Кеше облыс әкімдігінде Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі идеологиялық актив жиыны өтті. Оған мәслихат депутаттары, ардагерлер, облыстағы зиялы қауым және қоғамдық ұйым өкілдері, басқарма басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиынды облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов ашып, биылғы Жолдаудың ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынып отырғанына тоқталды.
Актив жиынында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасы Жол-дауы¬нан туындайтын міндеттер мен оларды жүзеге асыру мәселелері туралы сөз сөйледі.
Аймақ басшысының актив жиынында сөйлеген сөзі газетімізде жарияланып отыр.
ОБЛЫС ӘКІМІ Қ.КӨШЕРБАЕВТЫҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ АКТИВ ЖИЫНЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ
Құрметті актив жиынына қатысушылар!
Біз тағы бір тарихи кезеңнің бастауында тұрмыз.
Бұл – Тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанның ұлы мақсаттар жолындағы жарқын кезеңі.
Күні кеше Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе¬кеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынды.
Ол еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекелік қабілетін арттыра түсуі тиіс.
Еліміздің алға қойған үлкен мақсаты – 2050 жылға қарай әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарында болу.
Қарқынды даму үстіндегі әлем бізден өзіне сай болуды талап етеді.
Ілесе алмағандар көштің соңында қалады.
Сондықтан біз жаңа жаһандық болмыс талаптарын қабылдауға тиіспіз.
Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.
Осы ретте, Елбасы алдымызға Қазақстанды Үшінші жаңғырту міндетін қойып отыр.
Оны жүзеге асыру үшін осы күрделі кезеңде еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алатын экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.
Мемлекет басшысы бұл міндетті іске асыру барысында бес негізгі басымдықты ұсынды.
Бірінші басымдық – бұл экономиканың жедел технологиялық жаңғыртылуы. Біз бұл бағытта алғашқы қадамдар жасадық – 2016 жылдың қарашасында электрондық коммерцияны дамыту тақырыбында бірінші халықаралық интернет-форум өткіздік. Осының нәтижесінде қазірдің өзінде билеттер сату онлайнына облыстық өлкетану мұражайы мен драма театр қосылды.
Нарық қазір жаңа технологиялар мен бизнес үлгілерді қолдану мен таратуға жаңа талаптар қоюда. Сондықтан біз бұл бағытты дамытуымыз қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Е.Г.Кимге, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасына Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді ескере отырып, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында қажетті тақырыптарды іріктеуді тапсырамын.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, еңбек өнімділігін арттыруды тапсырды. Соңғы жылдары біз өңдеуші секторды тұрақты дамытуға қол жеткіздік. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ғана бұл саладағы өсім 15 пайызды құрады. Егер оны 2012 жылмен салыстырсақ, өсім 52 пайыз. Осы саладағы еңбек өнімділігі 6 есе (республикада 2,4 есе) өсті.
Нәтижесінде өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 4 есеге, ал, аймақтық жалпы өнім құрылымында 3,5 есе өсті.
Біз қарқынды төмендетпеуіміз қажет. Инновацияны қолдау және оларды өндіріске жылдам енгізу жаңа индустрияны қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады. Сондықтан кәсіпорындарда еңбек өнімділігін арттыру үшін облыс әкімінің орынбасары Е.Г.Кимге 2017 жылдың 15 наурызына дейінгі мерзімде жаңа технологияларды енгізудің мүмкіндіктерін зерттеуді тапсырамын.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында басым бағыттағы салаларда индустрияландыруды бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамытуға тірек жасай отырып, өркендету қажеттігіне назар аударған болатын. 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты екі есеге ұлғайту міндетін қойды.
Біз Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аймақтар арасында бірінші болып Индустрияландыру картасы жобаларын өзектендіру бойынша Картадан экспортқа бағытталмаған, бәсекеге қабілетсіз жобаларды алып тастау жұмыстарын жүргіздік. 50 жобаның 20-сын ғана қалдырдық. Енді Индустрияландыру картасына енгізу үшін жобаларды іріктеу кезінде олардың экспортқа бағытталғаны, бәсекеге қабілеттілігі және ауқымы негізгі критерий болып есептеледі. Қазір біз осындай 24 жоба бойынша нақты жұмыс жасаудамыз.
Аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін Картаға кәсіпкерлікті қолдаудың кем дегенде 1 жобасын енгізуді тапсырамын.
Индустриалды-инновациялық даму басқармасы 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында молибден өндіретін кәсіпорынды («Тримо» ЖШС) пайдалануға беруді қамтамасыз етуі тиіс. Кәсіпорынның өнімі атом энергетикасында, әуе-ғарыштық техникаларда, микро және оптикалық электроникада пайдаланылады. Өнім экспортын Жапонияға жөнелтуді жоспарлап отырмыз.
Осы жылдың қазан айында табақша шыныны өндіру және өңдеу зауыты пайдалануға берілетін болады. Бірінші жарты¬жылдықта кен-байыту комбинаты мен «Шалқия» қорғасын-мырыш кенішінде газтурбиналық электрстансасы құрылысын бастау қажет.
«Баласауысқандық» кен орнында қара тақтатастарды автоклавтық қайта өңдеу жобасын (ванадий) жүзеге асыру жалғасын табатын болады. 2016 жылы кәсіпорын метаванадат аммонийі мен ванадийді Тайванға және Ресейге экспорттауды бастады. Метаванадат аммонийдің іріктелген партиясы АҚШ-қа жөнелтілді. Осы өнімдерді басқа елдер мен нарықтарға жөнелту мәселесін пысықтау қажет.
Ферроқорытпа зауытын пайдалануға беру бұрынғысынша басым бағыттағы жұмыстардың бірінен саналады.
2016 жылы біз екі бірдей нысанның – Жаңақорған ауданындағы цемент өндіру және Шиелі ауданындағы тампонажды цемент өндіру зауыттарының құрылысын бірден бастадық. Оларды іске қосу 2018 жылдың басына жоспарланған. Мерзімінде орындалатынына сенімдімін!
Сонымен бірге, Арал қаласындағы кальцийлендірілген сода зауыты жобасын іске асыру үшін Қазақстан Даму Банкі арқылы инвестицияларды тарту мәселесін пысықтауды жеделдету қажет.
Осы жобаларды үйлестіру Сізге жүктеледі, Евгений Германович.
Сондай-ақ, шетелдік нарыққа қазақстандық тауарларды ілгерілету барысында саудалық кедергілерді мониторингілеу және жою бойынша жұмыстарды белсендету қажет.
Облыс әкімінің орынбасары Ким Евгений Германовичке тапсырамын:
- үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін экспорттық саясат жөнінде Кеңес құрылсын, Кеңестің құрамына бизнес қауымдастығы өкілдері енгізілсін;
- үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін ҚР Инвестициялар жөніндегі министрлігіне Қызылорда облысының жобаларын Қазақстан Республикасының Бірыңғай экспорттық және инвес¬тициялық стратегиясына енгізу бойынша ұсыныстар берілсін.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік инвестициялар мен трансұлттық компанияларды тарту басымдық болып табылады. Өзбекстан Республикасының біріккен өндірістік кәсіпорындарын құрудағы тәжірибесін қарауды жөн көріп отырмын.
Өңдеу өнеркәсібі мен аграрлық сектордағы өндірістерді біздің аймақта құру бойынша инвестициялық бағдарламаны тиімді іске асыру қажет. Қазіргі таңда осы секілді 2 жобамен жұмыс атқарылып жатыр (Шиелі ауданындағы цемент зауыты және Жаңақорған ауданындағы томат пастасын өндіру зауыты). Өндірістер спектрін кеңейту қажет.
Өздеріңіз білетіндей, соңғы жылдары мұнай-газ саласында күрделі жағдай қалыптасып отыр. Қолданыстағы кен орындарының сарқылуына байланысты тек ғана 2015-2017 жылдары мұнай өндіру көлемі 3 млн тоннаға азайды. Республика бойынша қысқарған мұнайдың 70 пайызы біздің облысымызға тиесілі.
Экономиканы әртараптандыру бойынша мақсатты саясат жүргізіліп жатқанына қарамастан, аймағымыздың экономикасы үшін мұнай-газ секторы әлі де ұзақ уақыт шешуші рөл атқаратынын мойындаймыз.
Сондықтан, Энергетика министрлігімен бірлесіп жаңа көмірсутекті шикізат кен орындарын барлап, іске қосу мәселесін шешудеміз.
Облыс әкімінің орынбасары Ким Евгений Германовичке және индустриалдық-инно¬вация¬лық даму басқармасына тапсырамын:
- қатты пайдалы қазбалар жер қойнауының аз зерделенген учаскелерін – «Қызылорда Солтүстік» және «Қызылорда Оңтүстік» аудандарын – «бірінші келген – бірінші болып алады» деген австралиялық әдіспен жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау жөніндегі нысандар тізбесіне қосу мәселесі пысықталсын;
- тиісті мемлекеттік органдар мен жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Жер қойнауы туралы кодекс жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар ұйым¬дастырылсын. Жаңа Кодексті алдын ала зерделеп, оның нормаларын жан-жақты түсіндіру қажет.
Мемлекет басшысы Жолдауда аграрлық сектор экономикамыздың жаңа драйвері болуы қажеттігін ерекше атап көрсетті.
Соңғы жылдары біз облыстың агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамып жатқанын байқап келеміз.
Өткен жылы Сыр диқандары ел тарихындағы егін өнімділігінің төртінші мәрте рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді. Жоғары репродуктивтік дәндер мен жаңа технологияларды қолдану есебінен соңғы 3 жылда күріштің жалпы өнімі үштен бір бөлікке артты.
Ал, облыстың негізгі ауылшаруашылық өнімдері 2012 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті.
Дегенмен, күріш біз экспортқа шығара алатын бір ғана тауар емес. Облыстың үлкен экспорттық әлеуеті бар. Саланың да толығымен экспортқа бағытталуына мүмкіндігі жеткілікті.
Сондықтан, облыс тарихында алғаш рет ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу рыноктарына кешендік маркетингтік зерттеулер жүргіздік және оларды аграрлық сектордың әлеуетті мүмкіндіктерімен сабақтастырдық.
Осы зерттеулер нәтижесінде облыстың агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейін дамуының Агрокартасын әзірледік. Онда негізгі міндет ретінде экспорттық әлеуетті арттыру мен өткізу рыноктарын кеңейтуді (әсіресе, Иранға, Қытайға және Ресейге) анықтадық.
Бұл Мемлекет басшысының бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерінің рыногында талап етілген өндірісті ынталандыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.
Бірінші кезекте біз күрішке жаңа рыноктарды игеруді бастадық. Эмбарго алынғаннан кейін бізге Иранның үлкен рыногына жол ашылды.
Сондықтан мынадай тапсырмалар беремін:
Бірінші. Ауыл шаруашылығы басқармасы облыстың Агрокартасын жүзеге асыру, экспортталатын тауарлардың түрін көбейту бойынша тиісті шаралар қабылдасын.
Бірінші кезекте – бұл майлы дақылдар, бақшалық өнімдер, көкөністер, ет пен жүн. Сонымен бірге, Парсы шығанағындағы елдерге (Иран, БАӘ), Орталық Азияға (Қытай), Шығыс Еуропаға шыға отырып, экспорттық рынокты кеңейту қажет.
Күріш мәселесіне келер болсақ – жоғары тиімді және талап етілген ирандық сұрыптар өндірісін ұлғайту қажет. Жалпы 2021 жылға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет.
Екінші. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру бойынша жұмысты белсендету қажет. Бүгінгі күнде сүт пен ет өндірісінің 85-тен астам пайызы жеке қосалқы шаруашылықтар үлесінде. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтарға тартылған адами ресурстары үшін, сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуде орасан зор әлеует болып табылады.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын тұрақты табыс көзімен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Бұл – бүгінгі таңда барлық деңгейдегі әкімдер алдындағы ең маңызды міндет. Үйлестіру мәселесі облыс әкімінің орынбасары Серік Салауатұлы Қожаниязовқа жүктеледі.
Ағымдағы жылы 500-ден кем емес үй шаруашылықтарынан біріктірілген 16 кооператив құру міндетін алдарыңызға қоямын.
Үшінші. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мәселесінің ақсап тұрған жайы бар. Сондықтан осы бағытқа ерекше назар аударуымыз қажет.
Бұл үшін азық-түлік өндірісіне инвестициялар тартуда және өнімдерін терең өңдеу бойынша зауыттарды құруда барлық күшімізді салуға тиіспіз.
Ауыл шаруашылығы басқармасына, «Байқоңыр» ӘКК-ға ағымдағы жылы Қармақшы ауданында құс фабрикасы құрылысын бастауды тапсырамын.
Ет комбинатын, жылыжайларды, түйе сүтін өндіру, томат пастасын өндіру зауыттарын қашан және қайда енгізу мақсатымен - бір ай мерзімде қайта өңдеу қуаттылықтарын енгізу Жоспары әзірленсін.
Мемлекет басшысы суармалы жерлердің тиімділігін көтеру жөнінде тапсырма берді.
Облыс бойынша 238 мың гектар суармалы жердің 60 мың гектары айналмалы және коллекторлық-кәріздік жүйені пайдаланбайды.
Үш жыл ішінде пайдаланылмаған суармалы жер көлемінің 50 пайызын қалпына келтіруді міндеттеймін.
Облыстық табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдері 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін суармалы жерлерді қалпына келтіру үшін су шаруашылығы объектілерін паспорттап және оларды белгіленген тәртіпте республикалық меншікке берсін.
Төртінші. «Қызылорда-Жезқазған» магистраль¬ды автожолы қайта құрылғаннан кейін Қызылорда қаласы ірі көліктік хабқа айналуға тиіс.
Бұл үшін біз қазірден бастап облыста ірі көліктік логистикалық орталық құрылысымен айналысуымыз қажет. Бұл тек ғана транзиттік тасымалдау көлемін арттыра түсуге емес, сонымен қатар нарықты арзан азық-түлік өнімімен толтыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде өнім берушілер көліктік-логистикалық орталық арқылы өз өнімдерін өткізе алады.
Сондықтан, «Байқоңыр» ӘКК Қызылорда қа¬ласының әкімімен бірлесіп, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы, ауыл шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі, кәсіпкерлік және туризм басқармалары бір ай мерзімде Қызылорда қаласында көлік¬тік логистикалық орталық орналастыруға инвес¬ти¬ция¬лар көздерін табу бойынша ұсыныстарды енгізсін.
Мемлекет Басшысы жаңа Евразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамытуды міндеттеп отыр.
Қызылорда облысы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне орналасқан және ірі транзиттік торап қызметін атқарады. Қызылорда қаласының әуежайы әуе кемелерінің барлық түрін қабылдай алады. Демек, жолаушылар және жүк ағынын дамытудың барлық негізі жасалған.
2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалана отырып, Қызылорда қаласының әуежайын жаңғырту жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз.
Жобаның тұғырнамасы дайындалып, мемле¬кеттік органдардың салалық келісімдері алынған.
Жобаны жүзеге асыруға Қытай, Ресей, Иран және Чехия компаниялары қызығушылық танытуда.
Облыс әкімінің орынбасарлары Е.Г.Ким, С.Ж.Сүлейменов жаңа жолаушылар терми¬налы¬ның құрылысы жобасын жүзеге асыру бойын¬ша инвесторлар тарту үшін алғашқы жарты¬жылдықта конкурс өткізуді қамтамасыз етсін.
Мемлекет басшысы экономиканың толыққанды драйвері ретінде құрылыс секторын одан әрі дамытудың міндетін қойып отыр.
Тиімді тұрғын үй саясатының нәтижесінде алғаш рет 2016 жылы Қызылорда облысында жарты миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. 15 мыңға жуық жер телімдеріне бір жарым мың шақырымға таяу инженерлік жүйелер тартылды. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жөніндегі ауқымды жұмыстар көп жылдардан кейін тұңғыш рет облыс аудандарында да қолға алынды.
2017 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұрлы жер» жаңа тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталды.
Аталған бағдарлама аясында үстіміздегі жылы облыс бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі салымшыларына арналған 1180 пәтерлік кем де¬генде 23 көпқабатты тұрғын үй салу көзделіп отыр.
Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген тұрғындар үшін сатып алу құқығынсыз кем дегенде 140 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысын жүргізу межеленуде.
Кең көлемде тұрғын үй құрылысын дамыту үшін облыс орталығында, сондай-ақ, аудандарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту жұмыстары жалғасатын болады.
Енді жаңа бағдарламаны жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылуы қажет.
Сондықтан тапсырамын:
Облыс әкімінің орынбасары Серік Жүсіпұлы Сүлейменовке:
Сатып алу құқығынсыз жалдамалы үйлер құры¬лысына, инженерлік инфрақұрылым нысандары құрылысына қосымша қаржы бөлу мәселелері бойынша жұмыс жүргізсін.
Бағдарлама бойынша облыс орталығында жеке тұрғын үй құрылысында бірыңғай сәулет стилін қолдануға және (немесе) әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияға үй құрылысын жүргізуге басымдық беріледі.
Осыған байланысты Қызылорда қаласының әкімі «Байқоңыр» ӘКК-мен бірлесіп үй құрылысы комбинаты технологияларын қолдана отырып, жеке үй құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындау бойынша жұмыстар жүргізсін.
Аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдеріне:
- жаппай құрылыс жүргізуге жарамды жер учаскелеріне ревизия жүргізу;
- жаппай жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілетін басым аудандарды бекітілген бас жоспарларға сәйкестендіру және түбегейлі жоспарлау жобаларымен үйлестіру;
- жер учаскелерін дайындау жөнінде алдын ала жұмыстар жүргізіп, бос жер учаскелері туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету;
- бірінші жартыжылдық ішінде сатып алу құқығынсыз жалдамалы үйлер құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын «Нұрлы жер» бағдарламасының және инженерлік комму¬никациялық инфрақұрылым құрылыстары параметрлерімен сәйкестендіріп әзірлесін.
Мемлекет Басшысы өз Жолдауында екінші басымдық ретінде бизнес ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейтуді анықтады. Бизнеске кедергілердің барлық түрлерін азайту бойынша шаралар қабылдау туралы тапсырма беріліп отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстарды біз бастадық – бизнесті қолдау құрылымдары бір жерге топтастырылып, Кәсіпкерлік үйін құрдық. Сол жерде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығын аштық. Бұл бизнес жүргізуді жеңілдету мақсатында қолға алынды.
Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай шағын және орта бизнестің еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесін кем дегенде 50 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету туралы тапсырма қойып отыр.
Соған байланысты облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына:
- үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде рұқсат ету құжаттарын және инженерлік желілердің техникалық шарттарын алудың электрондық механизмін енгізуді;
- өңірлік Кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп, үстіміздегі жылдың 1 сәуіріне дейін кәсіпкерлік саласында мемлекеттік қызметтер алудың мерзімін қысқарту жөнінде орталыққа ұсынуға дайындауды тапсырамын.
Евгений Германович, бұл Сіздің қарауыңызға.
2017 жылдан бастап жемісті еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын дамыту жүзеге асырыла бастады. Ол жұмыссыздарды кәсіби оқыту, жаппай кәсіпкерлікті және еңбек нарығын дамыту арқылы еңбекпен қамтуға ықпал жасау шараларын көздейді. Орталық деңгейде бұл міндетті қайта құрылған Денсаулық сақтау министрлігі шешетін болады. Жергілікті деңгейде бұл – бірінші кезекте аудан және Қызылорда қаласы әкімдерінің, облыстық денсаулық сақтау, еңбекпен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының міндеті. Бұл жұмысқа Қызылорда облысының ұлттық кәсіпкерлер палатасы да тартылуы қажет.
Біздің облыста бүгінгі таңда 16 мыңнан астам жұмыссыздар және 122 мыңға жуық өзін еңбекпен қамтығандар бар екенін ескерсек, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға айрықша назар аудару қажет.
Әсіресе, үстіміздегі жылдың шілдесінен бастап әлеуметтік медициналық сақтандырудың жаңа жүйесі жүзеге асырыла бастайтынын ескерсек, ол айрықша мәнге ие болады.
Жаңа жүйеге сәйкес мемлекет өзін еңбекпен қамтыған азаматтарды әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландырмайды, себебі, өзін-өзі қамтығандар немесе жеке кәсіпкерлердің жарналарды жеке тұлға ретінде өздері төлеуі көзделіп отыр.
Тұрақты табысы жоқ адам салық органдарына кәсіпкер ретінде тіркелуге бармайды. Демек, ол жұмыссыздар қатарын толықтыруы мүмкін, немесе жүйенің қосымша көмегімен қамтылмай қалады. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды бизнеске мейлінше тартуды қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар атқарылуы тиіс.
Сондықтан:
1. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы Рүстемовке міндетті әлеуметтік меди¬циналық сақтандыруды кең көлемде ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын. Бұл жұмысқа аймақтық кәсіпкерлер палатасы да кірісуге міндетті. Жұмыс берушілер өздерінің жауапкершілік деңгейін түсінуі тиіс.
- 15 ақпанға дейін барлық деңгейдегі әкімдерді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша оқытудың іс-шара жоспары бекітілсін.
2. Облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовқа:
Үстіміздегі жылдың 1 наурызына дейін еңбек ресурстары балансын өзектендіруді жүктеймін. Осындай еңбек ресурстары баланстары облыс орталығы мен әрбір ауданда дайындалуы қажет.
Тұрғындардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын қалыптастыру бойынша бір ай мерзім ішінде іс-шаралар кешені дайындалсын.
3. Облыс әкімінің орынбасары Е.Кимге:
Жалпы кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бойынша іс-шаралар кешені қабылдансын.
4. Аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдері:
Аулалар бойынша есептілік жүргізіп, 1 наурызға дейін өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың есеп базасын әзірлесін.
5. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2017 жылы кемінде 9500 тұрақты жұмыс орнын құру жөнінде іс-шаралар қабылдасын.
6. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына:
Салаларды медициналық сақтандыру жүйесіне енгізуге дайындығын қамтамасыз етсін.
Жекешелендіру мәселесі бойынша. 2020 жылға дейінгі жекешелендіруге жататын кәсіпорындар тізбесі айқындалды. Мемлекет басшысы жеке-шелендіруді 2018 жылдың аяғына дейін аяқтауды міндеттеді.
Облыс бойынша 2016 жылы жекешелендіруі жоспар¬ланған 5 нысан жекешелендірілді. Енді 6-ы қалды.
Облыстық қаржы басқармасы, Қызылорда қала¬сының әкімі және «Байқоңыр» ӘКК 2019-2020 жылға жоспарланған нысандардың жеке-шелендіру рәсімдерін 2018 жылдың аяғына дейін жасасын.
2018 жылдың аяғына дейін бірде-бір жекешеленбеген нысан қалмауға тиіс.
Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамыту қажеттілігін атап өтті. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, бұл инвестиция тартудың тиімді құралы болып табылады, сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуда әлеуеті зор.
Елімізде мемлекеттік-жекешелік серіктестік институты ресми түрде тек қана 2015 жылдан бері басталғанымен, білім саласында нақты нәтижелерге одан бұрынырақ қол жеткізілді.
Қалыптасқан экономикалық жағдайға байланысты шектелген бюджет мүмкіншіліктерін ескерсек, мемлекеттік-жекешелік серіктестікті басқа да бағыттар бойынша дамыту қажет.
Біздің ұсынысымыз бойынша заңнамалық деңгейде жобаларды келісу рәсімдері жеңілдетілген, бұл конкурстық рәсімдер өткізуді жедел бастауға мүмкіншілік береді. Бұрын жобаларды әзірлеу толық циклы орта есеппен 370 жұмыс күнін құраған болса, бүгінгі таңда ол 4 есеге қысқарды.
Сонымен қатар, жақын арада министрлік өңірдің мемлекеттік-жеке серіктестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелер лимитін ұлғайту жөніндегі бастамасын 8 млрд. теңгеден 34 млрд. теңгеге дейін қолдауды жоспарлап отыр.
Яғни, оны дамытуға барлық жағдайлар бар. Тек белсенді қимыл қажет.
Бүгінгі таңда бұл жүйе бойынша 22 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба құрылысын іске асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Олар – әлеуметтік, энергетика салалары мен қоғамдық тәртіп жобалары.
Осы жылдың ақпан айында Қызылорда қала¬сының «Тарлан» дене шынықтыру-сауықтыру ке¬шеніне сервистік қызмет көрсету жобасы бойынша, ал, сәуір айында – Қызылорда қаласында ауысымына 400 келушіге арналған емхана ашу жобасы бойынша жеке серіктеспен шартқа қол қоямыз.
Мемлекеттік жеке серіктестік мемлекеттік бюджетке жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретінін ескере отырып, осы бағытты барынша дамытуымыз қажет.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы 2017 жылға арналған бюджетті нақтылау барысында мемлекеттік жеке серіктестік жобаларына жұмсалатын барлық қажетті шығындарды ескерсін;
Облыстық денсаулық сақтау, дене шынық¬тыру және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары бір апта мерзімде осы жобалардың тұжырымдамаларын әзірлеу бойынша барлық қажетті есептемелерді «Қызылорда облысының мемлекеттік-жекеше¬лік серіктестігі өңірлік орталығы» ЖШС-на ұсынсын;
Қызылорда облысының кәсіпкерлер пала¬тасы бір ай мерзімде бұл жобалар бойынша әлеуетті жеке серіктестер Тізілімін қалыптастырсын;
«Байқоңыр» ӘКК» институционалдық нысандағы 1 жобаны іске асыру мүмкіншілігін зерделесін. Мерзімі – 1 наурыз;
Бұл мәселе бойынша жалпы үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Е.Г.Кимге жүктеледі.
Президент қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу жөнінде міндеттер қойды.
Бұл үшін бүгінгі таңда барлық өкілеттіктер ауыл әкімдеріне берілген.
Әкімдер өзінің ағымдағы мәселелерін жергілікті жерде шешуі үшін 2014 жылдан бастап барлық ауылдық әкімдіктерде табыстың 7 көзі бойынша нақтылай бақылау есептері ашылған. Бұлар – сыртқы жарнаманы орнатуға ақы төлеу, мүлікті жалға алу бойынша табыс, жеке және заңды тұлғалардан ерікті жарнасы және әкімшілік айыппұлдар.
2015 жылдан бастап ауылдық деңгейдегі әкімдіктерге тағы 6 салық түрі берілді (жеке табыс салығы, жеке тұлғалардың мүлік салығы, жекелерден жер салығы, жекелердің көлік құралдарының салығы және заңды тұлғалардың жер және көлік салығы).
Соған қарамастан, ауыл әкімдері атқаруға тиісті 7 табыс көзі бойынша нақтылай бақылау есептерінің түсімдеріне талдау жасаған кезде бұл бағытта олардың жеткілікті жұмыс істемейтіні анықталып отыр. Бізде 146 ауылдық және кент әкімдері бар. Үш жылда аталған табыс көзі бойынша бар болғаны 12 млн теңге қаржы түскен!
2018 жылдан бастап 2000-нан астам тұрғыны бар, ал, 2020 жылдан бастап барлық әкімшілік территориялық бірліктерде кент, ауылдық округ әкімдерінің өз бюджеті құрылады. Яғни, бюджет көлемі мен оның мүмкіндіктері ауыл әкімдерінің іс-қимыл қабілетіне байланысты болады.
Облыс әкімінің орынбасары Қ.Д.Ысқақов үстіміздегі жылдың мамыр айына дейін (кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау) өңірлік орталыққа барлық деңгейдегі әкімдер және олардың аппарат қызметкерлері үшін бюджет процесі және коммуналдық меншікті басқару мәселелері бойынша оқыту семинарларын өткізу керек.
Бір ай мерзім ішінде әлеуметтік нысан¬дар мен инженерлік-коммуникациялық инфра¬құры¬лымдардың жобалары мен құрылыстары шығын¬дарын орталықсыздандыру бойынша ұсыныстар енгізілсін.
Одан әрі оларды аудандық және ауылдық деңгейге беру қажет.
Жолдаудың төртінші басымдығы – адами капитал сапасын жақсарту.
Білім беру жаңа экономикалық өсудің орталық буыны болуы тиіс.
Мемлекет басшысының мектепке дейінгі білім беру саласында 3-6 жас аралығындағы бала¬лар¬ды мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді толы-ғымен қамту туралы тапсырмасын біз 2015 жылы мерзімінен бұрын орындадық. Бұған өңірде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамытудың арқасында қол жеткізілді. Бүгінгі таңда облыстағы балабақшалардың 70 пайыздан астамы осы жүйемен жұмыс істейді. Егер де мемлекет 10 жыл ішінде 37 балабақша салып берсе, соңғы үш жылдың өзінде жеке сектор 380-нен артық бала¬бақша ашты. Қызылорда облысының жағымды тәжіри-бесін Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өтті.
Аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдеріне енді бұл жұмысты 3 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды ұлғайту бойынша жалғастыруды тапсырамын. Бүгінгі күні балалардың бұл санатын қамту біздің облыста бар болғаны 5,5 пайызды құрайды (республика бойынша – 16 пайыз).
Мемлекет басшысы білім беру жүйесінің ролін өзгерту туралы тапсырма қойып отыр. Білікті педагогтардың тапшылығын ескере отырып, Президент ағылшын тілін кезен-кезеңімен енгізуге тиісті ұсыныстар беруді тапсырды.
Бұл жұмыстар бізде жүргізілуде. Біз Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін орта мектептерде тарату туралы, KATEV және М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжбен ағылшын тілін оқытатын мамандар дайындау туралы меморандумға отырдық. Біз осы тәжірибелерді таратуда «магнитті мектептерге» айналатын 46 инновациялық мектептерді құрдық. Үстіміздегі жылы біз 45 физика кабинетін, 80 робототехника кабинетін, компьютерлер, парталар алуға 400 млн теңгеден астам қаржы қарастырып отырмыз. 2018 жылдың өзінде 75 мұғалім биологияны, химияны, физиканы және информатиканы ағылшын тілінде бере бастайды.
Облыс әкімінің орынбасары Р.Р.Рүстемовке, Қызылорда облысының білім басқармасына білім берудің жаңа жүйесіне көшуде 2017 жылдан бастап екінші, бесінші, жетінші сынып оқушыларын жаңа мазмұнды оқулықтармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бізде олар 46 мыңнан астам адамды құрайды.
Аудандар мен Қызылорда қаласы әкімдеріне екі айдың ішінде оқулықтар алуға қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2017 жылдың қыркүйегінен бастап, тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске қосылады.
Облыстық білім, облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп нарық сұранысын ескере отырып, кем дегенде 1500 мектеп бітірушілер қатарынан тегін техникалық және кәсіби білімі бар кадрларды дайындауды тапсырамын. Бұл жобаға 2017 жылы кем дегенде 1300 адамды – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды неғұрлым молынан тарту қажет.
Біздің облыста құрылатын жаңа өндірістерді ескере отырып, экономиканың перспективалы секторлары үшін кадрлар дайындаудың басым бағыты айқындалуы қажет. Бұл жағдайда еңбек ресурсы баланстарын ескеру керек.
Бесінші басымдық институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты болып отыр.
Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.
«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің» дегендей, қазіргі кезде белең алған жат ағымдардың жолын кесу – баршамыздың басты міндетіміз.
Облыстық ішкі саясат басқармасы, аудандар мен Қызылорда қаласының әкімдері:
- діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмыстарын жүргізсін. Бұл жұмыста үкіметтік емес ұйымдар мен діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет;
- қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас сала¬сындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалып-тастыру мақсатында облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктер жанындағы дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмыстарын жандандырсын.
- Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, түзеу мекемелерінде, әсіресе, Қылмыстық кодекстің діни экстремизм және терроризм баптары бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру жұмыстарын ұйымдастырсын.
Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты анықтау мен оның себептерін жою және алдын алу бойынша жұмыстарды күшейту міндетін қойды.
2016 жылы, өкінішке қарай, Қызылорда облысы бойынша сыбайлас құқық бұзушылық 12,4 пайызға артқанын айтуға тура келеді. Мемлекеттік сатып алу саласы жоғары сыбайластық тәуекелдер аймағы болып қалуда.
Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қажетті күрес шаралары – заңдылықты қатаң сақтау, профилактикалық шараларды жүргізу, әлеуметтік желінің, медиа ресурстарды белсенді пайдалану арқылы оны жалпы жұртшылықтың жек көруін қалыптастыру қажет.
Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары:
– мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалардың бұлжытпай орындалуын және бақылауды қамтамасыз етсін;
– сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның салдарын жоюға бағытталған жұмыстарды күшейтуге қосымша шаралар қабылдасын;
– жалпы жұртшылық арасында сыбайлас жемқорлыққа жек көрушілікті қалыптастыруға әлеуметтік желілер мен медиа ресурстарды белсенді және жүйелі пайдалансын.
Жолдауда айқындалған басымдықтар мен мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жүйесін тиімді қалыптастыру мақсатында жергілікті атқарушы органдардың басқару сызбасы мен ішкі құрылымына, облыс әкімі орынбасарларының өзара қызметтік бөлінісіне өзгерістер енгізуді облыс әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Марат Нұрсайынұлы Делмұхановқа тапсырамын.
Әлемде қазіргідей қоғамдық-саяси ахуал күрделі уақытта Елбасының Жолдауында көрсетілген мақсаттарға қол жеткізу үшін халыққа дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізу аса маңызды.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерімен жүргізілген жұмыстардың түпкі нәтижесі әрбір қызылордалыққа Жолдауда айтылған бағыттардың іске асырылатынын сезіндіруі қажет.
Облыстық ішкі саясат басқармасына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен ақпараттандыруды, оның ішінде интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде белсенді жүргізуді тапсырамын.
Құрметті жиынға қатысушылар!
Өмірдің мәні – қоғамға қызмет ету, айналаңа, туған жеріңе жақсылық жасау.
Сондықтан біздің міндетіміз – Тәуелсіз елімізге қызмет ету. Одан асқан мақсат жоқ. Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан елдің ұрпағы ретінде біз Елбасы Жолдауында айқындалған тарихи міндеттерді аса жоғары жауапкершілікпен жүзеге асыруымыз қажет.
Еліміз, Елбасымыз аман болсын!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, ғұмыры мәңгі болсын!