда.
Облыстық филармония ұжымы Түркияда, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларында қазақ өнерін  тарту етті.
Өңіріміздің талантты балалары Әзербайжан, Грузия, Ресей елдерінде өткен халықаралық конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.  

СПОРТ

2016 жылы бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 1500-ден аса бұқаралық спорт шарасы өткізіліп, оған 500 мыңға жуық адам қатысты.  
Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 203 594 адамға (2015 жылы–192 885) артып, бұл облыс тұрғындары санының 26,4 пайызын (2015 жылы – 25,3 пайыз) құрады.
Жоғары шеберлік деңгейіндегі спортшыларды дайындау мақсатында 201 оқу-спорттық жиындары өткізіліп, оған 2015 спортшы қатысты. 283 халықаралық, республикалық жарыстарға облыстың 2616 спортшысы қатысты.
2016 жылдың басты жаңалығы – Рио Де Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында облысымыздан 3 спортшы бақ сынады. Олимпиада нәтижесімен  ауыр атлетикадан Александр Зайчиков қола жүлдені иеленді. Еркін күрестен Ғалымжан Өсербаев 5-орынды еншіледі.
Олимпиада ойындарына қатысудан жақсы тәжірибені біздің таэквондошымыз Айнұр Есбергенова жинап қайтты.
Норвегияда өткен Қысқы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева қола медальды жеңіп алды.
2016 жылы Қазақстан Республикасы чемпионаттарында, республикалық және халықаралық чемпионаттарда облыс спортшылары 203 алтын, 203 күміс және 289 қола медаль иеленген болса, Азия және әлем чемпионаттарында 17 алтын,13 күміс,17 қола медальді иеленді.
Сонымен қатар, 1 – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген спорт шеберi, 8 – ҚР халықаралық дәрежедегi спорт шеберi, 75 – ҚР спорт шебері, 3 – ҚР еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, 639 ҚР спорт шеберіне үміткер спортшылар дайындалып, еліміздің Ұлттық құрама командасына спорт түрлерінен облыстың 395 спортшысы енді.
Сондай-ақ, «Қайсар» футбол клубы Премьер-лигаға жолдама алды.
2016 жылы Орталық стадионның қосалқы футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Сонымен қатар, облыста қысқы спорт түрлерін дамыту мақсатында шорт-трек бөлімшесі ашылып, қазіргі таңда 42 бала шұғылдануда.

ЖАСТАР САЯСАТЫ

2016-2017 жылдарға арналған Қызылорда облысында жастар саясатын дамытудың «Жол картасы» аясында 18 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру үшін облыстық бюджеттен 80 млн теңгеден аса қаржы бөлінді.
Тұрмысы төмен отбасыларынан шыққан күндізгі бөлімде білім алатын 3 214 студентке қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.
2016 жылы жастар ресурстық орталығында 45 мыңнан астам  жасты қамтыған 1612  әртүрлі іс-шара өткізілді.
Аталған орталық 48 бос орындар жәрмеңкесін өткізіп, нәтижесінде «Жас құрылысшылар» еңбек отрядтарына 344 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, 1000-нан астам жасты қамтыған «Жасыл ел» еңбек отрядтары жұмыс жасауда.

ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗДЫ ШАРАЛАР

2016 жылдың басты оқиғасы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы.
Облыста Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын ұйымдастыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, 1071 іс-шарадан тұратын облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Барлық жоспарланған іс-шаралар орындалды.
Сондай-ақ, 370 тармақтан құралған «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің – 25 негізі» 25 жұлдызды күндер облыстық іс-шаралар жоспары  бекітілді.
25 жұлдызды күндерді тойлау аясында облыс бойынша 1212 іс-шара өткізілді (214 – қоғамдық-саяси, 85 – ақпараттық-бейне, 162 – ғылыми-ағартушылық, 90 – спорттық, 557 – мәдени, 104 – әлеуметтік-экономикалық). Әсіресе, бұлардың ішінде «Болашағымыз бірлікте» атты облыстық патриоттық форумы, «Тәуелсіздік және Әбіш Кекілбаев әлемі» республикалық ғылыми конференциясы, «Мәңгілік ел мұраты – Тәуелсіздік» XII- облыстық жастар форумын ерекше атап өтуге болады.
«Тәуелсіздік құрдастары» жастардың жоғары буындарымен кездесуі, «Біз – Ұлы Даланың ұрпағымыз!» жастар флешмобы өтті.
Қазақ күресінен халықаралық турнир, облыстық олимпиадалар, «25 игі іс» тұрмысы төмен халықты әлеуметтік қолдау бойынша акциялар өткізілді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің апта сайынғы жәрмеңкелері, ҚР Тұңғыш Президентінің күніне арналған салтанатты шаралар ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, «Тәуелсіздік тартуы» телекөпірі, орталық мемлекеттік органдары өкілдерінің қатысуымен болған салтанатты жиын мен мерекелік концерттер де жоғары деңгейде өткізілді.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

КӨЛІК -ЛОГИСТИКАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ
 
Қызылорда облысының облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2246,353 шақырымды құрайды, оның 62,6 пайызы (1406,3 шақырым) жақсы әрі қанағаттанарлық жағдайда, бұл 2015 жылға қарағанда 0,5 пайызға (1395,8 шақырым) артқан.
2016 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 10,7 млрд теңге бөлінді.         
Жалпы 311,35 шақырымды құрайтын елді мекендердің жолдары мен көшелері жөнделді.
2016 жылы Қызылорда қаласындағы Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы қолданысқа берілді.
Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан көше-жол желісі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді.
Облыста 212 елді мекенді, кенттерді және ауылдарды облыс орталығы және аудандармен байланыстыратын 211 автобус бағыттары жұмыс жасауда, сонымен бірге 7 облысаралық бағытқа әртүрлі сыйымдылықтағы 1407 автобус ұйымдастырылған.
Қазақстан Республикасының көлік жүйесі инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың іс-шаралар жоспарына сәйкес жеке қаржы есебінен Жосалы кентінде және Тереңөзек кентінде аудандық автостанциялар құрылысы аяқталса, дәл осындай нысан құрылысы Шиелі кентінде басталды.
Сонымен бірге, облыс орталығында қалалық автопарк базасында қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін «Романов и К» ЖШС-ның автовокзалы ашылды.
Әуе көлігінде көрсетілетін қызметтер сапасын арттыру және түрлерін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыс орталығындағы халықаралық әуежай арқылы аптасына 25 әуе рейсі ұйымдастырылуда (жаз мезгілінде 38-ге дейін), оның ішінде Астанаға – 11 рейс, Алматыға – 10 рейс, Қарағандыға – 2 рейс, Өскеменге – 2 рейс. Аталған бағыттар бойынша 2016 жылы 97,1 мың жолаушы жөнелтілді.
Қызылорда қаласында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы концессиялық жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні жобаның іске асырылуына Қытай, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігінің бірқатар компаниялары қызығушылық танытуда.
Теміржол тасымалының мүмкіндіктері кеңеюде.    
Қызылорда облысы бойынша теміржол  желісі  ұзындығы  1055 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда, облыс аумағынан 15 жұп пойызы өтуде, оның ішінде 9-ы мемлекетаралық қатынасқа жатады (Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясы).
Облыс орталығынан «Қызылорда-Көкшетау», «Қызылорда-Астана» және «Қызылорда-Алматы-Семей» облысаралық маршрут бойынша  3 жұп  пойыздың қозғалысы ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, аудандар мен облыс орталығын теміржол желісінің бойында орналасқан Арал өңірінің елді мекендерін көлік байланысымен қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылы облысаралық №617/618 «Қызылорда-Жезқазған» пойызының қозғалысы ұйымдастырылды.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚТЫ ҚАЙТА ЖАҢАРТУ

2016 жылы барлық қаржы көздерінен 543,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 16,7 пайызға артық.
Тек мемлекет қаржысы есебінен 2016 жылы 36 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. 1864 отбасы жаңа ыңғайлы пәтерлерге ие болды.
Өткен жылдың өзінде Қызылорда қаласында бір мезетте 4115 пәтерлік 80 көппәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді, бұл 2015 жылға қарағанда  2 есеге көп.
2016 жылы жеке тұрғын үй құрылысына алаңдарды дайындау бойынша жұмыстар кеңінен жүргізілді. Бұл мақсаттарға өткен жылы 17 млрд теңге бағытталды. Әсіресе, оның 5 млрд теңгесі көп жылдардан бері алғашқы рет облыстың аудандарына бағытталды.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын кеңінен жүргізу тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуына ықпал етпек.
Мәселен,  2016 жылы облыс орталығында 980 гектар алаңда «Бәйтерек» жаңа шағын ауданы құрылды.
Оған қоса, тағы «Қызылорда-Жезқазған» трассасы бойындағы 150 гектар алаңға түбегейлі жоспарлау жобасы дайындалды.
Жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңімен апаттық жағдайдағы көпқабатты үйлердің мәселесі шешілуде. 2016 жылы апаттық жағдайдағы үйлерде тұратын 324 отбасы жаңа үйлерден пәтерлер алды. Осылайша, бүгінгі күні апаттық жағдайдағы пәтерлердің 60 пайызынан астамының мәселесі шешілді. 2017 жылы бұл жұмыстар бюджет мүмкіншілігіне қарай жалғасатын болады.

СУМЕН ҚАМТУ

2016 жылдың қорытындысымен 260 ауылдық елді мекендердің 194-і (75 пайызы) немесе облыс халқының  95 пайызы орталықтандырылған сумен қамту жүйесіне қосылған.  
Облыс тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2016 жылы Ұлттық қор есебінен  5 жоба іске асырыла бастады. Олар  Арал ауданының Сексеуіл  кентінде, Қазалы ауданының  Қазалы қаласында және Әйтеке  би кентінде сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту,  Қармақшы ауданы Жосалы кентінде 2 жоба, Қызылорда қаласында сумен қамту бойынша 1 жоба. Аталған жобалар 2017 жылы аяқталады.
2016 жылы Шиелі ауданының Алғабас, Бидайкөл, Алмалы елді мекендерін «Жиделі» топтық су құбырына қосу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 мыңнан астам халық сапалы ауыз су пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

ЖЫЛУМЕН ҚАМТУ

2016-2017 жылдардағы жылу маусымында облыс бойынша 1177 әлеуметтік нысан  және 647 көпқабатты  тұрғын үйлер  тұрақты  түрде жылумен қамтылған.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2016 жылы Қызылорда қаласының жылу жүйелерін қайта жаңғырту  бойынша 7 жоба іске асырылды. Нәтижесінде жылу жүйелерінің тозуы 48 пайыздан 44 пайызға  төмендетілді.
Сонымен қатар,  облыстық бюджет қаржысы есебінен Қызылорда қаласындағы магистральдық және кварталаралық  жылу жүйелерін қайта жаңғырту бойынша 10 жобаның  жобалық-сметалық құжаттары  әзірленді.

ЭЛЕКТРЭНЕРГИЯСЫМЕН ҚАМТУ

2016 жылы республикалық және облыстық бюджеттер есебінен «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында құрылысы 2014 жылы басталған Арал ауданының Арал қаласындағы  және Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі подстанцияларды қайта жаңғырту бойынша 2 жобаның құрылысы аяқталды.  Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде  Арал қаласы және Әйтеке би кенті үзіліссіз электрэнергиясымен қамтамасыз етілді.
ГАЗБЕН ҚАМТУ

«Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылдық округін және үш  әлеуметтік қамтамасыз ету нысандарын  газбен жабдықтау» жобасын іске асыру үшін облыстық бюджеттен 271,2 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жоба  аясында 31,1 шақырым  газ құбыры  жүргізілді. 2016 жылдың желтоқсан айында  нысан пайдалануға берілді. 500 тұрғын үй  табиғи газды пайдалану  мүмкіндігіне ие болды.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті  қолдау  және дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде  «Қызылорда қаласындағы АГРС-2-ден шыны  зауытына  дейін газ құбыры-бұрыпының құрылысы» жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге, облыстық бюджеттен 170,5 млн теңге бөлінді. Жоба аясында 14,7 шақырым газ құбыры жүргізілді. Нысан 2016 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.
Орталық мемлекеттік органдармен Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек 3 елді мекенді  газбен қамтамасыз ету мәселесі пысықталуда.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫЛЫҚ ҰЙЫМДАРМЕН
ЖҰМЫС ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕМЕНШІК ӘРІПТЕСТІКТІ ДАМЫТУ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бюджет мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін ескере отырып, өңірдің дамуына Еуропалық Қайта құру және Даму банкі, Азиялық даму банкі, Халықаралық Қайта құру және Даму банкісі сияқты халықаралық қаржылық ұйымдарының ресурстарын тарту жұмыстары жалғасуда.
Еуропалық Қайта құру және Даму банкімен жұмыс барысында жалпы құны 220 млрд теңгені құрайтын 8 жоба бар. Оның облыс орталығының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 4 жобасы бойынша несиелік келісімге қол қойылып және оларды іс жүзінде іске асыру жұмыстары басталды. Олар:
- Қызылорда қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесін жаңғырту;
- Қызылорда облысының электр жүйелерін жаңғырту;
- Қызылорда қаласын сумен қамтамасыз ету және су тарату жүйесін қайта жаңғырту;
- Автобус паркін құру.
Автобус паркін құру жобасы шеңберінде Қызылорда қаласына 2016 жылы табиғи газбен жүретін, аппарельдермен, GPS-навигатормен және бейнекамералармен жабдықталған заманауи 112 автобус жеткізілді.
2017 жылдың басында автобустық депоның құрылысы аяқталады, оған облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінген.
Еуропалық Қайта құру және Даму банкімен бірлесіп жұмыс жасау аясында 2016 жылдың қазан айында «Қызылорда қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жою бойынша зауытын жаңғырту» жобасы бойынша несиелік келісімге қол қойылды. Жоба қаладағы санитарлық жағдайды жақсартуға, топырақтың, жерасты және жерүсті суларының ластану қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында құны 22 млрд теңгеден асатын 14 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл әлеуметтік, энергетика және қоғамдық тәртіп саласындағы жобалар.
Қызылорда қаласындағы «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне сервистік қызмет көрсету» жобасы бойынша 2017 жылдың ақпан айында жеке әріптеспен келісімге қол қойылу күтілсе, ал сәуір айында Қызылорда қаласында ауысымына 400 адам қабылдайтын емхана ашу жобасы бойынша қол қойылмақшы.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыруға жоспарланған барлық жобалардың бюджеттік тиімділігі бар, сонымен қатар ақылы қызмет көрсету арқылы нысандарды ұстау шығындары қарастырылған, бұл өз кезегінде бюджетке ауыртпалықты біршама төмендетеді.

ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Ескерту және қылмыстың жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың  саны  20,2 пайызға кеміді.
Ауыр қылмыстар – 10,7 пайызға, кісі өлтіруге оқталу қылмысы – 66,7 пайызға, зорлау – 34,2 пайызға, тонау – 5 пайызға, ұрлық – 12,7 пайызға, оның ішінде пәтер ұрлығы – 5,3 пайыз, мал ұрлығы 21,7 пайызға төмендеді. Бұзақылықтың ауыр түрі де – 46,2 пайызға және алаяқтық 30,3 пайызға қысқарды.
Одан бөлек, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 21 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар  саны – 28,4 пайызға, мас күйінде жасалған қылмыстар – 6,2 пайызға, жасөспірімдермен немесе олардың қатысуымен жасалған қылмыстар – 19 пайызға, атыс қаруын қолданып жасалған қылмыстар – 70 пайызға азайды.
Тіркелген қылмыстардың ашылуы (+1,3%, 27,6%-дан 28,9%-ға) жақсарса, әсіресе аса ауыр қылмыстар (+2,8%, 93,8%-дан 96,6%-ға), кісі өлтіру (+0,6%, 93,8%-дан 94,4%-ға), мал ұрлығы (+14,0%, 21,7%-дан 37,7%-ға), қарақшылық қылмыстар (+28,6%, 50,0%-дан 78,6%-ға) жақсарды.
2016 жылы орын алған жол-көлік оқиғалары – 4,2 пайызға (381-ден 365-ке) төмендеді, онда қаза болғандар саны 1,1 пайызға (89-дан 90-ға) өскен, онда жарақат алғандар саны 4,5 пайызға (466-дан 445-ке) төмендеді.

ЖЕРГІЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
ЖӘНЕ ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУДЫ ДАМЫТУ

Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық дербестігін кеңейту ауылдық әкімдердің құзыретін кезең-кезеңімен кеңейту арқылы жүзеге асырылуда. Ауылдық дербес бюджетті қалыптастыру 2018 жылы басталады.
Қаржылық дербестік шеңберінде 2014 жылдан бастап барлық ауыл әкімдеріне кіріс көзінің 7 түрі бойынша қолма-қол бақылау шоты ашылған және 2015 жылдан бастап ауыл әкімдеріне салықтың 6 түрі бойынша жергілікті басқару органдарына трансферт берілген болатын.
Тұрғындардың компьютерлік сауаттылығы жыл ішінде 60%-дан 75%-ға жеткізілді. Аталған көрсеткішке қол жеткізу мақсатында 2016 жылы облыс бойынша компьютермен жұмысқа қабілеті жоқ 33066 адам оқытылды.
2016 жылы Қызылорда облысының жергілікті атқарушы органдарымен мемлекеттік қызметтің 174 түрі бойынша барлығы 3 017 132 мемлекеттік қызмет көрсетілді – 2015 жылы 2 292 555 болған. Оның ішінде: Мемлекеттік корпорация арқылы 159 465 қызмет көрсетілді (2015 жылы – 115 072 қызмет), «электрондық үкімет» порталы арқылы 87 749 қызмет (2015 жылы – 30 733 қызмет).

БЮДЖЕТ

БЮДЖЕТТІҢ КІРІС БӨЛІГІ
Шоғырландырылған бюджетке (мемлекеттік бюджет және Ұлттық қор) облыстан 159,3 млрд теңгенің түсуі қамтамасыз етілді.
2016 жылы мемлекеттік бюджетке жоспарланған 83,8 млрд теңгенің орнына 89,6 млрд теңге түсті, бұл есепті жылға болжамның 107,0%-ын құрайды. Жоспардан тыс 5,8 млрд теңге түсті.
Республикалық бюджетке түсім жоспары 110,4%-ға орындалды. Оған қоса 2015 жылмен салыстырғанда түсім көлемі 9,7 млрд теңгеге ұлғайды.
Жергілікті бюджет бойынша болжам 103,4%-ға орындалды. Бюджетке болжамнан тыс 1,4 млрд теңге түсірілді.

БЮДЖЕТТІҢ ШЫҒЫС БӨЛІГІ

2016 жылы облыс бюджеті 238,1 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 55,1 млрд теңгеге ұлғайған. Сонымен қатар, күрделі сипаттағы шығыстар (құрылыс, күрделі жөндеу, құрал-жабдықтар сатып алу) 62,4 млрд теңгені құрады.
Бюджет әлеуметтік сипатын сақтап қалды. Шығыстардың жалпы көлемінің 56,4%-ы немесе 134,3 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды.
Өңір жан басына шаққандағы бюджет шығыстарының көлемі бойынша республикада 3-ші орын алады, ал әлеуметтік салаға бағытталған шығыстары бойынша 1-ші орында.

БЮДЖЕТТІҢ ОРЫНДАЛУЫ

Шығыстар бойынша 2016 жылғы бюджет 99,5%-ға орындалды (жоспардағы 238,1 млрд. теңгенің орнына 236,9 млрд теңге игерілген). Игерілмегені – 1,2 млрд теңге (оның ішінде: объективті себептер бойынша – 873 млн теңге (бюджет қаражатынан үнемделгені), субъективті себептер бойынша – 309 млн теңге (міндеттемелердің орындалмауы, конкурстың кеш өткізілуі).

МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ

«Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Респуб­ликасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланыс­ты рақымшылық жасау туралы» 2014 жылғы 30 маусымдағы №213-V Заңына сәйкес мүлікті жария ету жұмыстары жүргізілді. Мүлікті жария ету жұмыстары 2016 жылдың 31 желтоқсанында толық аяқталды.
2017 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша 2273 жылжымайтын мүлікті жария етуге барлығы 2174 өтініш түскен. Оның ішінде: тұрғын үй емес жайлар – 1306, оның ішінде коммерциялық нысандар – 1098, тұрғын үй – 967. Түскен өтініштер бойынша мүліктердің жалпы құны 16 млрд теңгені құрады.
1953 өтініш бойынша сомасы 15,1 млрд теңге болатын 2019 бірлік жылжымайтын мүлік жария етілді.
Одан бөлек, 10,1 млрд теңге ақша жария етілді.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ

«Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1141 қаулысына сәйкес облыс бойынша жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктің 5 нысаны және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамының 6 ұйымы анықталды.
Бекітілген кестеге сәйкес, жекешелендіруге жоспарланған коммуналдық меншіктің 2 нысаны және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК АҚ-ның 3 ұйымы сатылды.
Сонымен қатар, 2016 жылы 3 ашық электрондық сауда-саттық өткізіліп, 53 нысан сатылып, облыстық бюджетке 7,2 млн теңге түсіп, жылдық жоспар 101,4 пайызға орындалды.
 
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2016 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 ақпан 2017 г. 6 741 0