Ертең бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жария етіледі. Бұл туралы ҚР Президенті бүгін отандық телеарналар арқылы арнайы мәлімдеме жасау барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ертең, қаңтардың 31-інде менің халыққа Жолдауым ақпарат құралдарында жарияланады. Мен биылғы Жолдауымда ел дамуына тың қарқын беретін жаңа бағдарды ұсынбақпын. Басты тақырып - «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» деп аталады. Бұл еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналып, бәсекеге қабілеттілігін арта түсуі тиіс. Біз сандық технологияларға негізделген болашағы зор бағыттарға айрықша айрықша мән беретін боламыз. Ал білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау және баспанамен қамтамасыз ету сияқты маңызды салалар қашанда басты назарда қала бермек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.