Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы – тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, барлық салаға серпін беріп, халқымыздың игілігін көздейтін тарихи құжат.
Қоғам дамуының басым бағыттарын айқындап, күрделі бетбұрыстар жасау – кез келген мемлекет үшін аса маңызды. Осы ретте, Елбасының биылғы Жолдауы ел ертеңіне бағытталған ауқымды жобаны қолға алуымен құнды. Үшінші жаңғыру талабын асыруды міндеттеген Президент ел Үкіметінің алдына бірнеше нақты тапсырма берді. Солардың бірі – адами капитал саласын жақсарту.
«Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», – деп білім беруді жоғары деңгейге көтеру жұмыстарын қолға алу қажеттігіне ерекше назар аударды. Жастар арасында IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастырумен қатар, ұлтжандылықты дамытуға баса назар аударылды. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері Елбасының жүргізіп келе жатқан сарабдал саясатының ажырамас бөлігі.
Ғылыми және инновациялық әлеуетті дамытуды және оны әлемдік деңгейге шығаруды көздеген Ұлт көшбасшысы Жолдауда: «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек», – деп атап өтіп, ең алдымен озық технологияларды еркін игеруді мақсат етіп қойды.
Сонымен қатар, үш тілді меңгеруді кезең-кезеңмен жүзеге асыруды тапсырған Елбасы 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндердің ағылшын тілінде оқытылатынын атап өтті. Бұл үшін алдымен білікті кадрлар қажет. Жолдауда жүктелген тапсырмаларға сай 80 жылдық тарихы бар іргелі білім ордасы – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы оқу үдерісін ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесін игеріп, халықаралық білім кеңістігіне интеграциялану бағытында жұмыс жүргізіп келеді. 2012-2013 оқу жылынан бастап университетте 16 мамандық бойынша үш тілде мамандар даярлануда, олардың алғашқы түлектері аймақтың түрлі саласында табысты қызмет атқаруда. Үш тілді еркін меңгерген педагог мамандар даярлау бағытында да нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Нақты жоспар мен мықты стратегиялық дамуға негізделетін Елбасының жыл сайынғы Жолдауы қашан да өзінің өміршеңдігін көрсетіп, елді дамудың даңғыл жолына бастап келеді. Биылғы Жолдау да уақытпен үндесе отырып, өркениет өрісіне жасалған сенімді қадам екеніне сенім мол.
Абайбек ЖҮНІСОВ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің
оқу ісі жөніндегі проректоры -
бірінші проректор,
техника ғылымдарының кандидаты, профессор.