Бүгін ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болып, облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай бой көтерген «Нұр Орда» шағын ауданында «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстармен танысты. Бағдарлама шеңберінде жаңа ауданда 1 020 пәтерлік көпқабатты 20 үй салынды. Құрылыс жұмыстары «Бәйтерек Девелопмент» және «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен бірлесе жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халықты баспанамен қамту бағытында әлі де көптеген жұмыс атқарылатынын, бұл мәселе басты назарда екенін жеткізді. Тұрғындардың жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуі үшін жергілікті билік көмек қолын созуда. Өткен жазда 6 600 қызылордалық жеке үй салу үшін инженерлік инфрақұрылымы тартылған 980 гектар аумақтағы жер телімдерін алды. Ал Жосалы кентінде өтініш берген 1 380 қармақшылық инженерлік-инфрақұрылымы жүргізілген жер телімдеріне ие болды.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары одан кейін жылу электр орталығына келді. Қызылорданы жылумен қамтып отырған басты нысан іске қосылғалы жарты ғасырдан асты. Бүгінде құрал-жабдықтарының 85 пайызы ескірді. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Медет Усаин орталықтың қызметі жөнінде айта келе, жылу көзін қайта жаңғырту мәселесін көтерді.
Сыр елінің серпінді жобаларының бірі – шыны зауытында құрылыс қызу жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес атшаптырым аумақты алып жатқан нысан осы жылдың екінші жартысында қолданысқа берілуі тиіс. Жобаны жүзеге асыру үшін қарастырылған қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» бөлсе, қалған бөлігін инвестор ретінде АҚШ-тың «Steward Engineers» компаниясы мен Қазақстан инвестиция қоры қаржыландырады. Құрылыс жұмыстарын «Orda Glass LTD» ЖШС жүргізуде. Серіктестіктің басқарма төрағасы Дәурен Ибрашев іске қосылғасын кәсіпорыннан жыл сайын 197 мың тоннадан астам табақша, энергия үнемдегіш, күннен қорғайтын және көпфункционалды шыны шығарылатынын жеткізді. Қажетті шикізаттың 95 пайызы – жергілікті өнімдер. Оның ішінде Арал ауданының кварц құмы, доламит пен әк тасы кәдеге жарайды. Құрылыс кезінде 500 адам еңбекпен қамтылған болса, нысан іске қосылғаннан кейін 310 адамға тұрақты жұмыс табылмақ.
А.Мамин сонымен қатар Сырдарияның оң және сол жағалауын жалғап жатқан жаңа жаңа көпірге барды. Құрылысына 80 пайыз отандық өнім қолданылған көпір 180 тоннаға дейін жүк көтеруге қауқарлы. Ұзындығы 387 метр болатын 4 жолақты өткел 2014 жылы салына бастап, былтыр пайдалануға берілді. Құрылысын жүргізген мердігер мекеме 5 жыл кепілдік міндетін атқарады. 9 тіреуішті көпірдің ғұмыры кемінде бір ғасырға жетуі тиіс.
Облыстық жолаушылар көлігі көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Бәйімбетов мәртебелі мейманды сол жағалаудағы қала құрылысының жобалық жұмыстарымен таныстырды. Биылдан бастап дарияның осы бетіндегі аумақты кешенді түрде дамытуға, ірі құрылыс нысандарын салуға маңыз беріліп отыр. 1 500 гектардан астам жердегі жаңа қала сәулетінің шығыстық бояуы қанық болады. Онда 11 шағын аудан, индустриалды аймақ пен 3 саябақ, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүруіне қажетті әлеуметтік нысандар, бизнес орталықтары, сауда орындары бой түзейді. Оның арасында 46 балабақша, 23 мектеп, студенттер қалашығы, көпсалалы 2 аурухана, қарттарға арналған пансионат, тағы басқа нысандар бар. Сол жағалау аумағында болашақта жүз мыңға жуық адам тұрады.
Сыр еліндегі бас шаһардың даму барысымен танысқан ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Мамин облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын оң бағалады.
Назерке САНИЯЗОВА.