
Титов қыстағындағы апатты үйлердің тұрғындары қоныс тойын тойлады
Жылдар бойы күткен арманыңа жеткенде қандай сезімде боласың? Бұл жолы дәл солай болды. Адамдар төтеннен келген қиындық пен сәтсіздіктен емес, керісінше, көзердіне қуаныштан жас алды. Себебі, олар нақ Жаңа жыл мерекесі қарасаңында ұзақ уақыттан бері күткен армандарына қол жеткізді. Ал, мұндайда қуанбағанда қай кезде қуанбақ?
Титов қыстағында түйінді мәселе апатты үйлер болатын. Салынғанына жарты ғасырдан асқан бұл үйлердің проблемасы жылдар өткен сайын көбейіп, күрделене берді. Бастарында баспанасы болғанмен, ол баспана деуге келмейтін. Әбден тозығы жеткен үйлердің маңдай алдында №24 және №25 көпқабатты үйлер тұрды. Мұндағы тұрғындар өзге қызылордалықтар секілді еш уайымсыз өмір сүргісі келетін, қауіпсіз үйде тұруды армандайтын. Құрылыс сапасын айқындайтын сарапшылардың өзі «Бұл үйде тұруға болмайды» деп кесім шығарып берген ескі үйлердің мәселесін шешу көп жылдан бері сөзбұйдаға салынып келгені рас. Титовтық тұрғындардың қауіпті үйде әлі қанша уақыт тұратыны да беймәлім еді. Егер аймақ басшысы бұл мәселені көзбен көріп, өзі тікелей араласпағанда. Естеріңізде болса, аймақтың тізгінін қолға алған Қырымбек Көшербаев алғашқы айда-ақ өңірдің күрделі деген мәселелерімен танысып шықты. Ерте көктемде осы қыстақта болып, апатты үйлердің жайына қанықты. Сол кезде облыс әкімінің резерв қорынан қос апатты үйді қайта салуға қажетті қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Енді, міне, арада біршама ай өткенде 3 қабатты 24 пәтерлік үй салынып, титовтық тұрғындардың игілігіне ұсынылды.

Кешегі жексенбіде осы 24 пәтерлік үй салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Дәстүр бойынша, «Интегрострой» ЖШС директоры Бағдәулет Ысқақов жаңа үйдің символикалық кілтін қалалық құрылыс бөлімінің басшысына табыс етті. Тұрғындар қуанышына ортақтасуға арнайылап келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұрғындарды қоныс тойымен және Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оларға игі тілегін арнады. 2014 жылы осы қыстақта тағы 400 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің салынатынын жеткізді. – Осыдан тура 4 ай бұрын сіздерге апатты жағдайдағы екі үйдің орнына бір 24 пәтерлік үйді салып береміз. Жаңа жыл мерекесі мен қоныс тойды жаңа үйде тойлайсыздар деп уәде етіп едім. Соның мезгілінде орындалғанына қуаныштымын, - деп ағынан жарылған облыс әкімі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың мұң-мұқтажына елгезектікпен қарау керек деген тапсырмасын риясыз орындап жүргенін көрсетті. «Интегрострой» ЖШС басшысына ризашылық сезімін жеткізген өңір жетекшісі осы көпқабатты үйдің алдын абаттандыру ісі көктемде басталатынын да атап өтті.
Тұрғындар атынан сөз алған Ердәулет Тұрабаев пен Нина Денисова облыс басшысына ризашылық сезімдерін арнады. Нина Денисова аймақ басшысына алғысын ақ батамен өрнектеді.
Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаламызды аралап, осындағы бірқатар коммуналдық нысандардың жұмысымен танысты. Облыс орталығындағы қос жылу орталығының жұмыс барысын көзбен көрген аймақ басшысы Тасбөгет кентіндегі бас су тоғанын, қалалық перзентхана мен перинаталдық орталық құрылысының жұмысын да назардан тыс қалдырмады. Қалалық емхана мен Қарттар үйіне алдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал, перинаталдық орталық құрылысы алдағы бір айдың ішінде аяқталады деп күтілуде.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
Қызылорда қаласы.