ТОЙХАНАЛАРДА ТАБЫС БАР МА?

ТОЙХАНАЛАРДА ТАБЫС БАР МА?Мемлекеттік кірістер органдары, сонымен қатар, кәсіпкерлердің қызметіне камералдық бақылау және басқа да ақпарат көздерінен алған мәліметтерге сәйкес жыл көлемінде хронометраждық зерттеулер мен тақырыптық (рейдтік) тексерулер жүргізді.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департамент камералдық бақылау басқармасының басшысы Сәкен Мырзабектің берген мәліметтеріне сәйкес 49 хронометраждық зерттеулер жүргізіліп, тексеруге дейінгі 1 күндік табысы 266 мың теңге болса, тексеруден кейін 2 млн. 466 мың теңгеге дейін немесе 8,3 есеге көтерілді. 631 рейдтік тексерулер нәтижесімен 1 млн. 893 мың теңге айыпұлдар салынды. Кәсіптің кірісті көзі болып саналатын ресторан, кафе, шаштараз бен әсемдік салондарының қызметіне ішінара талдау жүргізіліп, осы бағыттағы бизнес субъектілерінің басым көпшілігінің 2016 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда салықтық міндеттемесін, яғни табыс көлемін едәуір (2 еседен 4 есеге дейін) азайтып отырғаны анықталып отыр. 
Бәрімізге белгілі, жылдан жылға түрлі жоғарғы дәрежедегі ресторандар, тойханалар, қонақ үйлер, шаштараздар мен сұлулық салондары көбейіп келе жатыр. Әрине бұл сауық орындарында тойлар мен мерекелер өткізілмесе, қонақ үйлерде сырттан келуші меймандар тұрақтамаса - олар көптеп салынбас еді. Азаматтар  өздеріне түрлі стильдегі шаш үлгілерін, сұлулық сақтайтын процедураларды жасатпаса сұлулық салондары да көбеймес еді. Бұл кәсіптер түрінің белсенді көбеюі немесе айтарлықтай азаюы,  өз кезегінде, бюджетке түсетін салықтар көлеміне тиісінше әсерін тигізеді. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің орындалуының бірден бір көрсеткіші.
Бүгінгі күнге облыс бойынша жалпы 120 ресторандар мен тойханалар тіркелсе, олардың 30-ы, яғни 25 пайызы табыс көлемін 57 млн. 187 мың теңгеге азайтып тапсырып, төртеуі есептіліктерін 0-мен тапсырып отыр. Талдау нәтижелері көрсеткендей, қаламызда жарты жылдық табысын 1 000 000 теңге тіпті 500 000 теңге көлемінде көрсететін ресторан тойханалар бар. Сонда аталған кәсіпкерлер «1 айға шаққанда 160  мыңнан 83  мың теңге көлемінде табыс табамын» деп отыр. Сол сияқты жалдамалы жұмысшылар саны 2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда 29-ға кеміп отыр. Бұл есеппен әрине тойхана иесі өзі пайда таппақ түгілі шығынын да өтей алмас еді.
Сонымен қатар, жалпы облыс бойынша 46 астам қонақ үйлер болса, солардың 14-і 2016 жылдың 1-тоқсанында 2015 жылдың 1-тоқсанымен салыстырғанда табыс көлемін 14 742,4 мың теңгеге кемітіп көрсетіп, 4-еуі есептерін 0-мен тапсырып отыр. 
Шаштараздар мен сұлулық салондары бойынша. Облыс бойынша олардың саны 283-ті  құрайды, оның ішінде Қызылорда қаласында 160. Олардың, бүгінгі күнге, 18-і қызметін уақытша тоқтатып қойса, 28-і бақылау касса машиналарын қолданбай жұмыс жасап отыр. Бүгінгі күні қаланың орталығында орналасқан белді салондар салыктық есептіліктерін нөлдік көрсеткішпен тапсырып отыр, ал ол салондарда кем дегенде 7-8 шебер қызмет атқарады. 17 тұлға жылдық немесе жарты жылдық табысын 20,0 мың тенгеден 200,0 мың тенгеге дейін көлемде көрсетіп отыр. 29-ы былтырғы жылмен салыстырғанда табыстарын мүлдем (40-50 пайызға дейін) төмендетіп тапсырған. 45 салық төлеуші салықтық есептіліктерін нөлдік көрсеткішпен тапсырып отырғандығы анықталып отыр.     
Қарапайым талдау: қалада бір ер кісінің қарапайым үлгідегі шашын алдырудың орташа бағасы 700-бен 1000 теңге аралығында, ал әйелдердің шашқа қатысты түзету, әдемілеу, әрлеу процедуралары 1000 теңгеден 25000 теңгеге дейін баратыны белгілі. Бұл жерде де қарапайым есептілікпен шаштараздардың нақты тауып отырған табысы салық есептіліктеріндегі мәліметтерден әлдеқайда жоғары екенін білуге болады.
Қызмет көрсету, ресторан бизнесімен қатар жүретін кәсіпкерліктің тағы бір саласы ол – шоу бизнес. Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда халқымыздың әл-ауқаты артып, барлық елді мекендерде бірінен бірі асатын әдемі, зәулім тойханалар бой көтеріп келеді. Жергілікті халық отбасылық, ұжымдық түрлі іс-шараларды осындай салтанатты орталықтарда өткізуді дәстүрге айналдыруда. Және мұндай шаралар асабасыз, әнші-бишілер мен бейнетаспаға, суретке түсіретіндерсіз өтпейді. Бүгінгі күнге облыс бойынша шоу бизнес өкілдерінің дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті  салықтарын төлету мақсатында жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағытта облыс бойынша кірістер органдарында ресторан,  кафе, тойханалар иелерімен және өнер саласында жүрген өнерпаздардың (асаба, әнші, биші, музыкант, бейнеоператорлар, залды безендірушілер т.б.) қатысуымен семинар-кеңестер өткізіліп, жергілікті баспасөз беттеріне ақпараттық материалдар жариялануда. Сонымен қатар, интернет жүйесі арқылы өздерін жарнамалап жүрген асабалық, бейне таспаға және суретке түсіру т.б. қызметтерін ақылы түрде көрсететін жеке тұлғалардың  ұялы телефондарына хабарласып, олардың мемлекеттік кірістер органдарына дара кәсіпкер ретінде тіркелуі туралы түсіңдірме жұмыстары жүргізілуде. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 ақпан 2017 г. 882 0