Жыл он екі ай жасыл жылыжай

Жыл он екі ай жасыл жылыжайҚорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті халықаралық жоба бойынша жылыжай жұмысын жүзеге асырғалы он жылдан асты. Жыл сайын қызанақ, қияр, болгар бұрышымен қоса, түрлі гүлдер өсіріліп, одан жиналған экологиялық таза өнім жоғары оқу  орнының 9 асханасына таратылады.
Озық технологиялармен жабдықталған заманауи жылыжайда студенттер дәріс алып, осы кәсіпті ашуға ниетті азаматтар тәжірибелік жұмыс жүргізеді. Бізбен әңгіме барысында жылыжай меңгерушісі Галина Дямуршаева жыл бойы көкөніске кенелудің құпиясын айтып, өсімдіктерді күтіп-баптау әдісімен бөлісті.
– Жылыжайда көкөніс өнімдерін өндіру бірнеше процестерден өтеді. Айталық, өсімдіктердің тұқымын себу мен өнімдерді іріктеу кезеңінде орасан еңбек керек. Мұнда, өсімдік үшін ағаш үгіндісі мен күріш кебектері пайдаланылады. Жылыжайда өндіретін көкөніс өнімінің сапасы үнемі бақылауда болады. Айта кетейік, қазіргі таңда жылыжай шаруашылығын ашып, жыл бойы экологиялық таза өнімді молынан алу – көптің арманы. Ептілік пен күтімді қажет ететін бұл істі игеріп кету үшін саланы терең зерттеу керек. Сонда ғана мол өнім алуға мүмкіндік туады, – дейді ол.
Санкт-Петербург ауыл шаруашылығы институтының түлегі, білікті маманның айтуынша, алдымен су құрамы таза болуы тиіс. Мұнда өскіндерді жерасты суымен суару үшін ұңғыма қазылған. Сонымен қатар жылыжай ауасының ылғалдылығы қалыпты деңгейде болуы маңызды. Жылыжайдағы ауа реттегіш автоматты құрылғының температура жоғарылап кеткенде – салқындатқышы, төмендеп кеткенде ысытқышы іске қосылады. Тұқым демекші, қызанақ пен қиярдың, болгар бұрышының кез келген тұқымы жылыжайда өсуге қабілетті бола бермейді. Бұл жерге тұқым Мәскеудің Тимирязев академиясынан алынады. Әсіресе, голландық, финляндиялық тұқымдар мен тыңайтқыштардың сапасы жоғары. Тағы бір ерекшелігі, мұнда ауылшаруашылық өндірісіне тиімді технологиялар енгізілген. Экологиялық таза көкөніс өнімдері тамшылап суару арқылы өсіріледі.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.
Қызылорда қаласы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2017 г. 1 861 0