Кеше ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды. Сапар барысында Асқар Мамин Байқоңыр қаласындағы «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінің құрылысын жүзеге асыру жобасының барысымен танысты.
Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы 2004 жылдан бастап жүзеге асырылуда және «Байқоңыр» кешенінде экологиялық таза зымыран тасығыштарды ұшыру мақсатын көздейді. Жоба жүзеге асырылған жағдайда улы отын компоненттерін қолданатын «Протон» зымыран тасығышынан бас тартуға болады деп болжануда. «Бәйтерек» кешенінің құрылысы 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Асқар Мамин «Байқоңыр» кешеніндегі нысандарды қайта өңдеу жөніндегі жұмыстардың атқарылу барысымен, сондай-ақ, «Зенит» және «Протон» зымыран тасығыштарының сынақ корпустарын құрастыру жұмыстарымен танысты.
***
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Байқоңырдан кейін Қызылорда қаласына келіп, облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралады.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары алдымен Тәуел¬сіздіктің 25 жылдығына орай бой көтерген «Нұр Орда» шағын ауданында болып, «Өңірлерді дамыту-2020» мемлекеттік бағдар¬ламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты. Аталған бағдарлама шеңберінде осы ауданда 1020 пәтерлік көпқабатты 20 үй салынып, тұрғындар игіліне берілді. Құрылыс жұмыстары «Бәйтерек Девелопмент» және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесе жүзеге асырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықты баспанамен қамту бағытында әлі де көптеген жұмыс атқарылатынын, бұл мәселе басты назарда екенін жеткізді. Бұған қоса, тұрғындардың жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуі үшін жергілікті билік көмек қолын созуда. Өткен жылдың жаз айынан бастап 6600 қызылордалық жеке үй салу үшін инженерлік инфрақұрылымы тартылған 980 гек¬тар аумақтағы жер телімдерін алуда. Ал Қармақшы ауданы орталығы – Жосалы кентінде өтініш берген 1380 тұрғын инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілген жер телімдеріне ие болды.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин одан кейін Қызылорда қаласының басым бөлігі мен бірнеше ондаған әлеуметтік мекемелерді жылумен қамтамасыз етіп отырған «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің жұмысымен танысты. Қаланы қыста жылумен қамтып отырған бұл нысанның қолданысқа берілгеніне жарты ғасырдан асты. Бүгінде мұндағы құрал-жабдықтар мен қондырғылардың 85 пайызы ескіріп, тозығы жеткен. Сондықтан да орталықты қайта жөндеу қажеттігі туындап отыр. Облыстық энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин орталықтың қызметі жөнінде айта келе, жылу көзін қайта жаңғырту мәселесін көтерді.
Нақты кезеңде Сыр еліндегі серпінді жобаларының бірі – Шыны зауытында құрылыс қызу жүріп жатыр. Атшаптырым аумақты алып жатқан ірі кәсіпорын жоспарға сәйкес осы жылдың екінші жартысында қолданысқа берілуі тиіс. Жобаны жүзеге асыру үшін қарастырылған қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» бөлсе, қалған бөлігін инвестор ретінде АҚШ-тың «Steward Engineers» компаниясы мен Қазақстан инвестиция қоры қаржыландырады. Құрылыс жұмыстарын «Orda Glass LTD» ЖШС жүргізуде. Серіктестіктің басқарма төрағасы Дәурен Ибрашев кәсіпорын жыл сайын 197 мың тоннадан астам табақша, энергия үнемдегіш, күннен қорғайтын және көпфункционалды шыны шығарылатынын жеткізді. Қажетті шикізаттың 95 пайызы – жергілікті өнімдер. Оның ішінде Арал ауданының кварц құмы, доламит пен әк тасы кәдеге жарайды. Құрылыс кезінде 500 адам еңбекпен қамтылған болса, нысан іске қосылғаннан кейін 310 адамға тұрақты жұмыс табылады.
А.Мамин сонымен қатар Сырдарияның оң және сол жаға¬лауын жалғап жатқан жаңа көпірде болды. Құрылысына 80 пайыз отандық өнім қолданылған көпір 180 тоннаға дейін жүк көтеруге қауқарлы. Ұзындығы 387 метр болатын 4 жолақты өткел 2014 жылы салына бастап, былтыр пайдалануға берілді. Құрылысын жүргізген мердігер мекеме 5 жыл кепілдік міндетін атқарады. 9 тіреуішті көпірдің ғұмыры кемінде бір ғасырға жетуі тиіс.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Бәйімбетов мәртебелі мейманды сол жағалаудағы қала құрылысының жобалық жұмыстарымен таныстырды. Биылдан бастап Сырдарияның осы бетіндегі аумақты кешенді түрде дамытуға, ірі құрылыс нысандарын салуға маңыз беріліп отыр. 1 500 гектардан астам жердегі жаңа қала сәулетінің ұлттық және шығыстық бояуы қанық болады. Онда 11 шағын аудан, индустриалды аймақ пен 3 саябақ, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүруіне қажетті әлеуметтік нысандар, бизнес орталықтары, сауда орындары бой түзейді. Оның арасында 46 балабақша, 23 мектеп, студенттер қалашығы, көпсалалы 2 аурухана, қарттарға арналған пансионат, тағы басқа әлеуметтік нысандар бар. Сол жағалау аумағында болашақта жүз мыңға жуық адам тұрады.
Сыр еліндегі бас шаһардың даму барысымен танысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын оң бағалады.
***
Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин Сыр еліне жұмыс сапарының қорытынды мәжілісінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық және Байқоңыр қаласын дамытудың көкейкесті мәселелері талқыға салынды. Асқар Ұзақбайұлы өз сөзінде өңірдің дамуына оң бағасын берді.
– Қызылорда облысы тұрақты түрде дамып келе жатқан аймақтар қатарында. 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыстың жалпы ішкі өнімі 1 триллион теңгеден асты. Өңдеу секторының көлемі 117 млрд теңгеге жетті, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық. Облыста агроөнеркәсіп секторының дамуы жоғары деңгейде. Ауылшаруашылық саласы өнімінің жалпы көлемі 79 млрд теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7 пайызға өскен.
Халықты әлеуметтік тұрғыда қолдауда толымды жетістіктер бар, айталық, өткен жылы 11 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, аймақта «Нұрлы жол» бағдарламасының орындалуы жоғары дәрежеде. Елбасымыз Қызылорда облысының, сондай-ақ, Байқоңыр қаласының дамуына ерекше мән береді. Өткен жылы Байқоңыр қаласының дамуына байланысты маңызды құжаттарға қол қойылды. Осы құжаттардың аясында нақты шаралар жүзеге асатын болады, - деді вице-премьер.
Мәжілісте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ экономикасының дамуына серпін берер ауқымды жобалар мен алда тұрған міндеттерді, күн тәртібіндегі мәселелерді сөз етті. Аймақ басшысы алдымен жыл сайын мұнай өндіру көлемі төмендеп, экономиканың дамуына өз әсерін тигізіп отырғандығын айтты. Сонан соң, өңірдегі өндірістік жобалардың жай-күйіне тоқталды.
– Өңірде келер жылы іске қосылатын құрылыс және цемент өнімдері зауы¬тының, «Баласауысқандық» ванадий кен орнында тау-кен байыту комбинаты, ферроқорытпа зауыттарының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, биыл «Шалқия» кенішінде тау-кен байыту комбинаты мен газтурбиналық электр станциясының құ-рылысы басталады. Биылғы жылы шыны зауытын іске қосуды жоспарлап отыр¬-мыз. Бүгінде қажетті құрылғылардың 90 пайыздан астамы жеткізілді. Алдағы наурыз айында монтаждау жұмыстары басталады, - деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы, сонымен қатар, облыстағы газдандыру аясында атқа¬рылған жұмыстарды саралады. Аймақтағы 3 ауданға газ тарту мәселесі күн тәртібінде тұрғандығына, оны жүзеге асыру тетіктеріне назар аударды.
– Аймақта соңғы үш жылда табиғи көгілдір отынмен қамтылған тұрғындар саны 63 пайызға жетті. Нақтылағанда, Қызылорда қаласы мен 4 аудан орталығы көгілдір отын тұтынып отыр. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласына жеткізілді, ендігі кезекте 3 аудан орталығына (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) газ тарту мәселесі тұр. Бұл аудандарды көгілдір отынмен қамту жобасын «ҚазТрансГаз» АҚ қаржысы арқылы жүзеге асыратын болсақ, тарифтің жоғарылауына әкеліп соғады. Бұл өз кезегінде тұрғындар мен бюджеттік мекемелердің, кәсіпкерлік нысандарына салмақ салады. Сондықтан, құны 11,2 млрд теңгені құрайтын бұл жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыруға қолдау көрсетуді сұраймыз, - деді аймақ басшысы.
Облыстағы түйткілді мәселелердің бірі – электр энергиясына тәуелділік. Яғни, қуат көзін сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Аймақ басшысы бұл мәселені шешуде де қолдау қажеттігін айтты.
– Қызылорда жылу-электр орталығы 1964 жылы пайдалануға берілген, бүгінде негізгі және қосалқы қондырғылары 85 пайызға тозып тұр. Облыстың электр энергиясына сұранысы 135 МВт болса, оның 100 МВт-сын сырттан сатып алып отырмыз. Бұл тығырықтан ЖЭО базасында қуаттылығы 50 МВт-ты құрайтын газтурбиналық энергоблок құрылысын салу арқылы шығуға болады. Жоба құны 17,8 млрд теңгені құрайды. Бюджеттік қаржы тапшылығын ескере отырып, жобаны «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арқылы қаржыландыруға ұсыну¬дамыз. Сондықтан да, аталған Қызылорда жылу электр орталығын модернизациялау жобасын ел Үкіметі мен «Еуропалық даму және қайта құру банкі» арасындағы келісім шеңберінде жүзеге асуына қолдау көрсетілсе, - деді облыс әкімі.
Алаштың анасы атанған өңірде соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Өз үйіне қол жеткізгендер саны жыл сайын артып, көпқабатты әсем үйлер шаһар шырайын кіргізуде. Аймақ басшысы жағымды жаңалықтарды жеткізе отырып, түйткілді тұстарды да тарқатып берді.
– Өткен жылдың өзінде Қызылорда қала¬сында 4000 пәтерді құрайтын 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүр¬гізілді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есеге артық. Нәти¬жесінде соңғы 2 жылда пәтер кезегінде тұрған тұрғындардың 30 пайызы баспаналы болды. Сондай-ақ, жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін жер телімдерін дайындау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылды. Айта кететін жайт, мұндай бағыттағы жұмыстар аудан орталықтарында араға жылдар салып алғаш рет қолға алынды. Біз тұрғын үй бағдарламасының тиімді жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысы мен Үкіметке ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен бірге айта кету керек, өңірде жалдамалы пәтер алуға ықыласты тұрғындар саны әлі де көп. Шамамен 24 мыңдай. Олардың жартысынан көбі әлеуметтік жағдайы төмен топқа жатады. Мұндай жағдай Қазақстанның барлық аймақтарына тән. Соған қарамастан, осы жылдан бастап «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде аймақтарда жалдамалы пәтер қорын құру (сатып алу құқығынсыз) арқылы әр аймаққа бар болғаны 150 пәтер ғана қарастырылған. Кезекте тұрғандардың мәселесін шешу үшін жалдамалы пәтер құрылысына қарастырылатын қаржы көлемін ұлғайту керек деп санаймыз, - деген аймақ басшысы несиеге үй алатындардың көкейкесті мәселесін де сөз етті.
– Тұрғындарды үймен қамтамасыз ету тұрғысында тағы бір мәселе – «Қазақстан тұрғынүй құрылысы жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асатын несиелік тұрғын үй құрылысы. Яғни, тұрғын үй құнын несиелеуде төленетін алғашқы жарна сомасын 15 пайызға төмендету қажет деп есептейміз. Бұл өз кезегінде қолжетімділікті арттырған болар еді. Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жоба тұжырымдамасы бойынша тұрғын үй құрылысын несиелендіру тек қана облигациялар шығару арқылы көзделіп отыр (облыстарға бұл құқық 2016 жылдан бастап берілді). Осы орайда жергілікті атқарушы органдардың қарыз лимитін анықтау әдістемесіне өзгерістер енгізуді сұраймын. Аталған өзгеріс жеке табыстарының көлемі мен субвенция көлемін анықтаудағы есептерге қатысты. Бұл өзгерістер қарыз лимитін арттырып, облигациялық займдар есебінен қосымша несиелерді «Нұрлы жер» бағдарламасына бағыттап, оны жүзеге асыруға мүмкіндік берер еді, - деді облыс әкімі.
Байқоңыр қаласын дамыту мәселесіне келгенде аймақ басшысы жұлдызды қала-шықтағы мүмкіндіктерді толықтай пайдалану қажеттігіне баса назар аударды.
– Өткен жылдың желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен Мемлекет басшыларының кездесуі аясында тараптардың ұзақмерзімді әріптестік Концепциясы бекітілді. Ғарыш кешенінің әлеуеті тек қана аэроғарыштық саланы ғана емес, қорғаныс өнеркәсібі мен кіші және орта кәсіпкерлікті, ғарыштық туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ғарыш кешенінің қолда бар мүмкіншілігін сараптап және тиісті шараларды қабылдайды деп сенеміз. Мұны бірлескен ғылыми-техникалық комитет аясында жүзеге асыруға болады деп ойлаймыз. Бұл өз кезегінде «Байқоңыр» ғарыш кешенінің одан әрі дамуына, «екінші тынысының» ашылуына септігін тигізері сөзсіз, - деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі Байқоңыр қаласын дамытуға қажетті қаржы көздерін тартуға қатысты өз ойымен бөлісті.
– Байқоңыр қаласының қазіргі даму көрінісіне тоқталсақ. Тараптар қолда бар келісімді құқықтық база шеңберінде жаңа нысандар мен қаладағы қолда бар инфрақұрылымды бірлесіп қаржыландыруға келісті. Бұл мәселені шешу үшін бюджеттік кодекс¬ке өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Сонда ғана, Қызылорда облысына республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттерді Байқоңыр ғарыш айлағын дамытуға бағыттауға мүмкіндік туады. Байқоңыр ғарыш айлағы үшін Ресей тарапынан төленетін қаражат көлемі 115 млн АҚШ долларын құрайды және ол қаржы толықтай республикалық бюджетке түседі. Алайда ғарыш айлағы қызметінің қолайсыз әсерін біздің аймақ тұрғындары сезінуде. Осы жалға алу төлемақысының бір бөлігі Байқоңыр қаласын дамытуға бағытталса, бұл заңдылық деп есептейміз, - деген аймақ басшысы сөзінің соңында Сыр еліне сапарлап келген қонақтарға алғысын жеткізді.
Аймақ басшысының баяндамасынан соң Асқар Ұзақбайұлы көтерілген мәселелерге орай тиісті министрлік өкілдері мен жауапты басшыларды тыңдады. «Бәйтерек» Ұлттық холдингінің төрағасы Ерболат Досаев Қызылорда облысының тұрғын үй құрылысы жөнінен республикада көш басында екендігін айтты. Сондай-ақ, мәжілісте «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысушыларды тасымалдау мәселесі сөз болды. Яғни, қажетті уақытта аптасына 3 мәрте 8-10 вагондық «Қызылорда-Астана» пойызын қатынату жоспарланған. Бұл айына 50 мың адамды алып жүруге мүмкіндік бермек. Ал, қаржы жетіспеушілігі салдарынан әуе тасымалы үшін сұралған субсидия бөлінбейді. Жолаушыларға «Бек Эйр» және «Эйр Астана» әуе компаниялары қызмет көрсететін болады. Мұнда қарастырылып отырған жеңілдік – әуе билетін ерте алатындарға арзан баға ұсынылады. Сондай-ақ, шетелдік туристердің Байқоңыр қаласына келіп-кетуіне де жағдай жасалмақ. Қажет кезде әуе рейстерін ұйымдастыру үшін «Крайний» әуежайымен жасалған келісім бар. Оның реттілігі қалай болатындығын ақпан айында Ереванда Ресей федерациясының көлік министрімен кездесуде нақтылау жоспарланып отыр.
Мәжілісте, сондай-ақ, еліміздің Қар¬жы вице-министрі Берік Шолпан¬құлов, Мұнай газ вице-министрі Мағ¬зұм Мырзағалиев, Ұлттық экономика вице-министрі Айбатыр Жұмағұлов пен Аэроғарыш комитетінің төрағасы Еркін Шаймағамбетовтер сөз сөйледі. Олар облыс әкімінің күн тәртібіне қой¬ған мәселелерін қолдайтынын, тиісті қаржы бөлуге күш салатындарын аңғартты. Нақтылағанда, Мұнай-газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев тарифті көтермеу мақсатында газдандыру жобаларын республикалық бюджет¬тен қаржыландыруды қолдайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, жылу-электр орталығы жобасына қажетті қаржы да шешімін таппақ. Жиында мұнай өнім¬деріне қатысты да мәселелер қаралды. Бүгінгі таңда Үкімет жанармай тапшылығын болдырмау үшін АИ-92 маркалы бензиннің облысқа 8 мың тоннасын бөліп отыр.
Мәжіліс соңында Асқар Ұзақбайұлы Сыр өңірінің даму динамикасында өсім бар екендігіне тағы бір мәрте тоқталып, тұрақты даму жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын жеткізді. Сондай-ақ, айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелердің шешілуіне қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Назерке САНИЯЗОВА,
Нағымжан САУЯЕВ.